Бүйректалдың бір перзенті – Әбілфайыз

Абилфайыз"Он сегіз мың ғаламда Алланың ақ жолын ұстаған жиырма төрт мың пайғамбар бар, олардың есімдері өздерінен кейінгі ұрпақтарына қойылмаса, өз ішінде екі рет қайталанбаған екен. Төрткүл дүниені түгел түгендеу қиын шығар, бірақ қазақсыз ел жоғы аян болып отыр ….
Сол жер қайысқан қалың қазақ арасынан Әбілфайыз  деген  есім  Ыдырысовтан  басқа  тірі пендеде  бар  дегенге  бәсім  бар. Жақсы  есім жақсыға  ғана  қойылмайды,  жақсы  болсын  деп  те қойылады…".
Серік Әбірайымұлы,
жазушы.
Мойылды өзенінің  сағасын  бойлай орналасқан  ауылдың бірі – Бүйректал. Бала күнімізде  қариялардың  8-ші ауыл немесе Ақсай деп  айтып отырғандарын  естуші  едік.  Сондықтан болар картада да Ақсай селосы деп белгіленген.
Кім-кімге болса да кіндік қаны тамып туып өскен жері өзінің құт мекені – жерұйығы.  Рас, кезінде Бүйректал тау-тау астығы, табын-табын малы бар, дүйім жұрттың түтінін біріктірген  іргелі ауыл еді. Әйтсе де осы ауылға үлкені де, жасы да оның іргесіндегі "Күркетал" деген тай төбеліндей жері үшін ынтызар.
"Күркетал" бұлақтың бастауы, жағалай өскен көк майса құрақ, жайқалған ақ қайыңдар, балбырап піскен мойыл, алқызыл жидек, саф ауа. Міне, табиғаттың осындай сұлу жерінде, "Күркеталдың"  баурайында  ел сыйлаған,  төтенше жазу-сызудан сауаты бар, ұлы атамыз "қалпе" Қасымның әулетінде үлкен  немересі Әбілфайыз дүниеге келді. 
Қырықыншы  жылдары  соғыстың жалыны шарпымаған шаңырақ жоқтың қасы еді ғой. Қасымның ұлдарында өмір маңдайларынан сипамады. Ыдырыс, Нұғыман, Хамза үш бірдей арыс соғыстан елге оралмады. Арттарында жылап-сықтап жетім- жесірлері қалды. Ендігі кезекте әулеттің бар ауыртпалығы  үйдің кенжесі  Хамиттың иығына жүктелді.
Бала Әбілфайыз кекілі желпілдеп ағасы Хамиттың соңынан еріп жүріп  соқа айдады, тарыны буысты, келіні түйісті. Әкесі Ыдырыстан соғыс айырды, анасы Маржәпия науқастан кетті. Бір отбасынан Әбілфайыздың соңынан ерген үш жасар бауыры Әлім ғана болатын.
Ауыр еңбек, қиын тұрмыс  адамның санасын жасынан ерте есейтеді.  Сауатың болмаса қанша бейнеттенсең де қара жұмыстың  алысқа апармайтынын сезген ағасы Хамит өзінің небары 4 жас болса да үлкендігін білдіріп Әбілфайызды оқуға жіберуге шешім қабылдайды.
Осы шешім Әбілфайыз әкеміздің болашағына үлкен жол ашты, тіптен түбегейлі өзгеріс әкелді деуге де негіз бар. 1947 жылы Қостанай қаласының Жамбыл атындағы қазақ орта мектеп-пансионатын (қазіргі Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат) алтын медальмен бітірді.
Ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ әдебиет пен өнерге құштар еді.  Сол себепті мамандық таңдауда ойланбастан КазГУ-дың филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түсті. Қаражаты бірде бар бірде жоқ, тамағы бірде аш  бірде тоқ студенттік кезеңді басынан  өткізді.  Сөйте жүріп театрдағы жаңа қойылымдарды жібермей қарап, көркемдік әлемінен рухани нәр алуды әдетіне айналдырды. Көпшіл мінезінің арқасында жолдас-жорадан кенде болмады. Солардың бірі ақын Ізтай Мәмбетов бірде осы сенің атыңды қысқаша біреуі-міз  "Әбес", екіншіміз "Алпан" дейміз. Мен түсінген сенің табиғатың басқаша – өр! Адамның аты өзіне лайық болуы ләзім! Ендігі жерде  мен сені "Алтай" деп атаймын дейді. Оның  бұл  ұсынысына  Әбіл-файыз әкеміз – ата-анам  азан  шақырып   қойған есімді өзгерту қиын, әрине. Бірақ мықтап ойланайын. Ал, әзірге өзің осылай атай бер! Құлағым үйрене берсін… деп жауап береді. Осылайша достарының арасында "Алтай" атанды.
Ол таршылық көрген жастық шақта  жоқ  деп жасымады, керісінше жігерленіп алға ұмтылды, оқи жүріп ізденді, еңбектенді, қаламын ұштады. Талаптанғанның арқасында еңбек жолын  1953 жылы  "Қазақстан пионері" (қазіргі "Ұлан") газеті редакциясында әдеби қызметкерден бастап, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып істеді. 1955 жылдан "Лениншіл жас" (қазіргі "Жас алаш") газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. 1961жылы "Қазақстан пионері" газетінде бас редактор, 1965 жылдан бастап 1993 жылға дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде аға оқытушы, доцент, профессор  болды.
Қызмет ете жүріп осы жылдар ішінде публицист-жазушы, педагог Әбілфайыз Ыдырысов қазақ журналистикасының студенттерінде сол кездерде ауадай қажет болған қазірде сұранысқа ие "Газетті безендіру сыры", "Редактор мен корректорға көмекші", "Фототерім", "Полиграфия өндірі-сі","Қазақ журналистикасының тарихы", "Қазақ журналистикасының очеркі"  оқу құралдарын, көптеген ғылыми-зерттеу кітаптарын,   хикаяттар, "Айжанның ғашығы", "Аңсаған менің әнімсің", "Ақсүйек", "Кер бұзаудың өлімі" повестерін, "Әуезовке – іңкәрлік, "Біртуарлар болмысы"  эсселер жинақтарын, "Таңшолпан" роман-хикаясын жазып жарыққа шығарды.
Балалық шақтың кермек дәмі, қалтарысы мен бұрылысы көп  өмірдің талай белестері сағымдай  желіп кейінге жылыстай берді. Кемелденген жасқа жетті. Заря анамыз екеуі өрімдей қыз бен ұл тәрбиелеп өсірді. Серттеріне берік, достарына адал болды. Отбасында қазақы қонақжай дәстүрді сақтады. Ол жеттім, жетілдім деп  ешқашан төсін керіп, кеудесін соқпады. Қарапайым, кісілік кейпімен-ақ  дос-жарандарының, шәкірттерінің құрметіне  бөленді.
Алайда күтпеген жерде тағдыр оны тағы да сынға салды. 1993 жыл 63 жасқа келген шағында қан қысымы шамадан тыс көтеріліп инсульт алды. Ол күн бәріміз үшін ашық күнде аспаннан жай түскенмен бірдей болды.  Әбілфайыз әкеміз ол күн жайында "Неге душар болғанымды білмеймін… Қашан құладым?! Неге құладым?! Қалай құладым?! Мұның бірі де есте жоқ. Тек еміс-еміс есте қалған елес: басымның зыңқ еткені. Біреудің қарақұстан ұрып жібергендей болғаны… Сол жақ денемнің әлсіреп тұтас ұйып бара жатқаны. Одан арғысы маған беймәлім…
Түн. Түнгі ұйқы…. Ең мезі етіп біткен кез осылардың арасы, соларды өткізу болды…. "Бұйрық бойынша" жатқанмен көпке дейін ұйықтай алмаймын. Саушылық шақ еске оралады. Небір ой торлайды… "Дос-жарандар қайда кетті?… Неге хабарласпайды? Өкпелі ме? … Неге?!" – Осындай сұрақтар бір жағынан анталайды. "Мүгедекпін…. Кімге керекпін…. Енді мені не қылсын?.." деген ойлар бойымды билеген кездер де болды деп есіне алады. 
Сол жылы Заря анамыз екеуі қаншама ұйқысыз түндерді, күлкісіз күндерді бастарынан өткерді. Заря анамыз "Алтайын" дүниеге жаңа туған сәбидей ерекше күтіп, мәпеледі. 
Өмірге деген құштарлық, жан-жарына деген мәңгілік іңкәрлік  оның  тіршіліктен үмітін үзіп, теріс айналуына жол бермеді. Керісінше  "Қаламгерлік қасиетің бар … Қане, қолыңа қалам ал!" деп өзін-өзі іштей қайрап көндіріп, тағы да жазу столына отырды.
Алғашқы жолдарын "Ол маған бар асылын сыйлады. Керемет сұлулығын қиды. Ғажап әнін тәрк етті. Өз ғұмырын арнады. Отбасыма алтын босаға боп бекіді. Бақыттың, барлықтың қазынасы боп кірді. Ырыздығымның молдығымның байлығын тасытты. Мақтан тұтар – ұл, көзге көрік – қыз әкелді дүниеге. Балдай тәтті немерелер өрбітті маңайыма…Бағымды, сағымды көтерді. Мерей, беделімді өсірді. Асқақ етті. Шамама лайық аспандатты. Адамдық адал қасиетімді тәрбиелеуге тырысты. Парасатымды биік-тетуге күш салды. Жамандығымды жасырды. Жақсылығымды асырды.  Жаным  бай адам болуыма барын салды. Көңіліме гүл екті, көктем етті. Жүрегіме нұр екті, өктем етті. Қатарымнан қалмауға сүйреді. Алға жетеледі. Қателессем, қатемді көр-сетті. Адассам, алдыма жарық шашты. Дұрыс жолдың есігін ашты. Шаршағанда – бел, жасығанда – ер болды" деп бастап, бар сыры мен шындығын жәмиғатқа бүкпесіз жайып сал-ған  "Таңшолпан"  роман-хикаясын жазды. Бұл Әбілфайыз әкеміздің ән салудың не екенін білмеген өзіне "әу" деуді үйреткен, "Қыз Жібек пен Төлегеннің" ариясын орындатып отырыстың көркін келтірткен, өмірлік құштар жан-жары Заря Мәликаждарқызына көзі тірісінде жасаған үлкен сыйы, естелік ескерткіші еді.
Жазушы-журналист, педагог, тарих ғылым кандидаты, профессор Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының К.Қазыбаев атындағы сыйлығының лауреаты  Әбіл-файыз Ыдырыс ұлы бұл күнде 85 жаста. Осы жасқа жеткенше Әбілфайыз Ыдырыс ұлы талай асулардан өтті, қаншама белестерді бағындырды, енді міне әулетіміздің абыз қариясы атанды.
Әлі де ойы жүйрік, қаламы ұшқыр, сөзі ширақ.  Әкеміз көңілін сұрап келгендерге "мен үлкен-кішілі ұл-қыздарымның Зарямның тірі кезіндегіден де асқан қамқорлығына бөленіп жатқан "аса күтімді ерке сал шалмын" деп әзілдейді.  Лайым осы-көңіл күйінен айрылмағай!
Жанат Әлімқызы.
Қостанай қаласы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓