Мұрағат сыр шертеді
Сарғайған газет беттерінен
1.Тылда да майданнан кем болмаған
"Батыр Сұлтан" атты повесті жазарда Москваға іссапарға барғанмын. Сол жолы бірнеше мұрағатқа бас сұқтым. Мақсатым – Кеңес Одағының батыры Сұлтан Баймағамбетовтың ерлігі туралы материал жинау.
Мұрағатта бірнеше күн жұмыс істедім. Жерлесім, рулас туысым Сұлтан Біржанұлының ерлігі жайлы соғыс кезінде баспасөзде жарияланған шағын мақалаларды іздеп, тауып алдым. Осынау тәжірибе бойынша Қостанайдағы мұрағатта жұмыс істеуге бел байладым.
Қостанай облыстық мемлекеттік мұрағатында ардагер журналист Қасымхан Алдабергенұлының көзінің майын тауысып, тамаша естеліктер тапқаны есімде. Қасымхан ағаның материалдарынан басқа құнды дүниелер іздеуге тырыс-тым. "Қостанай таңы" газетінің 85 жылдығына арналып, "Шапақ" баспасында "Сексеннің сеңгірі" атты көлемді кітап басылды. Кітапта жоғарыда есімі аталған Қасекеңнің мұрағаттан жинастырған материалдары толық күйінде қамтылды.
Біздің оқырмандарға таныс мақалаларды қайталамауға тырыстым. Алғашқы саны "Ауыл" аталып, 1922 жылы жарық көрген газет 1936 жылдың 26 қазанында (бірінші саны) "Большевиктік жол " атауына ие болды. Газет латын әріптері-мен басылыпты. Латын әріптерінде бұрын ештеңе оқымағандықтан Ұлы Отан соғысына дейінгі сандарға назар аудармадым.
Қолыма 1941 жылғы газет тігіндісі тиді. Мақалалар бүгінгі әріптермен жариялан-ған. Соларды оқи алатыныма қуанып, әрбір бетін парақтадым. Кең көлемді, төрт беттік бір газетке шамамен төрт мың жолдай материал басылады.
Міне, "Большевиктік жол" газетінің 1941 жылдың 25 қыркүйегіндегі (сентябрь) 226-шы нөмірін қолыма алдым. Материалдардың дені майдандағы және тылдағы өмір туралы. Тылдағылардың ұраны – май-данға жылы киімдер әзірлеу жайлы .
Ж.Мақамбетовтың бірінші беттегі "Жауынгерлерден аярымыз жоқ" делінген шағын мақаласын оқыдым. Мұнда Семио-зер ауданындағы "Ноғайкөл" колхозы еңбеккерлерінің же-ңіске құштарлығы баяндалады. Автор ұжым мүшелері майдандағы жауынгерлерге жылы киімдер жинағанын мақтанышпен жария еткен.
Колхозда қолына қалам алып, жергілікті жерден ақпарат бергендер осы Ноғайкөл ауылында көп болыпты. Солардың бірі – орталау мектептің директоры Қошан Әлімбаев. Автор колхозшылардың уақытпен санаспай, жанқиярлықпен еңбек еткенін тілге тиек етеді.
"Дала бригадасындағы сауық кеші" мақаласын Омар Таспаев жазған. Таспаев "Қарақамыс" (Пресногорьков) колхозындағы орталау мектептің оқушылары мен комсомол жастар бірігіп, "Жарыс" пьесасын ашық аспан астындағы сахнада қойғанын хабарлапты.
Белгілі ақын Омар Шипин (236 санда) Обаған ауданында майданға жылы киімдер қалай әзірлегенін мәлімдеген.
Қазақстан К(б) П Орталық Комитетінің секретары Ж.Шаяхметов Алматы қалалық партия комитетінің акти-вінде баяндама жасаған. Газеттің 1941 жылғы алтыншы октябріндегі санында оның "Майданның резервтерін со-ғыстағыша дайындайық" тақырыбымен бір беттік баяндамасы суретімен берілген. Оқырмандар игі істердің мән-жайын осындай материалдар арқылы біліп отырған.
25 октябрьде газеттің бірінші бетіндегі "Неміс халқына және неміс армиясына" тақырыбымен жарияланған Германия Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің үндеуінің мәні зор болған. Онда гитлершілдердің басқыншылығына наразылық анық байқалады.
Газет бетінен тылдағы және майдандағы тыныс-тіршілік-тер жайлы ғана хабарлар табылып қоймайды. Әдебиет және мәдениет тақырыптарына да орын берілген. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың "Москваға" атты поэмасы басылған. Шағын поэма газеттің 259 санында, 2 ноябрь, жексенбі күні, төрт бағанаға жарияланған.
Керемет таң қаларлық оқиға туралы мақалаға тоқталайын. Неміс-фашистері әскеріндегі кейбір жауынгерлердің Кеңес Одағына басқыншылықпен басып кірушілерге қарсы болғанын "Мен енді соғыса алман" мақаласынан байқадым. Автор Костин бір неміс жауынгері жазған хат мазмұнын жариялаған. Жауынгер әділетсіз соғысқа наразы болыпты.
Тылдағылар тойып тамақ ішпесе де мемлекет мүлкін қызғыштай қорғағаны тарихтан белгілі. Қарабалық ауданындағы "Жарсор" колхозы председателінің орынбасары, әрі охран бастығы Иван Мотов сондай жан. Ат арбаға жарты кез бойы сұлыны тиеп, келе жатқан қарияны Иван далада ұстап алады.
Мұны қылмыс сияқты істің бірі санаған Мотов арбашыға тиіседі. Арбакеш қария атты шалдыруды мақсат еткенін айтып ақталады. Сол кезде Иван ептеп жібиді. "Ат шалдырғың келсе, бірер дорба жемді былай да беруге болады" дейді.
Шаруашылықтарда техника атауы санаулы-ақ. Тасымал көлігіне жылқылар, өгіздер жегілген. Мотов қарияның арбаға жегілген аты шаршап, шалдықпауын ойластырған. Сөйтіп, тиісінше жем алуға рұқсат еткен.
Міне, Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кезде жарық көрген "Большевиктік жол" газетінің кейбір материалдары осындай болған.
Ермекбай
Хасенов