Күнбағыс майын ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ

Изображение 2 126Қазіргі таңда  дүкен сөрелерінде  күнбағыс майының түр-түрі бар. Таңдау – өз еркімізде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, Қостанай өңірінде күнбағыс дақылы тұтынушылар сұранысынан екі есе артық өсірілгенімен, оны өңдейтін кәсіпорындар тапшы екен. Облысымызда майлы дақылдарды өңдейтін 9 шағын өнеркәсіп орны бар. Алайда, осы күнбағысты өсіріп қана қоймай, оны өңдеуді  қолға алып, одан май шығарып жатқан зауыт бар екен. Ол – Федоров ауданындағы "Безбабный В.И." шаруа қожалығы.   Жақында аталмыш ауданға барған іс-сапарымызда  зауытқа арнайы бас сұқтық.  Бізді қожалық иесі  Валерий  Иванович  Безбабный қарсы алып,  зауыттың жұмыс процесімен жан-жақты таныстырды.
Валерий Ивановичтен зауытты қалай ашқаны туралы әңгімелеп беруін өтіндік.
– Әлбетте! Оның ещқандай құпиясы жоқ. Тәжірибемді бөлісуге әзірмін. Бұдан 5 жыл бұрын мен де, өзге диқандар да  майлы дақылдарды мол егіп,  алқаптан жақсы өнім алдық. Бірақ, өнімнің бағасы төмен болды. Содан басыма  мынандай бір ой келді: "Мен неге мол өнім жинап, оны арзан бағамен сатамын? Күнбағыс майын шығаратын зауытты өзім неге  ашпаймын?" деген. Мұның үстіне ол кезде өсімдік майларының әлемдік тұтыну деңгейі мен көлемі  өсіп, сұранысқа ие болып тұрған. Ал Қазақстанның ауылшаруашылық саласы импорт бойынша олардан кенже  қалып келе жатқанын бағамдағанымда, бұл ойым қисынды болып көрінді. Күнбағыстың рентабельділігі сол кездің өзінде бидайға қарағанда 2,5 есе жоғары болатын. Содан тәуекел етіп, іске кірісіп кеттім. Зауытты өз қолыммен құрдым. Қандай да бір  істі бастау үшін алдымен мықты жоба-жоспар керек қой. Жақсы жоба өз нәтижесін береді. Мен әуелі жалпы құны 180 миллион теңге тұратын жоба жасадым. Бұл жобаны аудандық билік қолдады. Сол қамқорлықтың арқасында республикамызда  кәсіпкерлікті қолдау мақсатында ашылған «Даму» қорының  «Даму-аймақ»  бағдарламасы негізінде  мемлекеттен  100 млн. теңге қаражат алдым. Қалған қаржыны өзім көтеріп, зауытты аштым. Нәтижесінде жұмысымыз алға басып, өздеріңіз көріп тұрғандай,  май шығарып жатырмыз. Әрине, қиындықтар болды. Оларды адал еңбекпен жеңдік. Бүгінде зауытымыз облыс бойынша өсімдік майына  қажетті сұраныстың 10% қамтамасыз етеуде. Қазір  мұнда  10 адам тұрақты  жұмыс істейді, – деді зауыт директоры.
Оның бұл әңгімесінен кейін сыртқа шықтық. Зауыт ауласында күнбағыс дәні тиелген КамАЗ-дар легі сап түзеп тұр екен. Шаруа қожалығы былтырғы жылы егілген майлы дақылдарды  дер уақытында жинап алыпты. Бірақ, егіннің ылғалдылығы мол болғандықтан, шемішкені ашық аспан астында кептірмек болып төгіп тастаған.
Күнбағыстан алынған май тамаққа қолданылады. Алайда, күнбағыстың пайдалы жағы тек мұнымен шектелмейді. Одан май алынғаннан кейін басқа да  өнім шығаруға мүмкіндік бар. Май алынғаннан кейін күнбағыстан қалған күнжара (майы алынып, сөлінен айрылып қалған шемішке дәнегі  – А.М.) жем ретінде төрт түлік малға беріледі.  Күнжараның құрамында – 38 пайыз ақуыз, 22 пайыз – көмірсу болады.  Күнбағыстың сабағы да пайдалы. Оны ұстақтап турап, шошқаға беруге болады. Яғни күнбағыс – қалдықсыз өнім. Сондықтан болар, зауыттың айналасы тап-таза, еш  қалдық  қалып экологияны ластап жатқан жоқ. Қалдықтың бәрін үстіде біз атап өткендей үлгіртеді екен.
Негізінен күнбағыс – өнімді мол беретін дақыл. Оның әр гектарынан 400-500 центнер шамасында балауса азық дайындауға да мүмкіндік бар. Жалпы бұл дақылдың өмірімізде қажетті тұстары көп. Атап айтқанда: сары желегі денсаулық сақтау саласында пайдаланылады. Күлін де кәдеге жарата аласың, онда 40 пайызға жуық калий тотығы кездеседі. Ал Валерий Иванович мұны жақсы біледі.
Күнбағыс дәні арнайы құрылғыда әбден  кептірілген соң, зауыттың май сығатын қондырғысына барып құйылады. Одан әрі  май шығару процессі басталады…
Зауытта бар-жоғы 10 адам жұмыс істесе, әйелдер жағы күндізгі аусымда еңбек етеді екен. Біз зауытқа барғанымызда  оператор Саид Доскинді ғана кездестіріп, оны әңгімеге тарттық.
– Зауытта шемішке сығатын «КЭК-500», «КЭК-100»  маркалы қондырғылар  бар. Бұл қондырғылар Германияда жасалған. Бұларда әзірленген шемішке майы келесі кезекте тазартқыш қондырғыға барып құйылады. Біз бұлардың жұмысын компьютермен бақылаймыз және нұсқау береміз. Компьютер сенсорлық экранмен де жұмыс істейді, алайда жұмыс барысында қолың май болады, сондықтан тінтуірмен жұмыс істеймін,- дейді жас маман Саид ағынан  жарылып.
Өңдеуден өткен май келесі кезекте құбыр арқылы құю бөліміне барады да, оны қыз-келіншектер арнайы пластмасс бөтелкелерге құйып, тиісті сауда орындарына жібереді. Майдың аты – "Федоровский дар" деп аталады. Тазартылмаған шемішке майы  1 литрлік және 5 литрлік пластмасс бөтелкелерге құйылады. Пластмасс бөтелкелер мен оның қақпақтарын  Семей фирмасынан,  ал оны   салатын қағаз жәшіктерді Астанадан тапсырыспен  алдырады екен.
Зауыт май өндіруді одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Ол еуропалық соңғы технологияның жаңа үлгісі  бойынша тазартылған күнбағыс және рапс майын шығарады. Бөтелкеге құйылып, салқындатылған майда барлық қоректік заттар мен микроэлементтер сақталған.
Изображение 2 135– Неліктен Еуропада демогра- фиялық мәселелер жиі туындайды деп ойлайсыз? Себебі олар дұрыс тамақтанбайды. Әбден қорегі кеткен, неше түрлі сүзгіден өткен,  тазартылып, жылтыраған майды пайдаланады. Немістер тазартылмаған майды "Виагра" деп атайды,– деп түсіндірді Валерий Иванович.
Оның «Виагра» деп отырғаны қазіргі таңда еркектерді белсіздіктен құтқаратын  медицинадағы  гормональды  препараттардың  бірі. Әлемге танымал болған «Виагра» дәрісі  тазартылмаған сұйық майға химиялық қоспалар қосу арқылы жасалады.  Сондықтан тазартылмаған сұйық майды күнделікті асханада жиі тұтынса қоғамда жиілеген белсіздік пен бедеуліктің алдын-алуға болады.
– Шынында да, еуропалық диетология тазартылмаған "суық процестен" алынған  шемішке майы ерлердің потенциалын арттыратынын дәлелдеген. Тазартылмаған май пайдалы биологиялық белсенді заттар мен дәрумендерге толы. Мысалы, А дәруменіндегі E1 (токоферол) ерлердегі белсіздіктің алдын алуға көмектеседі.  Аталмыш дәрумен  әйелдер үшін де  пайдалы. Бұл қалыпты жүктілік және ұрықтың дамуына ықпал етеді,–деді тағы бір орайда Валерий Иванович.
Зауыт адамдарды жасартатын әсері бар зығыр майын өндіруді де қолға алғалы отыр. Себебі, зығыр майы "тірі өнім" болып табылады. Орталық Азияда үлкен сұранысқа ие болған бұл майды нанның қамырына қосса,  нанның дәмі тіл үйіртеді екен. Ал осы маймен күріш пісірсеңіз керемет иіс береді және күріштің түсі сары түске қанығады.
Валерий Безбабный басқаратын зауыт жыл сайын 2000 гектар алқапқа майлы дақылдар егеді. Зауытта күніне  12 тонна күнбағыс дәні өнделеді. Одан 4 тонна таза сұйық май, 8 тонна таза сығынды дайындалады. Бір айда 120 000 литр май өндіріледі. Ал жылына 850 тонна май шығарылады. Шығарылған "Федоровский дар"  шемішке майы – тек облыста ғана емес, Қазақстанның өзі ішіне шығарылады және 10 пайызы  Ресей мен  Өзбекстанға экспортталады.
Валерий Безбабный мырза осылайша  шағын және орта бизнестің алдында тұрған бюрократиялық қаржы  және маркетингтік қиындықтарға қарамастан экономикалық табысқа  жетудің жергілікті моделін жасап шықты. Оның  зауытының игілігін  еліміз молынан көріп отыр. Бұл жетістіктер кәсіпкердің облыс шеңберінде қалып қоймай, республика көлемінде танымал бола бастағанын көрсетеді. Демек, оның  қол жеткізген табыстары облысымыздың жас кәсіпкерлеріне әдемі үлгі-өнеге. Ал өнегені алыстан іздемей-ақ, осы Валерий Иванович секілді  іскер кәсіпкерлерден алған абзал ғой.
Ақнұр
МҰСАБАЕВА
Суреттерде: Шемішке майын шығаратын "Федоровский дар" зауытының тыныс-тіршілігінен көріністер.
Суреттерді түсірген: Айбек ЖҮЗБАЙ.
Федоров ауданы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓