Жақсының аты өлмейді

Қаратай Сәрсенбаев  туралы сөз
"Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын, жаманның жамандығын айт құты қашсын" дейді дана халқымыз. Көзі тірісінде талай жақсылық жасап, өз ортасына сыйлы болған азамат Қаратай Сәрсенбаев туралы сөз етуді жөн көрдім. Ол кісіні танып білгеніме 58 жылдан асыпты. Жас кезінен жайдары жүретін, жүзі нұрға толы, мінезге бай жан еді.  Әлі есімде, Меңді-қара ауданындағы Ұзынағаш ауылында 10-сыныпта оқып жүрген кезім.  Сол уақытта мен Ұлы Отан соғысынан капитан шеніндегі офицер әскери атағымен оралған жездем Жағыпар Ағытаев пен атам Ахметтің інісі Мақыштың қызы Кәкен апамның үйінде жатып оқыдым. Қаратай ағамыз Жағыпар жездеммен өте жақын туыс. Мен уақыт тауып ағамыздың әкесі Есқара атамыз-ға, марқұм Мыңжасар ағамызға барып сәлем беріп тұратынмын.
Қаратай ағамыз елуінші жылдардың аяқ кезінде әскери-теңіз флотынан елге оралып, Жағыпар жездеме сәлем беруге келді. Сол сәтте Қаратай ағамызбен алғаш танысқан едім. Бір көргенде-ақ өзіне еріксіз тартып тұратын ағамыз маған қатты ұнады. Сол күннен бастап ағамен жиі кездесіп тұратын болдым.
Қаратай ағай Қостанай мемлекеттік университетін тәмамдаған соң Семиозер (қазіргі Әулие-көл) ауданына жолдамамен мұғалімдік қызметке келді. Өз ісіне жауапты жас маман аудандық білім бөліміне инспекторлық қызметке алынды. Бір жылдан соң аудандық партия комитеті білім саласымен айналысатын нұсқаушылық қызметке тағайындалды. Міне, сол жұмыста жүргенде Қаратай ағамыз менің Семиозер ауданына келуіме себепші болды.
1964 жылы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған ұл-қыздарды Тор-ғай, Аманкелді аудандарындағы мектептерге жолдамамен жұ-мысқа жіберді. Осы топта мен де бармын.  Сол уақыттары жіберген жерге барудан бас тартуға болмайды. Себебі бағыттаған жерде бір жыл жұмыс істеген соң ғана диплом береді. Қатаң тәртіпке бағынбасқа амал жоқ. Сөйтіп, мен Аманкелді ауданының Амантоғай сегізжылдық мектебінде мұғалімдік қызметке кірісіп кеттім. Екі жарым айдан соң мені әскерге алып кетті. Тоғыз айдан кейін әскерден оралып, үйдегілер туған-туыстың басын қосып құрмалдық берді. Туған жерде жұмыс таппай жүргенімде Семиозер ауданындағы Қаратай ағамыз есіме түсті. Ағай мән-жайға қанық болған соң Сұлукөл орта мектебінің директоры Хохлова Зоря Ахметовнаға телефон соғып, мен жайлы жақсы лебіз білдірді. Зоря апай адамгершілігі мол, парасатты жан екен. Мені құшақ жая қарсы алып, орыс тілі, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәндерінен сабақ бөліп беріп, қосымша көркемөнерпаздар үйірмесін ұсынды. Қаратай ағамыздың қамқорлығымен абыройлы мектепке жұмысқа орналастым.
Сұлукөл мен үшін құтты мекенге айналды. Бір жылдан соң аталған мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалдым. Сол жылдың аяғында Нұржамал екеуміз отбасын құрдық, жаңа пәтерге көштік.
Қаратай ағай және Күләш жеңгемізбен сыйластық байланысымыз үзілген емес. 1972 жылы Алматы қаласындағы Жоғары партия мектебін бітіріп келген соң облыстық партия комитеті мені алыстағы Қамысты аудандық партия комитетіне қызметке жіберді.  Араға жеті жарым жыл салып Семиозерға қызмет бабымен қайтып оралдым. Қаратай ағамыздың үйімен қа-бырғалас үйден пәтер тиді. Сол күннен бастап Қаратай ағай мен Күләш жеңгемізбен жеті жыл бойы тату көрші болдық. Ағай мен жеңгейдің балалары көз алдымызда өсті. Талай қуаныштарда бірге болдық. 
Көрші болып тұрған жылдары Қаратай ағайдың өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтынына тағы бір мәрте куә болдым. Ағай ел ұйқыға жатар алдында міндетті түрде интернатқа барып, сондағы балаларды бір шолып қайтатын. Оның мәнісін сұрағанымда: "Интернатта оқи-тын ауылдың балалары ғой. Оларды ата-аналары бізге сеніп жіберіп отыр. Сондықтан оқушылардың амандығын өз көзіммен көріп, тәртіптерін бақылау менің міндетім. Балалардың жағдайы жақсы екендігін бір көріп қайтпасам түнде тыныш ұйықтай алмаймын" деп жауап берген еді. Міне, өзі ісіне деген адалдық деп осыны айтыңыз. Ағай әділдігі мен талапшылдығының арқасында Ш.Уәлиханов атындағы мектепті 35 жыл басқарып, сол жерден зейнеткерлікке шықты. "КСРО-ның оқу үздігі" марапатын алуы да қажырлы еңбегінің арқасы.
Ертеде бір данышпан "Адамзат баласының үш досы болады. Солардың бірі: бұл дүниеде жасаған жақсылығың, істеген қайырымды істерің, қалдырған сөздерің. Олар сен туралы ұдайы сөйлеп тұрады" деген екен. Осы тұжырым Қаратай ағамызға арнап айтылғандай.
Құттыбай АХМЕТОВ.
Астана қаласы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓