Шарапат болған марапат
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Зекет және қайырымдылық» қорының Қостанай облысы бойынша өкілдігі көп балалы және көмекке мұқтаж отбасыларға жәрдемдесу жағынан аз істер атқарып жатқан жоқ.
Тек биылғы жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында облысымыз бойынша 600-ге жуық шара ұйымдастырылып, 62100-ден астам отбасыға 134 миллионға жуық теңгенің көмегі көрсетілді.
Өңірімізге келген сапарына орай ҚМДБ Төрағасы – Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 20 мұқтаж отбасыға 100 мың теңгеден ақшалай сыйлық табыстады.
2019 жылы басталған «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша аймағымызда 17 жанұя баспаналы болып жатыр. Соның бесеуінің кілтін өңіріміздің имамдары Мүфти хазіреттің қолынан алды.
Ал қашаннан аймағымыздағы рухани өмірге жаршы болып келе жатқан жорналшылар қауымы қандай құрметке де лайық. Рухани саланың әрбір жақсылық істерін халыққа таратып отырған тілшілер марапатсыз қалған жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында өңіріміздің 5 қаламгері ҚМДБ Төрағасының атынан сыйақыға ие болды. Марапатталған БАҚ өкілдерінің қатарында газетіміздің фототілшісі Бағдат Ахметбеков пен осы жолдардың авторы да бар.
Сондай-ақ, Бас мүфти облыстық «Аймағанбет қажы» мешітінде «Taza bulaq» медиа орталығының тұсауын кесті. Мұндай бастама ҚМДБ Төрағасының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатыр. Атауы ұлтымыздың ұлағатты ұстазы Ыбырай Алтынсариннің шығармасына негіз болған студиядан діни танымдық, салт-дәстүрді дәріптейтін бағдарламалар көрерменге жол тартпақ. Қазір «Ютуб» видеохостингінде «Taza bulaq» арнасы ашылған.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.