Отбасының берекесі – әйелдің қолында

50 летҒұлама Аристотель: "Отбасы – адамдардың қарым-қатынасының ең бірінші түрі және ол – мемлекеттің бірінші кішігірім бөлімі", – деген екен.
Шынында да, қоғамның ұйытқысы да, алтын арқауы да – отбасы. Отбасы мықты болса, мемлекеттің де еңсесі биік болмақ. Бүгінде отбасы зор құндылық ретінде бағаланып, оған елімізде үлкен мән беріле бастады.
Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен өткен жылы тұңғыш рет "Мерейлі отбасы" Ұлттық байқауы өткені мәлім. Байқау жеңімпаздарын құттықтау сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы: "Әркім де өз шаңырағының берекесін тасытып, мерейін өсіру үшін өмір сүреді. Сөйте тұра, ел ішіндегі ең бір құрметті, ардақты, берекелі әулеттерге деген қызығушылық, сондай болмаққа ұмтылу да адам баласына жат емес", – деген болатын.
Иә, қай елді мекенде болсын, берік те берекелі отбасылар баршылық. Солардың бірі – кеншілер қаласындағы Кәкеновтер әулеті. Отағасы Жақсылық Кәкенұлы мен отанасы Райхан апайдың шаңырақ көтергеніне биыл елу жыл толып отыр. Бір шаңырақтың астында жарты ғасыр бойы жарасымды өмір сүру айтуға ғана оңай.
Отбасы құндылықтарына нұқсан келтіретін неке бұзу, дәстүрден аттау, бала санын шектеу секілді мәселелер күн тәртібінен түспей тұрған қазіргі кезеңде үлгілі отбасын жас ерлі-зайыптыларға өнеге ету, көпшілікке насихаттау маңызды болмақ.
"Үйлену оңай, үй болу қиын" дегенді жиі айтамыз. Ал, осыдан елу жыл бұрынғы, 23 жастағы Жақсылық үшін үйлену ғана емес, үй болып кету де қиынға түспеген секілді. Неге? дейсіз ғой. Қазақта "Жақсы әйел – жігітке біткен бақ, Жақсы жер, жайлы қоныс –  алтын тақ" деген нақыл бар. Жақсылыққа өзі секілді ажарына ақылы сай, жақсы қыз кездесті. Дұрысы, жастарды әпкесі кезіктірді. Жақсылықтан төрт жас үлкендігі бар сүйікті Айткүл апасы ол кезде Аманкелді аудандық газеті редакциясында жұмыс істейтін. Ол осындағы Райхан есімді жас хатшы қызды іштей ұнатып, Жақсылыққа жақсы жар боларына  кәміл сенгеннен соң, бұл ойын інісіне жеткізді. Хабар жетісімен, жас жігіт әріптес досы, мұғалім Біржанмен бірге сонау Шиліден құстай ұшып Аманкелдіге жетеді. Апасының талғамы алдамаған екен. Сұңғақ бойлы, талдырмаш, толқын шашты, қара торы қызға бірден көңілі кетіп, жездесі, белгілі журналист Аңсаған Атымтаевпен он сегіз жасар аруды алып қашады.
Міне, содан бері  Райхан екеуі өмірдің қызығын да, шыжығын да бірге бөлісіп келеді. Сүттей ұйыған отбасында бес қыз дүниеге келді. Ата-анасы бәрін де оқытты, құтты жеріне қондырды. Шерхан ағамыз (Мұртаза) айтқандай, әйтсе де бір кем дүние ғой. Әр кез төрт құбылаң түгел бола бермесі анық. Сонда да Кәкеновтер әулетінің қашанда еңсесі биік, көпшілік оларға сүйсіне, қызыға, кейде қызғана да қарайды. Бәрі де кішігірім мемлекет делінетін отбасы иелеріне байланысты емес пе.
Қара шаңырақ иесі – Жақсылық Кәкенұлы туралы мерзімді басылым беттерінде жазылды. Ол кісі еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, ұзақ жылдар бойы комсомол, партия, кеңес органдарында белсенді қызмет етті. Әлі де жұмыстан қол үзген жоқ. Кітап оқығанды, шахмат ойнағанды ұнатады. Қаладағы іс-шараларға белсене қатысады. Жәкеңнің өз жасынан тың, сергек көрінуі өзіне ғана емес, отбасындағы жылы ахуалға да байланысты екені жасырын емес.
Шаңырақтағы көп нәрсе, әсіресе әйел затының ішкі жан дүниесінің байлығынан нәр алып, жақсы адами қарым-қатынасқа ұласатыны даусыз.
Ақын Қадыр Мырза-Әлінің:
"Үйдің ғана жыртығы емес,
Туыстық,
Достықтың да сен жамадың жыртығын" деген өлең жолдарындағыдай, Райхан апамыз үйдің сәнін ғана емес, ағайын-туыс, жақын таныс – бәрі-бәрінің көңіл хошын келтіріп, аралас-құралас болып жүруді жөн санайтын, пейілі кең, қолы ашық, жөн-жосықты жақсы білетін, ақылды жан. Өзінікінен бұрын, ерінің туысқандарына ерекше ықылас көрсетіп жүргені. Үйдің сәні демекші, мен бұл әулетпен студент кезімнен таныспын. ЖенПИ-де оқып жүргенде, каникул кезінде дос құрбым  Мүгілсім екеуміз сонау Алматыдан Арқалыққа қыдырып келдік. Қажахметов Ниязбек атты туған жиеніміз сонда үлкен қызметте болатын. Алдымен Мүгілсімнің ағасы – Жақсылықтың үйіне түстік. Бір-екі нәрестесі бар жас отбасының пәтері ұядай ғана екен. Жайған дастарханынан да ерлі-зайыпты жандардың бізге деген көңілін аңғарғандаймыз. Сол көңіл, сол қалыпқа әлі күнге қаяу түспегені таңғалдырады. Әрине, ширығу, кемелдену дегендер бар.
Кәкеновтердің Қостанайдан Рудныйға қоныс аударғанына да он жылдан асып барады. Жәкең біздің колледжде бірнеше жыл аудармашы болып істеді. Мүгілсіммен бірге той-томалақтарда, түрлі жиындарда жүздесіп қаламыз. Таяуда Жәкеңнің үйіне тағы да жолым түсті. Райханның сұлулыққа үйірсектігінен, талғамының жоғарылығынан болар, бұл үйге келсем, өзімді өте жайлы сезінемін. Адамға жылылық үйіретін пәтер ішіне қызыға қарайсың. Артық ештеңе жоқ. Әр зат өз орнында. Қабырға, тебе, жиһаз, перде – бәрі-бәрінің түсі біркелкі ашық, әдемі көрінеді. Дастархан толы дәм тіл үйі­реді. Дәмін татып көріп, шаңырақтың шырайын кіргізіп отырған Райхан апайға риза боласың. Жәкеңнің мінезіне шапшаңдық, қайсарлық, ойындағысын ірікпей айтып салу тән, соған орай Райханға:
– Сіз сабырлы, байсалды көрінесіз. Қабақ шытып, дауыс көтергеніңізді көрмеппін, – деймін. Сөзімнің астарын бірден аңғарған ол: 
– Түсінуге, үндемеуге тырысамын, – деді де қойды. Райхандай өмірлік серігі бар Жәкеңді бақытты жан санайсың. Елбасы Н. Назарбаевтың "XXI ғасырдың ортасында отбасыларының басым көпшілігі тыныштық пен молшылықта өмір сүрген елдер ең дамыған мемлекеттер болып шықпақ" деген сөзі бар. Демек, Президентіміз мақсат етіп қойған әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру үшін, мемлекет тірегі саналатын отбасыларымыз да берік, мықты болуы тиіс. Олай болса, өзгелерге өнеге боларлық Кәкеновтер секілді үлгілі, бақытты қазақ отбасылары көбейе түссін…
Пиалаш СҮЙІНКИНА,
Ы. Алтынсарин атындағы
РӘГК оқытушысы, ҚР білім озаты.
СУРЕТТЕ: Жарты ғасыр жарасқан жұбайлар Жақсылық пен Райхан Кәкеновтер.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓