«Атыңнан айналайын, аманкелді!»
Осы сөзді тек ауданның байырғы тұрғындары ғана емес, басқа ұлт өкілдерінің талай рет таңдай қаға айтқанының куәсі болдық. Әсіресе, неміс, орыс, кәріс, татар халқының өкілдері жиі айтады. Оның да өзіндік сыры бар.
1937 жылдары сонау Новосибирск төңірегін мекен еткен кәрістердің қоныс аударуына тура келеді де, сол ұлт өкілдерінің бір тобы, яғни отызға жуық отбасы осы Аманкелді ауданына көшіп келеді. Солардың ішіндегі Кан Са Гу, Пан Овен, Ким Чи Ир сияқты кәрістердің есімдерін ел адамдары өздерінің туыстарындай көріп, олармен тату өмір кешті. Айта кетерлік жәйт, осы отыз отбасы Аманкелді тұрғындарын көкөніс егуге, оны пайдалануға үйретті. Себебі, сол кездері әр колхоз басшылығы өз ауылындағы халықты көкөніспен қамтамасыз ету үшін ауданға келген кәріс отбасыларын бөліп әкетіп, солардың бақша егу тәсілдерін пайдаланды. Содан да болар, осы кәрістер елге тез сіңіп, жергілікті жұртшылықпен туыстай болып кетті.
Сонау 1954 жылдары "Еңбекші" колхозын басқарған менің әкем Кәмәли Досжанов Пан Овен деген кәрісті отбасымен көшіріп әкеліп, Бақсы деген жердегі бақшаны өсіруді тапсырды. Сол кәрістің отбасында Оля, Валя, Галя есімді қыздары болды. Олардың бәрі де қазақша сөй-лейтін. "Әкесі татудың баласы да тату" де-мекші, арада көп жылдар өткенде басшылық қызметке орналасқан мен сол Валяны күйеуі Ким Николаймен бірге жұмыс-қа шақырдым. Олар менімен он жылдай қызметтес болды. Сыйластығымыз бен достығымызда шек болмады. Валяның күйеуі Ким Николай менімен құрдас еді. Содан да болар, екеуіміздің әзіліміз жарасып әрі отбасымыз да жақсы аралас-құралас болдық. Николай мен Валя татулығы, сыйластығы жарасқан отбасы еді, олар алты бала тәрбиелеп өсірді. Сол Николай мен Валя жастары алпыстан асқан шақтарында Арқалық қаласына көшіп кетті. Аманкелді ауданындағы өздері бастаған бау-бақша егу ісін үлкен ұлдарына қалдырып кетті. Ал, екінші ұлдары Борис қазақ қызына үйленді. Бір немерелері қазақ жігітіне тұрмысқа шықты. Кейін балалары да Аманкелді ауданына көшіп келген әке-шешелерін дәм-тұздары таусылғанда мұсылманша жерледі. Бүгіндері сол Николай мен Валяның балалары ер жетті, немере-шөберелері де ізін жалғастыруда. Бәрі де кішіпейіл, тәртіпті де тәрбиелі, үнемі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп тұрады. Өйткені, олардың ата-әжелері де жергілікті халықты жатсынбай, көрші-көлеммен де, тұтас аудан тұрғындарымен де бір кісідей араласып, туыстай сыйласып өтті. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, қазақтан келін түсірді, қызын қазақ жігітіне ұзатты. Сөйтіп, өздерінің ұлттық салт-дәстүрін сақтай отырып, қазақ халқының да әдет-ғұрпын жете біліп ал-ған жандар еді.
Елге келген сол отыз отбасының бәрі де осы Николай мен Валя сияқты жергілікті қазақтармен бір туғандай болып кетті. Оларды жатсынбай құшағына алған аманкелділіктер де өзге ұлт өкілдерінің өсіп-өнуіне мүмкіндік жасады. Бүгіндері сонау 1937 жылдары елге көшіп келген кәрістер әулеті көбейіп, дәулеті тасыған отбасыға айналды.
Кеңес Одағы орнаған кезеңде ауданға татар халқының өкілдері де көптеп көшіп келіп жатты. Оларды да жергілікті халық көптен көрмеген ағайыны келіп қалған жандай құшағын жая қарсы алды. Олар да елдің өздеріне көрсетіп жатқан ілтипатына сай бола білді. Сөйтіп, татар халқының өкілдері де елге тез сіңіп кетті. Үлкендерін біз де "әти", "әни" деп атадық. Сол татарлардың бір қызы Галиева Әлфия Исмағұлқызы 1942 жылы Қостанайдағы мұғалімдер институтын бітірген соң, еңбек етуге Аманкелді ауданына келеді. Аудан басшылары оны аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметіне тағайындайды. Кейін аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. 1960 жылдары аудандық кеңестің депутаты болып сайланды. Содан аудандық атқару комитетінің хатшысы болып қызмет атқарады. Бұл жұмыста жиырма жыл-ға жуық қызмет атқарып, зейнеткерлікке шығады. Ақмола облысының Атбасар қаласында туғанына қарамастан Әлфия Исмағұлқызы өзін "Аманкелдінің тумасымын" деп кетті. "Менің абыройлы еңбек еткен жерім Аманкелді, менің балалық шағымнан зейнеткерлік жасқа жеткенге дейінгі өмір кешкен жерім Аманкелді, сондықтан да мен оны "Атыңнан айналайын, Аманкелді деп өтемін" дейтін.
Аманкелді ауданынан бақытын тауып, абыройлы қызмет еткендердің бірі – неміс халқының өкілдері болатын. Олар соғыс біткен жылы келіп қоныстанды. Дені жас адамдар болатын. Ал, отбасылы жандардың көбісі жас сәбилерін құшақтап келді. Солардың арасындағы апалы-інілі екі жасты Шомбал Құнанбаев деген кісі "мен бағамын" деп сұрап алады. Арада жыл өткенде Шомбал сол неміс қызына үйленеді де, оның інісін өзінің баласы етіп бауырына алады. Шомбалдың бұл үшінші әйелі екен. Анау екі қазақ әйелдерінің бірінен Раиса деген қыз туса керек. Ол қыз бала жасы жиырмаға жетпей қайтыс болады. Содан баласы жоқ Шомбал қолына алған неміс баласының Павел деген атын Қабыл деп жаздырады. Неміс әйелінен Зейнеш деген қыз бала туады. Кейін Зейнешті де қазақ жігітіне ұзатады. Қабыл әкесі Шомбалға: "Сіз енді үйде болып, дем алыңыз. Ал, сіз бағып жүрген мынау бір отар қойды мен бағамын" дейді. Солай болады да, шопандық жұмысты Қабыл қабылдап алады. Екі кемпірі мен Шомбал жастары зейнеткерлікке жеткен шақтарында қайтыс болды. Оларды фәниден бақилыққа жөнелтуді Қабыл бар ықыласымен атқарады. Қазақтың бар әдет-ғұрпын сақтай білген Қабылдың әкесі Шомбал мен екі шешесін соңғы сапарға қалай шығарып салғанын ел күні бүгінге дейін ауыз толтыра мақтанышпен айтып жүреді. Қабыл да үйленді. Қазақ қызын алып берген Шомбал сол келіні көрсеткен құрметке өле өлгенше разы болып өткен көрінеді. Бүгіндері Қабыл Шомбаловтың жеті баласы бар. Олар да үйлі-баранды болған азаматтар. Сол Қабыл сияқты күн кешкен неміс өкілдері де Аманкелді ауданын өздерінің Отаны санай отырып, осы жерге, елге деген сүйіспеншілігі мен құрметін "Атыңнан айналайын, Аманкелді!" деп білдіруші еді.
Сондай неміс азаматтарының бірі – Гильц Андрей еді. Ол да қазақ тілін жетік меңгерген, салт-дәстүрімізді бойына сіңіріп өскен жігіт еді. Оны ел адамдары да өте жақсы сыйлап, құрметтеп өтті. Өйткені, оның ісі де, сөзі де ешкімнің көңілін қалдыруға емес, қайта адамдардың жанына жылылық беруге арналатын еді. Тұра қалып амандасқанының өзі қандай. Іш тартып тұратын, жылы шырайлы азамат болатын. Оның апасы Лида да аудан орталығындағы шатхананың бас аспазшысы болып қызмет істеді. Оның қолынан әзірленген тамақтың дәмділігі өз алдына, онымен жұмыстас болудың өзі бір керемет кезең болатын. Жайдары жан еді.
Гильц Андрей аудан орталығындағы әуежайдың бастығы болып көп жыл жұмыс жасады. Ол кездері ұшақпен ауыл-ауылға қатынаушы едік қой. Сол заманның көлігі болған АН-2 ұшағымен елге қызмет етудің шебері атанған Гильц Андрей де өзін бас-қа ұлт өкілімін деп санаған жоқ. Жергілікті халықтың да оны өгейсінген күні болған жоқ.
Аманкелді ауданының жанында орналасқан Қарасу ауылында Новицкий деген кісі тұрды. Көп балалы отбасы еді. Балаларының бәрі қазақ тілін еркін меңгерген жандар болатын. Новицкая Лида совхоз директорының хатшысы, әрі машинисткасы болып қызмет атқарды. Сол Новицкий ақсақал қашан зейнеткерлікке шыққанша машина-трактор жөндеу шеберханасының меңгерушісі болған еді. Қолы шебер еді, сол білгенін басқаларға да үйретуден еш жалықпайтын.
Иә, мен Аманкелді ауданын мекен еткен басқа ұлт өкілдерінің ішінен бір ғана тобын айтып, олар жайлы мәлімет бердім. Ал, мен айтпаған, сөзіме арқау етпеген қаншама ұлттың өкілдері болғанын ел біледі, біз білеміз. Осыдан жетпіс-сексен жыл бұрын келіп қоныстанған басқа ұлттың адамдарына Аманкелді ауданы алтын бесік болды. Олар өсіп-өнді, бастарына бас қосылды, жанұялар саны көбейді.
Жалпы, Аманкелді ауданының топырағы құт-берекенің қайнар бұлағы іспеттес еді. Осы ауданнан Науырзым, Амантоғай, Арқалық аудандары бөлініп шыққан болатын. Жері мал өсіруге де, егін егуге де қолайлы. Аудан жеріндегі Торғай, Жыланшық, Сарыөзен, Қарынсалды, Тас-ты өзендері елдің игілігіне пайдасы тигені-мен қоймай, тіршілік көзіне айналғаны белгілі. Ел адамдары осы өзен бойларын паналап, мал өсірді. Суармалы егін, бау-бақша егуге пайдаланып, жақсылығын көруде. Көлдері – Топалаң, Қоғалыкөл, Ағаштыкөл, Шақпақтың да жеріне сән беріп, еліне нәр силағанын да білеміз. "Жері байдың елі бай" демекші, осындай табиғаты келісті Аманкелді ауданының байырғы халқы да келісті өмір кешіп, жақсы тіршілік еткені белгілі. Оны мына жайлар анықтап тұрғандай: 1948 жылы осы ауданның 14 адамы Социалистік Еңбек Ері атанды. Бір ауданнан осынша жанның Кеңестер Одағындағы ең жоғары награданы иеленуі, олар жасаған ерен еңбектің нәтижесі болатын. Осылайша, Аманкелді ауданы өзінің тұрғылықты халқының да мерейін өсірген, басқа ұлт өкілдерінің де мәртебесін жоғарлатқан аудан. Оның атына айтылар жақсы сөздер көп-ақ. Біз бір ғана: "Атыңнан айналайын, Аманкелді!" деген сүйіспеншілікке толы сөзді айтқан адамдардың ғана есімдерін атап өттік. Ал, Аманкелді елін, оның жерін мақтан тұтқан, ол елдей ел жоқ, ол жердей жер жоқ деген жандар да сан жоқ. Ол өзінше бір бөлек әңгіме.
Биылғы жыл халықтар достығының бас ұйымы – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп аталуда. Осы жылда татулықты, бірлікті, ұлтаралық достықты паш етемін деген адам Аманкелді ауданына барса, өткенді де, бүгінгіні де көре отырып, бұл ауданның игілікті істеріне куә болар еді. Ешкімді бөтенсімей өскен ұрпақтың өкілдері бүгіндері Аманкелді ауданының тізгінін ұстап, елді басқарып отыр. Жасы енді ғана қырықтың қырқасына келген сол елдің тумасы Жансұлтан Тәукенов басқарып отырған Аманкелді ауданы күн өткен сайын көркейіп, уақыт талабына сай жаңарып, жасарып келеді. Соны көріп отырмыз. Соған қуанамыз. Ауданның болашағының жарқын, ертеңінің ерекше боларына толық сенеміз. Өйткені, оның қадамы нық, келешегі жарқын.
Хамит ДОСЖАНОВ.
Арқалық қаласы.