Ұмытылмас естелік
Ұлы Отан соғысы аяқталғалы бері арада қаншама уақыт өтті. Сол отты жылдары қу жанын шүберекке түйіп бейбітшілік үшін күрескен ерлердің ерлігі ұмытылмайды. Қаһарман азаматтардың батырлығын айтып мақтану ұрпақтың еншісіне тиіп отыр. Майдангер атасы жайлы тамаша естелігімен бөліскен жастың бірі – Нұргүл Сәлтенова.
Кейіпкеріміздің атасы Сәлтен Малшыбайұлы ҰОС-ы басталғанда 23 жастағы жігіт екен. Өз өтініші бойынша 1942 жылғы 25 маусымда майданға аттанады. Алғашында Челябі облысының Шұбаркөл деген жерінде 1-2 ай дайындық та болады. Сөйтіп 151 – атқыштар бригадасының құрамында майданға аттанады. Соғысқа алғаш кіргенде жаяу әскер қатарында пулеметші болған. 1943 жылы әйгілі Курск шайқасына қатысып, оң қолынан жарақат алады. Госпитальда екі ай емделген соң қайтадан ұрысқа кіреді. Курск шайқасындағы ерлігі үшін 1943 жылы «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылыпты. С.Малшыбайұлы 1942 жылы «Ерлігі үшін » медалі мен III дәрежелі «Даңқ» орденін алған.
– Мен Сәлтен атамның бесінші немересімін, соғыс ардагерінің ұрпағымын. Атам көзі тірісінде соғыстың келтірген зардабы мен Ұлы Жеңіс туралы әңгімелеп берген еді. Көп естеліктерінің бірінде немістердің қаласы Кенисбергке жасаған шабуылды айтты. Артиллерия қамалдарды бұзып өтіп қаланың әрбір көшесінде немістермен шайқас жүргізген. Осыдан кейін неміс солдаттары беріле бастайды. Атам Кенисбергті алуға қатысып, Берлинге дейін барған, – дейді майдангердің ұрпағы Н. Сәтенова.
Майдангер Сәлтен Малшыбайұлы 1946 жылы 4 мамырда елге оралған. Аман-есен келген соң коммунистік партияның мүшесі ретінде еңбек жолын бастайды. 1985 жылға дейін әр салада үздіксіз еңбек еткен.
– Атам 1985 жылы еңбек жолында ауыр жарақат алып, бірінші топтағы мүгедек болып қалды. Ұлы Отан соғысының 50 жылдық мерекесіне аз ғана уақыт қалғанда дүние салды. Оның өмірден озғанына он тоғыз жыл болыпты. Көз жұмар алдында мен алтыншы сыныпта оқитынмын. Бой жазды ма кім білген, соңғы сәтте менің қолымнан бір кесе сүт ішті. Атам айтып кеткен естеліктер жадымда сақтаулы. Оны ұмытпай кейінгілерге дәріптеу перзенттік парызым, – дейді Нұргүл Сақтағанқызы.
Кейінгі буын өкілдерінің кейбірі майдангер атасы немесе туысы туралы әңгімелерді есте сақтамайтыны бар. Ал Нұргүл сынды жастың майдангер атасы туралы тіпті ерлігін жатқа білетіні қуантады. «Үлкеннің ізгі істері, өркенге ұлағат» деген осы шығар.
Роза ЖАРҚЫНБЕКОВА.
Рудный қаласы.
Менің атам – майдангер
Нағашы атам Үкітай Құлжанов 1938 жылы Совет армиясының қатарына алынған. 1939-1940 жылдарда Кеңес-Фин соғысына қатысты. Әскер қатарынан 1941 жылы ақпан айында босатылуға тиісті екен. Бірақ Қазақстанға қайта оралмай, Ленинград қаласында қалып қояды. Ұлы Отан соғысы жылдары Ленинград майданында лейтенант Поповтың қарамағындағы атты әскер құрамында болған. Аталмыш құрамның қатарында жүріп «Воскресенское», «Родина Еремина» таулы жерлерінде соғысыпты.
Үкітай атамнан естуімше, соғыста естен кетпес жан түршігерлік оқиғалар көп болған. Неміс самолеттері ойламаған жерден оқ жаудырғанда жазықсыз сәбилер, қариялар өртеніп қаза болыпты.
– Соғыста бесатар мылтықпен бес рет атқанда, мылтықтың басы қызып кетеді. Ол суығанша күтіп отыратынбыз. Немістердің технологиялары дамыған, қолдарында оқ жаудыратын автоматтары бар болатын. Біз мылтығымызды оқтағанша, олар оқты жаудырып жіберетін. Сондай сәттері көптеген жауынгерлерден айырылдық, – деп атам айтып отырушы еді.
Майдан даласында азық-түлік таусылып қалатын кездер болған. Жауынгерлер аштан-аш шабуылға шығады екен. Сондағы мақсат – Отанды жау аяғына таптатпау, ұл мен қыздың жарқын болашағы еді.
Атам жаумен арпалыса жүріп жараланған. Жарылған снаряд бөлшектері денесіне кіріп кетіпті. Есін жиса, қасында мылтығы жоқ. Атып тұрып қаруын іздейді. Сол сәтте бір медбике келіп «Сіз әскери ауруханадасыз» деп көңілін орнына түсіреді. Атамның қаруын іздеп жанұшыруының өзіндік себебі бар. Соғыстың қатал заңы бойынша, қолдағы қарудан айырылмау керек екен.
Менің атам жарақатына байланысты елге оралған. Қостанай облысы Жітіқара ауданы Толыбай ауылында бірнеше жылдар есеп-қисап бөлімінде жұмыс істеді. Жүрегінде қалып қойған снарядтың соңғы жарқыншағы атамды дүниеден алып кетті.
Ербол САЛАУАТОВ,
Торғай аграрлық-техникалық колледжі ТО-21 тобының студенті, «Жауқазын» әдебиет үйірмесінің мүшесі.
Әкемді еске алғанда…
«Өткенді ұмыту – өшкендіктің белгісі, ал оны еске алу – өскендіктің белгісі» демекші, ата-анамды еске алуды жөн көрдім. Себебі олар Ұлы Отан соғысы жылдары ауыр тұрмысты бастан кешіп, ұрпағы үлгі аларлық өнегелі іс жасады.
Әкем Лұқман Құсманов 1924 жылы 8 ақпанда Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Мұғалімдік мамандықты таңдап, сол кездегі киелі оқу орындарының бірі Меңдіқара педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Сонда оқып жүргенде Ұлы Отан соғысы басталады. Әкем ел басына қатер төнген жылдары соғысқа аттанып, жаумен жаға жыртысқан батыр. Ол II Украина майданында, Днепр үшін болған ұрыста жан аямай шайқасты. Сұрапыл соғыста қатты жараланып, еліне мүгедек болып оралды. Ержүректігі үшін I, II дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері және көптеген медальдарды иеленді. Днепр үшін болған ұрыста көрсеткен ерлігі үшін И. Сталиннің атынан Алғыс хат алған.
Заман түзелген уақытта әкем бауырларын қолтықтан демеді. Туған інісі Шожан Құсмановтың білім алып, жақсы маман болып шығуына көп көмегін тигізді. Шожан ағамыз КСРО ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалім, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Ол 2000 жылы дүниеден өтті.
Анам Күлтай Құсманова 1927 жылы 7 желтоқсанда дүниеге келген. Ол кісі оқыған-тоқығаны мол, зерек, аз сөйлеп, көп тыңдайтын салмақты, салиқалы абзал жан еді. Өзі үлгі бола жүріп, балаларын еңбексүйгіштікке, еңбекқорлыққа баулыды. Анам «Еңбек ардагері» медалі және III дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған.
Жаны жомарт, жүрегі жылы әкеміз бен анамыз елу жыл бірге отасып, жеті баласын өсірді. Қыздары Биғанша, Нұрғайша, Рауза, Рәзия медицина, білім беру салаларында ұзақ жылдар абыройлы еңбек етіп, құрметті зейнетке шықты. Әкем Лұқман Құсманов 1997 жылы 1 қарашада, анам Күлтай Құсманова 1997 жылдың 10 желтоқсанында дүниеден өткен. Ардақты әке, асыл анамыздың өмірі жадымызда мәңгі сақталмақ.
Нұрғайша ҚҰСМАНОВА.
Астана қаласы.
Үлкенге құрмет – кішіге парыз
Биыл Жеңістің 70 жылдығына орай Елбасымыздың атынан еліміздің әрбір түкпірінде тұратын соғыс және тыл ардагерлері сый-сияпатқа ие болды. Құрмет көрсетілген азаматтардың қатарында біздің ауылдағы соғыс ардагері Әбілқайыр Боранбаев бар.
Боранбаев Әбілқайыр Ахметұлы 1922 жылы 8 сәуірде Қостанай облысы, Қамысты ауданы, Орқаш ауылының Шұңқырқопа деген жерінде дүниеге келген. Балалық шағы Қамысты ауылында өтті. 17 жасында МТС-ке жұмысқа тұрады. Он сегіз жасында военкоматқа шақырылады, бірақ медкомиссиядан өтпей қалады. Себебі бойы мен салмағы сәйкес келмеген. Осылайша бес-алты рет военкоматқа шақырылады. 1942 жылы сәуір айында соғысқа ерікті болып аттанады. Майданда жаяу әскердің қатарында болған. 1942 жылы Ленинград түбіндегі ұрысқа қатысады. Осы шайқаста аяғынан жараланып, госпитальге түседі. Госпитальдан шыққан соң қайтадан майдан даласына оралады. 1944 жылы Чехословакия маңындағы шайқасқа қатысады. 1945 жылы Жеңісті Германияның Берлин қаласында қарсы алған. Ұлы Отан соғысынан кейін туып-өскен Қамысты ауылында жұмыс істеді. Жемісті еңбегі үшін 1960 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған.
Ардагер 12 баланы тәрбиелеп, өсірді. Қазіргі кезде оның 3 ұлы мен 1 қызы қалған. Ардагер атамыз бүгінде 92 жаста. Жасының ұлғайғанына қарамастан еңсесін тік ұстап жүреді. Биыл Жеңістің 70 жылдығына байланысты аудан әкімі Жаңабай Бейсембаев ардагердің үйіне арнайы барып, Елбасының құттықтау хатын табыстады. Кезінде Қамысты ауданының әкімі болған Бақберген Өтеулин ардагер атамызға пәтер берген еді.
Гауһар МҰҚАШЕВА,
«Қостанай таңы» газетінің жас тілшісі.
Қамысты ауданы.
СУРЕТТЕ: Майдангер Әбілқайыр Боранбаев.
Ардагерге қамқорлық көрсетті
Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында УК 161/1 түзету мекемесінің қызметкерлері «Ардағым – Ардагерім» акциясын бастады. Игі шараның мақсаты Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көмек көрсету, оларды барынша құрметтеу, жас ұрпаққа ардагерлерді үлгі ете отырып, жастарды ардагерлерден тағылым алуға баулу.
Бастамашыл топ ең бірінші ҰОС ардагері Иван Нюхаловтің үйіне келді. Ақсақал жеке тұрғын үй секторында тұрады. Келген бетте мекеме қызметкерлері үйдің ауласын қардан тазартты. Ақсақал тұратын үйдің сыртына «Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады» деген тақтайшаны ілді.
Қазір қарияға мүгедек арбасы ауадай қажет. Келген қонақтар жоқ заттың орнын да толтырды. Иван Нюхалов бастамашыл топқа алғысын білдірді:
– Жер үй болғандықтан ауланы қар жиі басып қалады. Сұрапыл соғыс жылдарындағы кейбір оқиғаларды еске түсірді. Ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Қамқорлықтарыңа дән ризамын, – дейді қария.
УК 161/1 түзету мекемесінің қызметкері Д.Молдабаева мұндай сенбілік әлі де жалғасатынын жеткізді.
Шұға
ҚОҢҚАБАЙ
Бетті дайындаған Қымбат ДОСЖАНОВА.