Болат ҚАБИЕВ, “Нұрай-Н” ЖШС директоры: «Маңдайдан тер тамшылатып, еңбек етер кез келді»

болатТаяуда Аманкелдіде егін орағы алдында аудан агроөнеркәсіп қызметкерлерінің кеңесі өткізілді. Оның жұмысына астық өндірумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының төрағалары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Сол кеңесте орақ науқанын өткізуге байланысты ой бөліскен "Нұрай-Н" ЖШС директоры Болат Әбдірахманұлы Қабиевтің сөзі кеңеске қатысқан барша дихандарды елең еткізіп, таң қалдырды. Себебі, биылғы жыл Торғай аймағы үшін өте қуаңшылықты болса да, Болат өздері тұратын Қарынсалды өңірінде астық жақсы шыққанын мәлімдеді. Бұл жәйтқа біреулер сенді, біреулер күмәнданды.  Күмәнданғандарға әсте ренжуге болмайды. Себебі, ала жаздай аспаннан Аманкелді өңіріне бір тамшы тамбағаны шындық. Сондықтан да, олардың егістік алқаптарында егін шығымдылығы бәлендей болған жоқ.
Агрокеңестен соң біз ол тұратын Қарынсалды ауылдық округіне барып, онымен кездесіп, әңгімеге тарттық. Себебі, оның серіктестігі астық жинаудан аудан бойынша көш бастап отыр.
– Болат, әуелі серіктестігің туралы толық мағлұмат беріп өтші?
– "Нұрай-Н" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2003 жылы Қарынсалды ауылдық округінде құрылды. Оның құрылтайшысы – ауданымыздың таңдаулы кәсіпкерлерінің бірі Бақытжан Нәменұлы Тілеубаев. Серіктестік алғаш құрылған күннен бастап біріңғай егін шаруашылығымен айналысып келеді. Бүгін барлық жер аумағы – 16238 гектарды құрайды. Оның ішінде 12822 гектар жерге бидай егілді.
– Мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қамқорлықтар көңілдеріңізден шыға ма?
– Әрине, егер мемлекет тарапынан тиісті қамқорлық пен қолдаулар болмаса, жеңілдіктер мен көмектер жасалмаса, серіктестігіміздің шаруасын тиімді жүргізу мүмкін болмас еді. Түсінген адамға қазіргі күні мемлекетіміздің тарапынан жасалынып жатқан қамқорлық пен қолдау, жеңіл-діктер мен көмек аз емес. Атап айтар болсам: біздің серіктестігімізге сатып алын-ған гербицидтер құнын мемлекет 50 пайызға дейін арзандатып беріп отыр. Яғни біз керекті гербицидтің 50 пайызын ғана төлейміз. Қалған 50 пайызын мемлекетіміз төлеп отыр. Сол сияқты, лизингке алынған техника бойынша пайыздық сыйақыларды субсидиялау, арзандатыл-ған жанармай мен тұқымды тексеруден тегін өткізіп беру де – мемлекетіміздің бізге жасап отырған үлкен әкелік қамқорлығы деп түсінуіміз керек. Бір ғана мысал: 2014 жылы біздің серіктестікке 5 126 001 теңге субсидия төленді. Осы көмектердің арқасында агротехникалық іс-шараларды уақытында сапалы өткізіп, мол өнім алуға қол жеткізіп отырмыз деп айта аламын.
– Болат, сен жап-жас жігітсің. Серіктестіктің жұмысын қалай тез меңгеріп алғансың? Құпия болмаса, осының сырын айта кетсең?
– Мұның ешқандай құпиясы жоқ. Менің өз әкем де, аталарым да ұқыпты, тиянақты кісілер болды. Олар бізге тиыннан теңге құралатынын бала кезімізден үйретті. Экономиканың қарапайым мысалдарын өздерінің өмір тәжірибелері арқылы көрсетті. Азғантай нәрсені үлгіртіп, кәделеріне жарата білді. Соны көріп өскендіктен де, біз де шаруаға тиянақты болған шығармыз. Аталарым Қаби, Қабылда деген кісілер колхоз-совхоз ке-зінде ұзақ жылдар бойы ферма, бөлімше басқарған кісілер болатын. Ал өз әкем Әбдірахман – Торғай облысы кезінде су шаруашылығы саласында басшылық қызметте болды.  Ағам Рамазан – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінде бөлім басшысы болып қызмет істейді. Ол кісілерден  үйренгендерім көп. Жалпы, адал еңбек етсең, қанша қиналсаң да табысқа жетуге болады. Еңбек еткен адам елеусіз қалмайды. Өз басым қарауымдағы мамандарым мен жұмысшы қызметкерлеріме дән ризамын. Олардың барлығы жауапкершілікті терең түсінген жандар. Масылдық дегенді білмейді. Адал еңбек етеді. Берілген тапсырманы бар ынта-жігерлерімен орындайды. Соның арқасында біз биыл ауданымыз бойынша бітік егін өсірдік. Ендігі міндет – осы егінді ысырапқа ұшыратпай, шашпай-төкпей жинап алу. Жақында осы науқанның басталуына орай барлық жұмысшы-қызметкерлерім мен мамандарымды жинап, пікір алыстым. Оларға өзімнің тапсырмамды беріп, қандай ұсыныс-пікірлері барын сұрадым. Пікірлеріне ден қойдым. Олар да еңбектерінің жанып, егістік алқаптарымызда жақсы егін шыққанына қуанып отыр. Біздің ұжымда адамдар арасында  ұйымшылдық, ынтымақ-бірлік қалыптасқан.  Олар бір-біріне көмектесіп, қол ұшын беріп отырады. Кеше арпаға орақ салдық. Оның да шығымдылығы жаман емес. Ал енді ертең 25 тамыз күні 12 822 гектар бидай алқабына орақ саламыз. Қазіргі барлық мақсат-мұратымыз – бітік шыққан алтын дәнді тез арада жинап, қамбаға құйып алу.
Сіз мені жас жігіт деп отырсыз ғой. Мен өзімді жас санамаймын. Қазір 31 жастамын. Бұл менің нағыз маңдайдан тер тамшылатып еңбек ететін кезім деп білемін. Жалпы, мен табиғатымнан жуас азаматпын. Ешкімге қатты сөйлемеймін. Бірақ, адамдарды сыйлап, құрметтеп, бірлесіп еңбек етуге жұмылдыра білемін. Қарамағымдағы әрбір адамның лайықты өмір сүруін қалаймын. Қолымнан келгенше барлығына жағдай жасауға тырысамын. Кейде оларға айтқан бір ауыз жылы сөзіңнің өзі дем береді емес пе?! Мұндай жағдайда қандай адам болмасын адал жұмыс жасауға құлшынады. Біздің табысқа жетуіміздің бір сыры бәлкім осында болар.
Хамитбек
        МҰСАБАЕВ
Аманкелді ауданы.
Суретте: Аманкелді ауданындағы "Нұрай-Н" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Болат ҚАБИЕВ.
Суретті түсірген автор.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓