Әулиекөлдіктер неге дүрлікті?
Өткен аптаның соңында аудан тұрғындары “WatsApp” әлеуметтік желісі арқылы таралған хабарламаны оқып, қатты дүрлікті. “1 қазан күні аудандағы туберкулезден емдеу ауруханасына құрт ауруының дәріге көнбейтін, яғни асқынған түріне шалдыққан науқастарды, соның ішінде сотталғандар мен кезбелерді, маскүнемдерді әкеледі” деген хабарлама лезде тарап, бұған бүтін бір аудан халқы наразылық танытқан болатын. Аурухананың айналасын биік дуалдармен қоршап, түрмедегідей темір сымдарды тартып жатқанын көрген тұрғындардан одан сайын маза кетті. Себебі, елді-мекеннің қақ ортасында орналасқан мекемеге туберкулездің ашық түрімен ауыратын науқастарды әкелетін болса, бәрінде “өкпеге құрт түседі” деген үрей бар. Осы мәселеге орай, 1 қазан күні әулиекөлдіктер аталмыш аурухана алаңына жиналып, митинг те ұйымдастырды. Дүрліккен халыққа басу айтуға аудан әкімі де келіпті. Ал, келесі күні халықты мазалаған осы мәселеге байланысты аудандық мәдениет үйінде жиналыс өтті. Оған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Екатерина Слободенюк, облыстық қоғамдық денсаулықты бақылау департаменті басшысының орынбасары Рәгүл Тәженова, облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Любовь Мыржакупова және жергілікті билік өкілдері мен құқық қорғау органдарының басшылары, халық қалаулылары қатысты. Әулиекөлдіктерді алаңдатқан осы мәселе бойынша біз де арнайы ауданға ат басын бұрып, мәселенің мәнісін біліп қайтқан едік.
Аш құлақтан тыныш құлақ…
Жиналыстан бұрын біз аудан орталығындағы туберкулез ауруханасына бас сұғып, аудан тұрғындарымен де тілдестік. Аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасарымен де кездеспекші болған едік. Ол кісі “келіңіз, жауап береміз, бұл мәселеге біз де қарсымыз” деген еді. Бірақ, қабағы қатулы дәрігер ханым бізді суық қарсы алды. Бірден “мен ештеңе айта алмаймын, бас дәрігерге барыңыз немесе сағат 5 кезінде осы мәселеге байланысты жиналыс болады, сонда айтылады бәрі” деп сөйлескісі келмеген соң, бас дәрігерге бардық. Ол да “туберкулез ауруханасы бізге қарамайды, өздеріне барып сұраңыз” деп шығарып салды. Содан аудандық аурухана жанында орналасқан атынан ат үркетін екі қабатты туберкулезден емдеу мекемесіне бас сұқтық. Шынында да, бұл жерде биіктігі екі метрлік қоршаулар орнатылып жатыр екен. Ғимараттың арт жағында жатқан темір сымдарды да көзіміз шалды. Мұнда да бөлімше меңгерушісі Мекен Сейдахметов те жарытып ештеңе айта алмады. Айтуынша, бұл әңгімені өзі де жұрттан естіпті, бірақ бір сөзінде “Рудныйдан әкеледі” деп қалды. Біресе, “белгісіз” деді. Әйтеуір, не керек ешкім ештеңе дегісі келмеді. Тек, тілдескен тұрғындардың ғана бұл мәселеге қатты алаңдаулы екендігін байқадық. Дегенмен, бөлімше меңгерушісі Мекен Нұрғалиұлының сөзінше, аталмыш аурухана 2004 жылы ашылғанда 50 орындық болыпты, оның жартысында туберкулездің ашық түрімен сырқаттанған науқастар емделген көрінеді. Тек, өткен жылдың желтоқсан айында аурухана жабылып, бүгінде облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бөлімшесі болып өзгерген екен. Қазір мұнда тек құрт ауруының жабық түрімен ауыратын сырқаттар ғана ем қабылдайды. Бүгінде сондай тоғыз адам емделіп жатыр.Ал, есімін айтудан қашқан фтизиатр дәрігердің сөзінше, мұндағы науқастардың дені қашып-пысып дұрыс ем қабылдамайды. Үнемі арақ ішіп, көше кезіп жүретіндер де бар екен. Жақында ғана құшмұрындық науқас қашып кетіп, дәрігерлер ақыры үйіне қайтаруға мәжбүр болған. Егер туберкулездің дәріге көнбейтін түріне шалдыққан науқастарды әкелсе, ауданда ауру көрсеткіші артып, жаппай туберкулез дерті жайлайтын болады-мыс.
Алаңдауға еш негіз жоқ
Аудандық мәдениет үйіне жиналған халықтың қарасында шек болмады. Тіпті, залға сыймағандары түрегеп тұруға мәжбүр болды. “WatsApp” арқылы тараған ақпараттың жалған екендігіне сенімсіздік танытқан үрейлі тұрғындар тарапынан “санитарлық талап осы уақытқа дейін неге орындалмаған, сонда науқастар емін-еркін селоны кезіп жүре берген бе”, “ақпарат жалған болса, неге темір сымдарды айқай-шудан кейін алып тастады”, “күні ертең ондай науқастарды жасырын түрде алып келмесіне кім кепіл”, “ондай сырқаттарды әкелмейміз деп отырсыздар, оған дәлелдеріңіз барма” деген сияқты сан сауалдар қойылды. Дегенмен, облыстан келген денсаулық сақтау саласының өкілдері жиналғандарға “алаңдауға еш негіз жоқ, ешқандай науқастар көшірілмейді” деп басу айтты.-Біздің бүгінгі кездесуіміз жоспардан тыс өткізіліп жатыр. Бұған “WatsApp” әлеуметтік желісі арқылы таратылған жалған мәлімет себеп болып отыр. Дүрлігуге еш негіз жоқ. Себебі, облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан ешқандай бұрық шыққан жоқ. Өйткені, денсаулық сақтау мекемелеріндегі орынды қысқарту, бөлімшелерді жабу, науқастарды басқа орынға көшіру сияқты жұмыстар тек бұйрық арқылы ғана жүзеге асырылады. Сондықтан, тағы да қайталап айтамын, ешқандай сырттан науқастар әкелінбейді. Керісінше, сіздердің өңірлеріңізде эпидемиялық ахуал жақсарып, туберкулезбен аурушаңдық азайғандықтан, отыз төсектік орынды 15-ке қысқартып жатырмыз. Әулиекөлдегі туберкулезден емдеу ауруханасы 2004 жылы ашылған болатын. Ол кезде елу орындық болды әрі оның 25-інде аурудың ашық түрімен сырқаттанған науқастар ем алып келді. Өткен жылы өңірдегі осындай ауруханалардың біразы жабылды. Ал, Әулиекөлдегі аурухана облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бөлімшесі болып өзгертілді. Қазіргі таңда мұнда өкпе құртының жабық түріне шалдыққан науқастар ғана ем алуда. Бүгінде ауру көрсеткіші азайып, эпиджағдай жақсарса да бұл бөлімшені сақтап қалуға тырыстық. Қазіргі таңда облыстық тубдиспансердің бөлімшелері тек Әулиекөлде ғана емес, Рудный, Арқалық, Затобол кентінде де бар. Ол бөлімшелердегі науқастар сонда ем алуда, ешкім ешқайда көшірілген жоқ, көшірілмейді де. Себебі, бөлімшелерде орын жеткілікті. Ал, аурухананың орналасуынан туберкулез дерті жайлайды деген еш қисынға келмейді. Сондай-ақ, сырқаттарды жертөлеге қамап қойыпты, жасырын әкеледі деген сөздер де шындыққа жанаспайды, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Е.Слободенюк.
Биік қоршаулар – темірдей тәртіп үшін
-“WatsApp” арқылы тараған “қорқынышты” ақпарат еш шындыққа келмейді. Керісінше, бөлімшедегі орындарды қысқартып жатырмыз. Себебі, ауданда соңғы жылдары туберкулез көрсеткіші бес есеге төмендеді. Ал, қоршауға келер болсақ, бұл да сіздердің денсаулықтарыңыз үшін жасалып жатқан жағдай. Санитарлық талапқа сай, мұндай ауруханалар биік дуалдармен қоршалуы тиіс, ал бізде бюджеттен арнайы қаражаттың қарастырылмауына байланысты бұл мәселенің біз үшін басты проблема болып келгені рас. Бізге қаражатты мемлекет бөледі. Біз өз еркімізбен ештеңе істей алмаймыз. Ал, бұл мақсатқа бөлінетін қаржы биыл беріліп жатыр. Қазір осы мәселе өңірдегі барлық туберкулезден емдеу мекемелерінде шешімін тауып жатыр. Осының арқасында бұрын сыртқа емін-еркін шығып, селоны кезіп жүретін науқастар енді биік қоршаулардан шыға алмайды, қатаң бақылауда болады. Сондықтан, туберкулездің ашық түрімен ауыратын науқастарды көшіру туралы ақпараттың еш қиысыны жоқ. Ондай жоспарда да болған емес.
Ал, түрмедегідей темір сымдармен қоршау туралы ұсынысты бізге мердігерлер айтқан болатын. Жасыратыны жоқ, науқастар арасында нашақор да, түрмеден шыққандар да, маскүнемдер де бар. Сондықтан, біз алдымен тұрғындардың денсаулығын, сақтық шараларын ойлағандықтан мердігерлердің ұсынысын қабыл алған едік. Әрине, мен мұндай шешім қабылдамас бұрын еліміздің әр өңіріндегі туберкулезден емдеу мекемелерін аралап шықтым. Көбісі осындай әдіспен қоршап тастаған екен. Мұндай түсінбестік туады деп кім ойлаған. Сол себепті де, мен халықты үркітпейік деп әлгі темір сымдарды алып тастауға бұйрық бердім. Жалпы, тубдиспансерлер орналасқан жерде санитарлық талаптар қатаң сақталады. Егер сіздердің аудандарыңызда туберкулезден емдейтін мекеме орналасса, сіз туберкулезбен ауырасыз дегенді білдірмейді. Олай болуы да мүмкін емес.
Қостанайдағы, Рудныйдағы туберкулезден емдейтін мекемелердің де жанында мектептер мен балабақшалар орналасқан. Жалпы, мен бұл жүйеде отыз жылдан астам еңбек етіп келемін. Тіпті, жағдайы өте нашар науқастармен де жұмыс істейміз. Осы салада қаншама дәрігерлер мен мейірбикелер жұмыс істеп жатыр. Бұл ауруды жұқтыратындар қарапайым санитарлық ережелерді сақтамағандар, жеке бас гигиенасын ұстамайтындар, өз денсаулығына немқұрайлы қарайтындар екенін ұмытпаңыздар. Сондықтан, мұндай мекемелерде жатқан науқастардан қауіп жоқ, себебі олар дәрігерлердің бақылауында. Нағыз қауіп қаралмай, қашып жүрген сырқаттардан келетінін де ұмытпаңыздар. Тіпті, олардың қанша адамға ауру жұқтырғанын білу де мүмкін емес. Сіздер аудандағы бөлімшеде басқа өңірлерден де науқастар жатыр деп босқа даурығасыздар. Рудныйдағы, Қостанайдағы емдеу мекемелерінде де сіздердің аудандарыңыздан науқастар жатыр. Оларды ешкім қуып жатқан жоқ қой, – дейді облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Л.Мыржакупова.
Халықты ешкім де алдай алмайды
-Депутат ретінде емес, осы селоның тұрғыны ретінде мені де бұл мәселенің алаңдатқаны рас. Бүгінгі жиыннан біз өзімізге қажетті жауапты да алдық деп ойлаймын. Мен тек осы жалған мәліметті таратып, халықтың арасына іріткі салғандарды тауып, заңмен жазаласа деймін. Бұл деген арандатушылық. Облыс орталығынан келген кісілердің бәрі бізге “ертегі” айтуға келмеген шығар, бәрі де өз саласының мамандары. Халықты ешкім де алдай алмайды. Әрі халықтың талап-тілегі қашанда орынды деп есептеймін. Сондықтан, жалған ақпарат таратушыларға емес, осы кісілерге сенейік, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Альмира Жансүгірова.P.S. Иә, әулиекөлдіктерді сабырға шақырған жиын осындай пікірлермен аяқталды. Облыс орталығынан келген қонақтар халықты алаңдауға еш негіз жоқ деп сендіргендей болды. Ал, аудан прокуроры жалған мәлімет таратып, халықты дүрбелеңге түсіргендердің заң алдында жауап беретіндігін айтты.
Қарлығаш ОСПАНОВА
Әулиекөл ауданы