Қобыланды батырдың сүйегі жатқан жер
Ақтөбе қаласында қызметте жүрген ұлымның үйінде отырып, кітап сөрелерінің ішінен "Ақтөбе облысының мәдениеті мен өнері" деген кітапты алып, парақтап танысып отырған едім. Бір кезде "Қобыланды" мемориалдық кешені" деген тақырып және жаңадан салынған батырдың күмбезі мен оның бейнесі бейнеленген суреттері көзіме оттай басылды. Ондағы жазылған мәтінді асыға оқып шықтым. Алғашқы сөйлемі "2007 жылы 7-8 қыркүйек күндері Қобда ауданы, Жирен қопа ауылында ұлтымыздың бас батыры, түгел түркі әлемі тәу еткен тұлға – Қарақыпшақ Қобыланды батырға арнап тұрғызылған кесененің түсау кесер рәсімі өтті" деп жазылған. Одан әрі кесененің дулыға іспеттес етіп салынғандығы, оның мән-мағынасы, көлемі туралы әңгімеленген.
Ия, мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімізде, яғни 1962-1965 жылдары хат танымайтын, сауаты жоқ ата-анамыз біздерге осы "Қарақыпшақ Қо-быланды", "Алпамыс батыр", "Ер Тар-ғын" секілді эпос, жыр-дастандарды көзіміз талғанша оқытушы еді, олар тыңдап отырып, кейбір кездерде көздеріне жас алатын. Бұл жыр-дастандарды екі-үш қайтара оқыған кездеріміз де болды. Өйткені, ол кезде қазіргідей телевизор, радио деген жоқ, үйге қонақ келе қалса ата-анамыз әлгі біз оқып берген жыр-дастанды қайта оқытады, сөйтіп уақыт өткізетін.
Шындығын айтқанда менің замандастарым және сауаты бар жасы үлкен ағаларымыз да "Қобыланды батырды" аңыз адам деп қабылдап келгенімізді жасыра алмаймыз.
Жалпы Қобыланды батырдың қандай адам болғандығы туралы қазіргі тарихи мәліметтерге сүйене айтатын болсақ, ол қазақ халқының және тұтастай түркі халықтарының бес ғасырдан астам уақыт ерлік өнегесі болған, ХV ғасырдағы Алтын Орда, Ақ Орда, Ноғай Ордасындағы Қазақ хандығы құрылар тұста өмір сүрген ерлігі мен істері аңызға айналған тарихи тұлға болып отыр. Сол замандағы, яғни ХV ғасырдың орта тұсы мен соңында, Әбіл-хайыр хандығы және Қырым, Қазан, Астрахан, Сібір хандығы, Әмір Темір ұрпақтары әмірліктерінде, Ноғай ордасында болған тарихи-саяси уақиғалардың ортасында болып, оларға барынша араласып, өз жерінің, елінің бостандығы, еркіндігі, тәуелсіздігі үшін бар күш қуатын, жігері мен айбатын салып, жанпидалықпен күресіп ерлік көрсеткен, 1428-1468 жылдар аралығында Ақ Орданың ханы болған Әбілхайырдың бас қолбасшысы, батыры атанған. Қыпшақ даласында ерліктерімен, істерімен барынша әйгіленген ерекше тарихи тұлға.
Осындай тарихи тұлғаны қазіргі ұрпақ дәріптеп, оның сүйегі жатқан жерге соңғы үлгідегі архитектуралық кесене салып, кейінгі ұрпақтардың бойында патриоттық сезімге бөлейтін орынға айналдырғаны құптарлық іс екенін сезіндім, сол кесенені көріп, дұға оқып қайту қажет екенін түсіндім.
Сонымен, кешқұрым қызметінен келген ұлым Дабылбекке Қобыланды батырдың зиратына апарып келуін өтіндім. Қобыланды батырдың сүйегі жатқан Жиренқопа ауылы Ақтөбе қаласынан 200 шақырым қашықтықта Ресейдің шекарасына жақын екен. Қараша айының үшінші жексенбісінде ауа райы күрт өзгергеніне қарамай жолға шығып кеттік. Жолдың 100 шақырымы асфальт, 100 шақырымы құм-тас төселген ойдым-ойдым шұнқыр болды. Бұл өңірді бұрын көрмеген мен жан-жағыма зер салып, қарап келемін. Қобда ауданы орталығынан солтүстікке қарай бұрылған соң елді мекендерді тіпті көре алмадым, анда-санда бір жеңіл автокөлік қарсы өтеді, кейбірін тоқтатып жөн сұраймыз. Мидай дала, әр жерден бұрылыс жол шығады, ол көз ұшында бұлдырап көрінетін елді мекенге апаратын жол екен. Сонымен 200 шақырымдық жолды төрт жарым сағат жүріп, көздеген Жиренқопа ауылына келіп жеттік. Ауылға жақындай бергенде, кітаптан көрген Қобыланды батырдың күмбезі бірден көзге түсті. Күмбездің төбесі батырлардың жауға аттанарда киетін бас киімі – дулыға іспеттес сары жез қаңылтырмен көмкеріліп жабылыпты. Күмбездің төңірегі биік етіліп, темірмен өрнектеліп қоршалған. Аптаның жексенбісі болған соң ба, келіп-кетіп жатқан бізден басқа ешкім көзімізге түспеді.
Өзін "Қобыланды батыр" кешенінің ғылыми қызметкерімін деп таныстырған жас келіншек бізді қарсы алып, кесене туралы мәліметтер айта бастады. Оның айтуынша, еліміз өз тәуелсіздігін алып, ата-бабалар рухын көтеру мақсатында түрлі деңгейде әр аймақта ескерткіштер, күмбездер салына бастаған тұста мұнда – Жиренқопа ауылының іргесінде қазақтың атақты батыры Қарақыпшақ Қобыланды батырдың сүйегі жатқандығы туралы жоғары лауазымды адамдардың құлағына жеткен. Оның жерленген жері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге жеткені қуанышты жағдай болған. Бұл жағымды хабарды алғашқылардың бірі болып естіген, ұлтымыздың салт-дәстүріне ерекше жанашырық танытып жүретін Иманғали Тасмағанбетов пен Әбіш Кекілбаев осында келіп, белгі тас орнатып кеткен. Белгі тасқа "Бұл жерде қазақ халқының мәңгілік ерлік өнегесіне айналған, Орта ғасырлық Алтын Орда, Ноғай ордасы дәуірінің аса көрнекті тұлғасы Қарақыпшақ Қобыланды батырдың асыл сүйегі жатыр" деп жазылған. Бұл белгі тас күмбездің жанына, сыртқа қойылған.
Кейін еліміздің экономикасы көте-рілген тұста Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында 2007 жылы 8 қыркүйекте Қарақыпшақ Қобыланды батырға арналған мемориалдық кешен болып ашылған.
Кесенеге бастайтын соқпақ жолдың (тротуардың) екі жағында "күзетші" балбал, тастар "сап түзеп" тұр. Бұл Қобыланды батырдың сарбаздары, найзасының ұшы деген мағынаны білдіреді екен. Сондай-ақ осы соқпақ жолдың екі шетіне ақын жыраулардың жазып қалдырған эпос-жырларынан үзінді келтіріліп бағаналарға орнатып қойған. Жалпы, Қобыланды батыр туралы әр кезеңде жырлаған жыраулардың ұзын саны 12 екен. Солардың жыр түпнұсқасы осындағы мұражайға қойылыпты.
Мысалы, жыршы Көшелек Елеманов:
"Бұл Қобыландының жері екен,
Жиренқопа дегені
Жылқы салған көлі екен.
Қалмақтың бәрін бостырып,
Қобыландыдай батырдың
Тамам болған жері екен."
* * *
Ал, ақын-жырау Нұрпейіс Байғанин:
"Ерлердің артық данасы
Артықша Қобылан ағасы
Халықтың қорған панасы
Адамнан жоқ жаласы
Тоқсан жасқа келгенде
Судан болды жаласы.
"Ешкіқырған" сағасы,
"Ұлы Қобда" жағасы,
Дүңкиіп тұрған қара оба
Тоқтарбай қарттың баласы
Ер Қобландының моласы"деп жырлаған екен.
Осындай әр жыршының жазып қалдырған жырларынан 6 жерде үзінділер орнатылған.
Кесененің есігі мен оның үстіндегі терезеге қою көк сырмен Құран аяттары жазылған. Күмбездің ішіне ендік, дәл ортасында батырдың сүйегі жат-қан жерге мәрмар қызыл тастан белгі (бесік) қойылыпты. Бейіттің екі қабыр-ғасына қалқан мен балтаның суреті салынған. Бір шетіне шырақ орнатылған. Шырақты сегіз барыс қоршап тұр. Мұнда келіп зиярат етушілердің көзіне бірден түсетін дүние бір-біріне қосақталып байланған үш найза. Ортасында батырдың қолға ұстайтын қалқаны. Ұшы күміс, ұзындығы 4 метр бұл найзалар үш жүздің бірлігін білдіретін-дігін, найза мен қалқанды Қобыланды батырдың Қызылордада тұратын ұрпақтары әкеп сыйға бергендігін, дулыға пішіндес кесененің биіктігі – 17,5, ені – 12 метр болғандығы туралы таныстырушымыз айтып өтті.
Кесененің сыртында, алдыңғы тұсына онша биік емес, адам бойымен шамалас болатын Қобыланды батыр мен Құртқаның және Тайбурылдың мыстан жасалған мүсіні қойылыпты. Осыны көргенде Тайбурылды баптап жүрген Құртқаның жауға қарсы соғысуға кетіп бара жатқан Қобыландыға: "Тайбурылдың 40 күндік кемшілігі бар еді, ерте міндің" деген мағынада ренішпен айтқан сөзі есімде қалыпты. Әдемі жасалған, жарасып-ақ тұр.
Мемориалдық кешенде батырға арналған музей, әкімшілік кеңсе, намазхана, конференция залы күмбездің жанынан орын алған. Музейді аралап, түрлі жәдігерлермен таныстық, суретке түстік. Музейде мұқабасы әбден сарғайған кітаптарға көзім түсті. Музей қызметкері бұл кітаптарда Қобыланды батыр туралы жырланған жыр-дастандардың 12 нұсқасы жазыл-ғандығын айтып өтті. Оның ерліктерін замандастары жырға қосқан, ал кейінгі ұрпақ "Қобыланды батыр жырын" одан әрі дамытып, көркемдеп жырлаған. Біздің заманымызға дейін оның ерліктерін жырлап, жас ұрпаққа ерлік өнегесі ретінде, қайтпас өжеттік, елі мен жеріне деген өлшеусіз сүйіспеншілігі үлгі болып келген. Жыршылар оның ерліктерін әсерлеу салдарынан оны аңыз, эпос кейіпкері деп таныту ХХ-шы ғасырда етек алып кеткен. Алайда, Қара Қыпшақ тайпасынан шыққан Қобыланды батыр ХV ғасырда өмір сүрген, ғылыми тұрғыда дәлелденген нақ-тылы тарихи тұлға екендігі бүгінде баршаға мәшһұр болды. Қобыланды батыр Ноғай Ордасының жерінде, нақтылап айт-қанда бүгінде Ақтөбе облысы Қобда ауданына қарасты Жиренқопа жеріндегі Ешкіқырған тауының және сол аттас өзеннің бойында дүниеге келіп, талай тарихи уақиғаларды басынан өткізіп, Қазақ хандығының алғашқы хандары Керей мен Жәнібекпен, дала данышпаны атанған Асан Қайғымен замандас, қазақ хандығы құрылар тұста ел тәуелсіздігі жолында күрескен тарихи тұлға. Өмірінің соңы да осы Қобда бойында өтіп, денесі Ешкіқырған өзенінің Қобда өзеніне құяр тұсқа жерленіпті.
Иә, "жақсыны көрмекке" дегендей екі мың шақырымға жуықтайтын жерден келіп тұрып, 200 шақырымдағы Қобыланды батырдың күмбезіне бармай қайтуды өзімше қасиетсіздік деп есептеп, қазақтың бас батыры атанған аруақты бабаның басында дұға оқып қайтқаныма қуандым. Алайда, көңілде "әттегенайлар" қалғанын да жасыра алмаймын. "Сырт көз сыншыл" демекші, жолдың нашарлығына, ойдым-ойдым ойылып кеткендігіне еріксіз ренжідім. Қазіргі ұрпақтың патриоттық сезімін оятатын, киелі орынға айналған Қобыланды батырдың күмбезіне баратын 100 шақырымдық жолды жөндеп қоятын уақыт жеткен секілді. Расын айту керек, жол талап деңгейінде болса, Жиренқопа елді мекені, Қобыланды батырдың күмбезі нағыз туристік орынға айналары сөзсіз. Бұл жерде біз мемориалдық кешенге ешкім келмейді екен деуден аулақпыз. Сол өңірдің мектеп оқушылары мен ересек тұрғындары жолдың ауырлығына қарамастан келіп-кетіп тұратын көрінеді. Бірақ ол аздық етеді.
Бектұрған Жамбабаев,
ардагер журналист.
Қобыланды батырдың күмбезі
Қобыланды батырдың күмбезінің ішіндегі жәдігер
Қобыланды батырға қойылған алғашқы белгі тас
Қобыланды батыр
өте кермет