Асыл азамат, білікті басшы еді
Бар саналы ғұмырын Арқалық медицина колледжіне арнаған ұлағатты ұстаз, дәрігер, тәлімгер, ақын, төраға, көш бастайтын көсеміміз, сөз бастайтын шешеніміз, басшымыз болған Амантай Оразбайұлы қазіргі қоғамға лайықты азамат еді. Кезінде туған еліне адал қызмет еткен, адами қасиеттерімен құрметке бөленген Мұқатов Амантай Оразбайұлы бүгінде арамызда жоқ, бақилық болып кеткен абзал азаматымызды бар болмысымен еске аламыз.
Амантай Оразбайұлы 1979 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын аяқтап, жоғарғы білімді "дәрігер-гигиенист" мамандығын иеленді. Жолдамамен келген жас маман еңбек жолын Арқалық медициналық училищесінде қатардағы оқытушылықтан бастады.
Мен Қарағанды мединститутын Амантай Оразбайұлымен қатар аяқтадым, еңбек жолымыз да ұқсас деуіме болады және оның атқарған қызметі "эстафета" іспеттес кезегі маған келіп отырды.
Білімді маман 1982 жылы бөлімше меңгерушісі, 1987 жылы директордың орынбасары қызметтерін атқарды. 1989 жылы Арқалық медицина колледжінің басшысы болып тағайындалды. Білікті басшымыздың орта буын медицина қызметкерлерін даярлауда еңбегі ұшан-теңіз еді. Оқытушылардың барлық күш-жігерін заман талабына сай кадр-лар әзірлеу ісіне жұмсауын талап етті. Колледждің іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді, мемлекеттік тапсырыс бойынша ана тілінде оқытуды қалыптастырды.
Білім алушылардың тәжірибелік жұмыстары қалалық емханаларда сапалы өтуін қадағалап, шәкірттерінен мамандықтың сырына қанығуларын талап етті. Соның нәтижесінде түлектеріміз колледждің абыройын асырып, беделін үстем етуде. Атап айтсақ, еліміздің облыс, аудан орталықтарында, ауылдық емханалары мен ауруханаларында жұмыс атқарып жүрген колледж түлектері көптеп саналады. Одан қалды ТМД елдерінде, басқа да шетелдерде абыроймен қызмет етіп жүрген түлектеріміз де көп. Сондай-ақ, білімін медициналық академияларда жалғастырып, дәрігер болып елімізде қызмет атқарып жүргендері де аз емес.
Сонау нарық жылдары көптеген мекемелер жабылып, қызметкерлер саны қысқарып, қала тұрғындары, оқушылар саны азайып, босап қалған "Студенттер қалашығынан" оқу базасын қала орталығындағы шағын ғимаратқа көшіру, оны талапқа сай жөндеп, бейімдеу жұмыстары оңайға түспеді. Білімді басшының ұйымдастыру қабілетінің, оған қоса ұстаздар ұйымының негізгі еңбеккер ортасының ар-қасында, олардың ішінде Б.Калтаева, Б.Жұмағалиева, Б.Камалова, М.Айтымбетова, Н.В.Котович, басқа да оқытушы, қызметшілер көмегімен оқу базасының жабдықталуы тез арада жүйеге келтірілді, білім беру үрдісі бәсеңдемей жетілдіріле түсті. Бүгінде Торғай өңірін, басқа да елді мекендерді орта буын медицина мамандарымен толассыз жасақтап жүрген оқу орны сақталып, даму кезеңіне аяқ басты. Сондай-ақ, 2002 жылы колледж мемлекеттік аттестациялау сынағынан да сүрінбей өтіп, оқу-тәрбие жұмысы бойынша жоғары дәрежеден көрінді. 2007 жылғы мемлекеттік кезекті аттестациялауда да "өте жақсы" деген бағаға ие болды. Шәкірттеріміз де алған білімдерін өте жақсы көрсете білді.
Амантай Оразбайұлы салған көреген жолмен бүгінде біз де білім беру үрдісінде заманауи оқыту технологияларын пайдалана отырып, білімді де білікті маман тәрбиелеу ісін абыроймен жалғастырудамыз. Колледж басшысы, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері болған Амантай Оразбайұлы жастарды елін, жерін сүйетін, қазіргі қоғамға лайық етіп тәр-биелеуде өзінің үлгісін көрсете білді. Жас ұрпақты шығармашылық рухта, азамат етіп тәрбие-леудің түп тамыры күнделікті тәрбиеден басталатыны белгілі. Сондықтан ол кісі саналы ғұмырын шәкірттер тәрбиелеуге арнады. Өзі дәріс берген "Жалпы гигиена" сабағынан оқушылар өмірлік кеңес алып, медицина мамандығының қыр-сырына тәнті болып, ағайларының сабақ түсіндіруіне риза болатын. Бір ғажабы, ағайдың жастармен тіл табысуы да ерекше еді. Әңгімесімен оқушылардың қызығушылығын арттырып, тыңдаушыны өзіне тартып тұратын. Ол кісі үнемі республикалық, облыстық, қалалық деңгейлерде өтіп жатқан тәрбиелік шараларға колледж оқушыларының белсенді қатысуына, өз өнерін көрсетіп, жүлделі орынға ие болуына басшы ретінде демеу-шілік жасап, әр уақытта жастардың жан-жақты дамуын қадағалап, өз өнерімен үлгі болатын.
Амантай Оразбайұлы ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Ден-саулық сақтау Министрлігінің Алғыс хатымен, Білім және ғылым Министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Жоғары санатты ұстаз ғана емес, ақын, әнші, сықақшы еді.
Динакүл ҚАЗБАЕВА,
Арқалық медициналық колледжінің директоры,
ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі.