Өмірі оның өнеге

Кеңес үкіметі кезінде аудандық тұтынушылар одағында қойма меңгерушісі болып көп жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан Сейтжан Шәйкемелов 80 жасқа толды.
article5829Осыған орай, аудан әкімі А.Кенжеғарин, аудандық мәслихат хатшысы С.Нұрғазин, аудан әкімінің аппарат басшысы Т.Әміров сексеннің сеңгіріне шығып, батагөй қария атанған туған күн иесін құттықтау үшін шаңырағына арнайы атбасын бұрды. Аудан басшысы Асқарбек Ахметбекұлы Сейтжан ақсақалдың өнегелі өмір жолына тоқталып, құттықтау хат табыстап, иығына шапан жапты.
Сейтжан әкеміз бен Ырсалды анамыз­дың шаңырақ көтергендеріне биыл 55 жыл толып отыр. Жарты ғасырдан астам өмірдің қиындығы мен қызығын бірге көріп, қиын-қыстау заманда тағдырдың тауқыметіне төтеп беріп, колхоз-совхоздың қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, ел қатарлы өмір сүріп, бір-біріне сүйеу бола білген бұл кісілердің ғибратты өмір жолы бүгінгі күні шаңырақ көтеріп, жас отбасы атанғандарға  үлгі болары сөзсіз.
Екі ұл, алты қыз тәрбиелеп өсіріп, 23 немере мен 3 шөбере сүйіп отырған Шәйкемелұлы Сейтжан мен Жүмекина Ырсалды анамызға қандай құрмет көрсетсек те, аздық етпес. Сейтжан әкеміз темірден түйін түйген қас шебер. Олай дейтініміз, аудан орталығындағы «Оспанқожа әулие» мешіті мен Шақшақ Жәнібек атындағы мұражайдың күмбезі осы кісінің туындысы. Оның сыртында ағаштан салған ою өрнектері де көздің жауын алады. Бойына біткен осы бір ерекше қасиетінің арқасында қария сан мәрте ел алғысына бөленді.
Темірдің тілін толық меңгерген Сейтжан әкеміз жарамсыз техниканың бөлшектерін құрастырып, жан бітіргендігін үлкен кісілерден талай естідім.
Әкесінің бойындағы осы қасиет ұлдың үлкені Нұрханға дарыған. Аудан орталығындағы істен шыққан техниканы сапалы жөндеп, иесіне қайыра қайтарғанда өз автокөліктерін танымай таңырқап жүрген жүргізушілерді де көрдім. Нұрхан Сейтжанұлы қазіргі таңда Торғай – Арқалық бағытына жолаушыларды тасымалдау жұмысымен айналысып жүр. Ақ түтек боранда немесе техникасы қирап жолда қалды дегенді әлі күнге естігенім жоқ. Ал, ұлдың кішісі Нұржан қар ерісімен шөп шабатын тракторын сайлап, жаз айларында қысқы мал азығын дайындайды. Артылғанын аудан тұрғындарына тиімді бағамен сатып, өз-өзін жұмыспен қамтып отыр.
Иә, қыдыр қонып, бақ дарыған үлгілі отбасыны бүкіл Торғай елі біледі. Елімізде осындай береке-бірлігі жарасқан отбасылар көп болса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ.
Жанкелдин ауданы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓