Ерте солған гүлдер
(Бір әннің сыры)
Күн нұрына бөленіп, табиғат ажары құлпырған күндерінің бірінде «АЛЖИР» мемориалды мұражайы кешенінің Астана қаласындағы кеңсесіне белгілі сазгер Ерсайын Нарымбаев келді. Келісім бойынша мұражайдың директоры Болат Жүнісбекұлын дыбыс студиясында дайын болған әнінің фонограммасын тыңдауға ертіп апарғалы келген екен. Шығарманы тыңдауға біз де ықылас таныттық.
Студияда әннің алғашқы әуені бірден жүрегімізді тебірентіп ала жөнелді. Фонограмманың кіріспесі өте күрделі, әуеннің тұнжыраған қою үні дірілдеген шылдырмақты іліп әкетіп, жаңғырып шыққан қара қобыздың шерлі де үрейлі дыбысы, тұла бойымызды билеп, тылсым сезімге бөледі. Үнсіз тыңдап отырған бізді керемет бір сарын өзіне еліктіріп, тұла бойымыз әуен құшағында болды. Ғажап, бұрын-соңды естіп көрмеген әуен бізді қатты толқытты, тебірентті. Қобыздың мұңды да зарлы үні құлағымыздан кетер емес.
Қай шығарманың болмасын әлқисасы қысқа болғанымен, неғұрлым толықтыратын бөлек шығарма болатынына біз көбінесе мән бере бермейміз. Сонымен әннің кіріспесіндегі қобыздың жүрек тебірентер қоңыр үні әншінің қоңыр дауысымен үйлесім тауып, ақын мен композитордың айтар ойлары мен замана көрінісі ұштасып жатты. Шығарманы орындаған Астанадағы К.Бәйсейітова атындағы академиялық опера және балет театрының әншісі Азамат Жылтыркөзов болатын. Оның баритон дауысы туындының мазмұны мен мағынасын толықтырып, ерлік пен елдікті суреттей түсті. Тыңдаушы қауым әннің құдыретіне, тылсым күшіне бөленіп, тарихи маңызды ірі шығарманың дүниеге келгендігін аңғарды.
Айта кететін бір жай жаңадан шығарылған әндердің үш жақты үйлесім табуы өте сирек кездесетіні аян. Сондықтан кез келген әннің әуені мен сөзі және әншінің орындау шеберлігі тыңдаушы қауымның көңілінен шыға бермейтіні аян. Бірақ бұл шығарманы қай жағынан алсаң да мазмұны мен мәні ерекше айқындалып, айшықтана түскен. Тыңдап отырған біздер ерекше толқып, шығарманың сомдалған құдыретіне таң-тамаша қалып, тебіреніп кеттік. Тіпті әннің аяқталғанын да сезбей қалған екенбіз. Міне керемет. Ақын мен композитордың осынау туындылары сәтті шыққандығы бізді қуантты. Қасымызда отырған Ерсайын ағаның қолын алып ризашылығымызды білдірген едік. Сонымен «Ерте солған гүлдер» атты азалы жыр сонау 37 жылдың қасыретке толы дүрбелеңінде құрбан болған Алаш азаматтарының рухына арналған құнды дүние еді. Мәніне толық қанық болу үшін мұражай басшысы Бөкең бейнеклипті қайтадан қойғызып, тыңдауымызды өтінді. Барлығымыз әннің сөзі мен әуенінің үйлесімі мен үндестік сипатын аңғарған едік. Ақын Жарасбай Нұрқан сол тарихи кезеңді тұла бойынан өткізіп, жүрегімен сезінгендігі, жан ұшырған сәбилер мен қан жылаған аналардың жазықсыз запа шеккендерін шығарманың өн бойына бейнелей білген. Мәселен, өлеңді оқыған кезде «Гуілдейді жел, мүжілгендей тас» деген тұсында зәрені ұшыратын табиғат құбылысы адам баласын еріксіз бүрістіріп, тұла бойыңа үрей сезімін ұялатады. «Көңілімізде – шер, көзімізде – жас» деп сол кездегі әр адамның көңіліндегі айықпайтын мұң мен шерге толы күйін дәл келтіре білген. Шығарманы оқып отырған сәтте ақын тарихи кезеңнің қайғы-қасыретін айқындайтын теңеу тұстарын асқан шеберлікпен суреттеген. 37 жылдың қасыретін, адамдардың тартқан азабын том-том роман жазып, айтып таусылмайтыны хақ. Ақын Жарасбай болса ел басына түскен қаһарлы күндерде замана соққысына тап болған алаш азаматтарының жан күйзелісі мен қайғы-қасыретін 3-4 шумаққа шеберлікпен қамтып, мазмұны терең азалы жыр жазды. Оны ақын өзінің азаматтық парызы деп санады. Ақынның жан айғайы еліне, жеріне, халқына деген сүйіспеншілігі сол өлең жолдарынан байқалады. Туындының құдыреті міне сонда деп білеміз.
Өз басым көгілдір көктемнің лебі ескенін сезініп, малға да, жанға да жәйлі, саумал самалы жазға жетелеген тұсының келгенін сол күні ғана сезініппін.
Ертеңіне, аталмыш әнді мұражайдың ұжымы арнайы жиналып, тағы да екі мәрте тыңдап, жылы лебіздерімізбен бөлістік. Шығарма, әсіресе аға буын өкілдеріне қатты ұнаған екен. Олар бірауыздан әннің тәрбиелік мәнінің тереңдігін аңғарып, осындай туындылардың сирек кездесетініне өкініш білдіріп, жаңа әнге барынша қолдау танытты.
31-ші мамыр күні де жетті. Мен жеңіл машинаммен «Алжир» мұражайында өткізілетін іс-шараға, жоғарыда айтылған шығарманың тұсаукесер рәсіміне алып келу үшін таңғы сегіз жарымда Жарасбай мен Ерсайын ағалардың үйіне қоңырау соқсам, телефонды кешуілдетіп барып Қазина апай көтерді де, Жарасбай ағайдың таңғы сәтте дүниеден өткенін егіліп тұрып, естірткен-ді.. Көп ұзамай, Ерсайын аға да қайғылы жәйден хабардар етті. Қазақтың «шіркін-айы», осындайда ерекше өкінішпен айтылатыны бар. Екі-үш күн бұрын-ақ жүздесіп, мұражайға шақыру билетін апарып, ақынның өлеңін халқының елегенін, әннің тұсаукесерінің болатынын естіп, балаша куанған ақын ағайымыз сол күнді көре алмай кетуі, онсыз да көңілсіз күнде, көңіліміз тіпті кұлазыды.
Кейін, Қазына апайымыздан марқұм Жарасбай аға туралы сыр шерткенде, асыл ағамыз сол заманда – 1937 жылы туғанына өкініп те жүріпті. – «Мен туған жылы талай жазықсыз алаш азаматтары құрбан болған екен, неге сол жылы өмірге келдім…» – деп мұңаятын. Осы тұста ақынның мына өлең жолдарына назар аударсақ: «Жазығы жоқ жандар, алып кеткен кімдер?, Кінәсі жоқ жандар, кімдер кінә таққан, Күнәсі жоқ жандар, кімдер жала жапқан?, Аққа күйе жаққан, айтыңдаршы, кімдер.., Тарқамайды шер, Айықпайтын мұң…» сол кезеңнің: «Мұздай суық лебі» мен «Сол бір сұмдық әлі мазалайды мені» – деп ел басына төнген жан түршігерлік қаһарлы тұсын жүрегімен түсініп, сипаттауы ақынның шеберлігін танытады.
Жәкең өз анасын тебірене еске алады. Анасы Күлсім сол төңірекке әнші-жыршы, ақындығымен танымал болған. Ашаршылық кезіндегі елге көрсеткен еңбегі өз бағасын алып, 1939 жылы Қазақ ССР-ның бірінші шақырылған сайлауында ауылдық советке қазақ әйелдері ішінен тұңғыш депутат болып сайланады. Бұл жөнінде депутаттық мандаты дәлел.
Ал Жарасбайға ақындық анасының ақ сүтімен бойына дарыған тума талант, ғажайып жыршы екені аян. Сол тұстағы саясатқа байланысты ма, әйтеуір анасынан 4-5 жасында жетім қалады. Ол атасы мен әжесінің бауырында өсіп, жасынан зерек болып, бірінші өлеңдерін өзі редактор болған мектептегі қабырға газетінде жариялапты. Заман өзгерген сайын аты да өзгерген Төңкеріс, Тереңсай кейін Ленин атындағы орта мектепті әдебиетші Жылгелді Мұқанов өрелі азаматтаң қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс алып, әдебиетке әуестенеді. Мектепте оқып жүргеннің өзінде шет ел, орыс, қазақ әдебиеттерін көп оқып сусындаған. Мектепті сол жылдары үздік бітірген белгілі қаламгер Герольд Бельгер, Бекжан Нұрманбетов, Мырзатай Серғалиев, Ермек Қонарбаев Алтын медальмен наградталды.
Студент кезінен бастап, «Лениншіл жас» пен «Қазақ әдебиеті» газеттерінде алғашқы өлеңдері жарық көре бастапты. Университетті үздік бітірген Жарасбай Нұрқан Алматыда қалмай ауыл мектебіне мұғалім болып қайтып келіп, үйленіп, 1965 жылы Ақмола қаласына белгілі қаламгер Сапаржан Байжанов қызметке шақырып, өлкелік «Тың өлкесі», облыстық «Коммунизм нұры» газеттерінде және республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің Целиноград облысы бойынша меншікті тілшісі, кейіннен Алматыдағы баспаларда қызмет атқарады.
Біздің мақаламыздың жазылуына арқау болған әнді, композитор Ерсайын Нарымбаев «Жас Алаш» газетінің 2006 жылғы 31 мамыр қарсаңындағы нөмірінен оқып, өзінің айтуы бойынша – «қолайлы дүние болған соң, қайшымен газет бетінен қиып алып, шамалы уақыттан кейін шабытым келіп, шығардым» – деді. Ерекеңнің осы әні шыққан жылы Алматы қаласына жолы түсіп, Жарасбай Нұрқанның мекенжайын Жазушылар Одағынан біліп, арнайы үйіне барыпты. Сол күні ғана ауруханадан шыққан ақынға өз орындауындағы баянмен сүйемелдеп жазған таспасын тыңдатып, көңілін өсіріп, қуантып кетіпті.
Біз әңгіме етіп отырған ән авторы Ерсайын Нарымбаев туралы не білеміз? Ол 1945 жылы, Ресейдің қазіргі Қорған облысының Қостанай облысына маңайласатын іргелес өңірінде дүниеге келіпті. Үлкен нағашы әкесі Қаппастың (Қорғанның ет комбинатының директоры болып қызмет істеп, еңбегі И.В. Сталиннің өз қолынан орден беріліп еленген халқының қалаулы, еліне елеулі еңбегін сіңірген, мықты кісі болған екен) інісі Ерғали деген нағашысы қазақтың көнеден келе жатқан қисса-дастандарын күннен түнге ұластырып, арасында халық әндерін туғызып отыратын үлкен жыршы-өнерпаз болыпты. Ол Ерсайынды 4-5 жасынан бастап халық арасына шыққанында өзінің қасына ертіпті. 40-50 жылдары Қорған мен Қостанай азаматтарының ол кісіні танымайтындары кем де кем болып, өнерінің арқасында қазақ ауылдарының арнайы шақыртып тыңдайтын жыршы, әншісі екен.
Ерекеңнің ерекше есінде қалғаны Ақан Серінің «Құлагер» әнінің толық жыр нұсқасын жатқа айтуы. Анасы Қызқибатта кең диапазонды дауысы бар, керемет әншілігімен танылыпты. Өзінің үлкен әкесінің Әбдірахманның немере інісі Хамит Сөмбаев (атақты Кәмшат Дөненбаеваның туған нағашысы болған кісі), 10 жылдан соң 1949-50 жылдары Сталин лагерінен аман-есен оралған кісі, сәби Ерсайынды алдына отырғызып алып, саусақтарын өз саусақтарына жіппен байлап алып, домбыра мен бірқатарлы гармон тартып қызықтапты. Екі жағынан да өнер тең қонған бала Ерсайын, домбыраны алғаш бес жасында-ақ тартып кетеді.
Кейін 1960 жылы, мектептің 7-ші сыныбын бітірер кезінде Алматыдағы дарынды балаларға арналған музыка мектебіне (қазіргі, К.Бәйсейтова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебі) түсуге ниеттеніп, бірақ сол мектептен келген хатты анасының сандығынына салып, емтихан мерзімі өткеннен кейінгі бір уақытта есіне түсіп, нәсібесі болмапты. Сол Ерекеңнің балалық шағының кезеңі елімізде «Тың игеру» науқанымен сәйкес келіп, алғаш өнерпаз ретінде Қостанай облысы, бұрынғы Пресногорьков ауданының (қазіргі, Ұзынкөл ауданы), К.Маркс колхозының ауыл клубындағы Виктор Касимовский деген тың игерушінің ауыл жастарының кинодан кейінгі биінде гармон ойнауына деген қызығушылығынан басталған екен. Бара-бара сол кісімен жақындасып үйіне еріп барып гармон үйреніп, кейін ауыл жастарының биін Виктор бала Ерсайынға жүргізуді тапсырыпты. Өзі айтпақшы, – «гармон тартқандығымнан, би үйрене алмай кеттім» – деп те өкініш білдіреді. Кейін Қостанай облысының Меңдіқара педучилищесінде оқуда жүріп арнайы баяннан сабақ алады, музыкалық ілімін жетілдіреді.
Ерсайын аға оқуын бітірген соң, жұмыс істеп жүрген Мендіқара педучилишесі жабылып, 1973 жылдың 6 тамызында, бір жыл бұрын ашылған Торғай облысының орталығы Арқалық қаласының пединститутына жұмысқа орналасып, көшіп барады. Ерағаңның негізгі мамандығы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болса да музыкаға деген ықыласы арта берді: сол жылы ең алғашқы 3 әні туады. Өзі тіпті «ән шығардым-ау» – деп те елемейді. Сол тұңғыш туған әндерінің бірі – «Қарындасыма» әні жора-жолдастарының көңілдерінен шыққан екен.
Жоғарыда аталған Хамит Сөмбаев деген атасының Ерсайынға ықыласы ерекше болып, кейін Меңдіқарадағы педучилищеде оқудан оралған кезінде қыстың аязы мен боранына, жаздың ыстығына қарамай, үнемі ат шана немесе арбасымен жолдан тосып алады екен. Ерағаң Хамит атасының әруағына арнап «Аманат» әнін шығарыпты. Әнге арқау болған қазақтың 1993 жылы болған бірінші құрылтайында ұйымдастырылған мүшәйрада бас жүлдеге ие болған қытайдың Шынжан өлкесінің қазақ газетінің бас редакторы болған Сәли Садуақасұлының «Шыт» деген өлеңі екен. Өлеңнің тақырыбының негізінде қалада оқуда жүрген немересіне шыт орамалына түйіп сақтаған әжесінің құрты. Бүгінде Ерсайын аға Мұқағали Мақатаев, Қәкімбек Салықов, Тұманбай Молдағаиев, Төлеген Айбергенов, Ісләм Зікібаев, Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтқожиналар сынды біраз қазақ ақындарының сөздеріне 150-ден астам ән жазған танымал композитор.
Жалпы «Ерте солған гүлдер» әнін осы әнді дүниеге әкелген ағаларымыздың өмірбаянынан бөлек қарау тіпті мүмкін болмады. Өйткені, осы әнді шығару жолында киелі өнер руханиятының тылсымымен үндескен шығармашылық кісілерінің қилы тағдырлары, бастарынан кешкен өмірлері мен тарихи шынайы миссиялары атқарылғандай.
Біз қазір дүниені төңкеретін керемет іздейміз, бірақ барды елемейміз, ал жоқты тіпті құрдымға жібердік. Сондықтан осы әнді мектеп бағдарламасындағы музыка пәнінің тізіміне енгізсе, сол арқылы тек ән-күй пәні ғана емес балалар еліміздің тоталитарлық кезеңінің зұлмат тарихынан да дәріс алар еді. Сонда жыл сайын жұтап бара жатқан қарапайым адамгершілікке баулып, олардың ойлары нұрлана түсер еді.
Жанбота ТАСБОЛАТҰЛЫ,
«АЛЖИР» мемориалды мұражай кешенінің аға ғылыми қызметкері.