Тұқымнан тапшылық көрмейді

ЗЕРНОҚар көбесі сөгіліп, күн жылына қоймаса да Тобыл өңіріндегі диқандардың көңілі алаң. Биыл облыста астық тұқымының тапшылығы байқалады. Яғни 70 мың тонна жетіспейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін  Азық-түлік корпорациясы қосымша қаржы бөліп отыр. Оның сыртында шаруалардың өткен жылы алған несиелерін төлеу мерзімін 2-3 айға ұзартты. 
Былтырғы күн райы жиын-терім жұмыстарына едәуір қолайсыздық туғызғаны  мәлім.  Соның кесірінен  қажетті тұқым қорын дайындау мүмкін болмады. Ендігі үміт үкіметте. Азық-түлік корпорациясы биыл да шаруаларға  жәрдемдесуге әзір. 
– "Азық-түлік келісім-шарт корпорациясынан" тұқым сатып алу үшін  1 млрд. 800 миллион теңге бөлінген-ді. Аталған соманың 310 миллион теңгесі шаруалардың қолына тиді. Әзірге мұндай мүмкіндікке 43 шаруашылық ие. Бүгінгі таңда  өкілдік 108 өтінішті  қабылдады. Соған сәйкес диқандарға  тағы 1 млрд.250 миллион теңге береміз, –  дейді "Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы" АҚ  Қостанай облыстық филиалының директоры Мирас Төрежанов.
Әрине, бұл қаржыны алудың өзіндік талаптары жоқ емес. Бірінші кезекте шаруалар бұрын алған  несиелерін жабуға міндетті. Ал қостанайлық диқандардың өткен жылдан бергі төленбеген қарызы 470 миллион теңге. Бұған да түсіністікпен қарап, пролангация жасаудан басқа жол жоқ дейді мамандар.
"Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы"  АҚ  орталық аппаратының бас менеджері  Ғани Әбенов бізге:
– 1-ші қаңтардан кейін астық өндірушілердің айыппұлы  пайыздық мөлшерге шаққанда 10% болған. Оны  2%-ға дейін қазір төмендетіп жатырмыз. Егер ақпан айында төлеп бітірмесе, онда  ол наурызда 3%-ке ұлғаяды. Қалай болғанда да біз қарызды өтеу мерзімін кемінде 2-3 айға  ұзартпақпыз, – дегенді айтты.           
Пролангация, яғни төлем уақыты жыл аяғына дейін  ұзартылуы мүмкін. Бірақ ол үшін арнайы комиссия шаруаның табиғи жағдайға байланысты өнім ала алмағандығын растауы тиіс. Бұл шаруалар үшін тиімді тәсіл.
Қазір облыс бойынша 50 шаруашылық  азық-түлік корпорациясына берешек. Олар әрі кетсе жыл аяғына дейін қарыздарын қалайда өтеуі тиіс.
Айбек
       КӘДІРҰЛЫ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓