Ғазиза ЖҰМЕКЕНОВА, ҚР Еңбек сіңірген әртісі: «КЕЛЕР ҰРПАҚ КЕРЕГІН ЕКШЕП АЛАР»

Көмейіне бұлбұл ұя салған Ғазиза апамыз тек Тобыл-Торғайдың емес, барша қазақтың дарынды әншісі десек, артық айтқанымыз емес. Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі өз тыңдармандарын күні бүгінге дейін әдемі әнімен елітіп, қуантып келеді. Баһадүрдің белбеуіндей созылып жатқан Байғабыл өзенінің бойынан нәр алған талант иесі қазір Ақмола облысының Үкілі Ыбырай атындағы филармониясының белді әншісі.
Оқырман назарына Ғазиза Жұмекеновамен орайы келген сұхбатты ұсынамыз. Апамыз өткен-кеткенге көз жүгіртіп, жас ұрпаққа сыр шертті…  IMG_8483-Ғазиза апа, ел талантыңызға риза, сізді сүйіп тыңдар жұрт көп. Енді оқушы қауымға өнер жолын қалай бастағаныңыз да қызық.
-Тобыл-Торғайдың Қалибек Деріпсалдин, Қонысбай Әбіл, Бақытжан Сәуекенов, Жадыра Құтжанова сынды таңдаулы керемет жұлдыздары бар. Мен өнерге өткен ғасырдың 70-ші жылдары қосылдым. Мектеп қабырғасынан бастап, қара домбыраны жанға серік етіп, ауыл сахналарына шығып жүрдік. Кейін қалаға бет алдық. Таңдаған мамандығым басқа болса да, осы өнерден алыстамадым. Ол кезде ата-анананың айтқанына көнесің, үйдегілер мені мұғалімдікке жіберді. Студенттік шақта өнеріміз одан сайын шыңдала түсті. Бірақ, «ат айналып қазығын табады» демекші, қалада көп бөгелмей, ауылға қайта келдік. Туып-өскен жерде жұмыс істедім. Әрине, адамның бойына біткен таланты тыныш жата қоймайды. Мен көркемөнерпаздар үйірмесіне барып, түрлі байқауларға қатыса жүріп, сөйтіп ел ішінде таныла бастадық. Өнерімізді бағалап, көтермелеп жүрген де сол ел ғой. Сондықтан, әрқашан Торғай тыңдармандарының өз өнерпаздарын үнемі әспеттеп, алақандарына салып отыратынына ризамын. Сөйткен азаматтарының бәрі бір-бір өнердің майталмандары. Бұдан соң, біздің елдің талғамы зор деуге әсте болады. Қазақстанның біраз жерінде, тіпті шет елде де өнер көрсеттік, бірақ бір нәрсе жетпей тұрады… Бәлкім, бізге солай көрінетін шығар.     
Міне, сахнада жүргеніме 47 жыл болды. Орындап һәм насихаттап жүргеніміз – халықтың әні, халық композиторларының шығармасы. Ұлттық дәстүрімізді бойға сіңіріп, қазақ халқының өзіндік колоритін жоғалтпай, адал еңбек еттік. Біздің өнерімізді тарих өзі екшеп ала ма, жоқ әлде, заман көшінде қалып кете ме, уақыт көрсете жатар. Бірақ, оған қарамастан, риясыз қызметімді жалғастыра беремін.
-Өнер сапарыңыздың ең елеулі шақтары Көкше жерінде өткенін білеміз…
-Сондай бір қилы замандар болды. 1996-97 жылдары Торғай облысы жабылып, адамдар тұрмыстың соңынан жан-жаққа тарап кетті. Мен Қостанай не Торғайда тұрмайын дегенім жоқ. Сол кездері екі жылдай Қостанайда жүрдім. Өмірзақ Шөкеевтің облыс басқарып тұрған шағы. Римма Ғабдолқызы мәдениеттің басшысы еді. Ол замандарда да әжептәуір атағым болды. Жұмыс іздеп облыстық филармонияның табалдырығын тоздырдым, елде қаламын деп қанша талаптансам да жөні болмады. Бірақ әлі де күте тұрайын деген ниетпен Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатта екі жылдай жұмыс істедім. Сосын Ақмола облысынан Светлана Жақиянова, Нурикамал Сейтжанова сияқты апаларымның шақыруымен және бұрын Торғай облысында әкім болған Сергей Витальевич Кулагиннің септігімен Көкше жеріне қоныс аудардым. Сол Сергей Витальевич, бәлкім, қызмет барысында біреуге жаққан не жақпаған болар, бірақ, меніңше, азаматтығы бір төбе еді. Торғай жерінде де мені үнемі қолдап отыратын. 1998 жылы біреулерден сұрастырып, Қостанайда жүрген мені тауып алды. Өзі Ақмола облысына әкім болып барған екен. Хабарласып, жағдайымды сұрады. «Жағдай жақсы, бірақ филаромнияда емес, мектепте істеп жатырмын. Пәтерім де жоқ» дедім. Ол: « Онда Ақмолаға кел, бұл жерде өнерді жақсы бағалайтын тыңдарман да бар»,- деді. Қайда болса да баратынымды, тек пәтер мен филармонияда жұмысым болғанын қалайтынымды бірден айттым.
Келесі күні арызымды жазып, Көкшеге кетіп отырдым. Мен барған жылы облыстық филармония, халық шығармашылық орталығы, ұлт аспаптар оркестрі мен фольклорлық ансамбльдердің енді-енді құрылып жатқан шағы екен, мен сол ұжымның әншісі болып шыға келдім. Екі-үш айдың ішінде пәтер берді. Сонымен, Көкше жерінен дәм-тұз бұйырып, өнеріміз өрлей түсті. Қазір, міне, аттай жиырма жыл өтті. Зейнетке шыққаныма алты жылдай болды. Бірақ ұжымым қолдап, халқым іздейтін болғасын әлі де сахнада жүрмін.IMG_8455-Ұлттық құндылықты насихаттап жүрген жан ретінде қазақтың ата өнерінің қазіргі күйіне қандай баға бересіз? 
-Сәті түсіп тұрғанда айта кету керек, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен Арқаның ән дүлдүлдері – Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Біржан сал, Балуан шолақ есімдері қайтадан жаңғырып жатыр. Еңбекшілер ауданы «Біржан сал» болып өзгерсе, биыл облыстық филармонияға Үкілі Ыбырайдың есімі берілді. Мен сол филаромниядағы Кенжебек Күмісбеков  атындағы ұлт аспаптар оркестрінің әншісімін.
Мәселен, Ыбырай атамыз Ақмоладағы Айыртау ауданында дүниеге келген. Міне, сол мекенге бара жатқандағы көріністі сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Алғаш рет аққулардың көшін көрдім. Өнер адамына нағыз шабыт беріп, шалқытатын жер. Осынау ғажапты Үкілі Ыбырай әнге қосқан. «Гәкку» әні сол жерде туған. Ол – қазақ операсының әуелгі жауһарларының бірі. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді деген осы, міне.
Біздің кезімізде де эстрадалық ән басым болды. Кейін тарсыл-гүрсіл күшейіп, дүниенің бәрі темір болып бара жатқанда Алматы консерваториясынан дәстүрлі әншілердің кафедрасы, одан соң түрлі курстар ашылып, Қаламқас Орашева, Қапаш Құлышева сияқты әншілер домбырамен шыққан кезде жұрт қайтадан өзінің жан-дүниесіне жақын домбыра, қобызға бет бұра бастады.
Бірақ, батыстан келген бұл сұмдық оңай берілетін емес. Алмас Темірбай деген ақын айтқандай,  қазір оңға қарасаң да, солға қарасаң да, теледидарды қосып қалсаң да дүниенің бәрін темір ғасыр билеп жатыр. Эстрададағы музыканың бәрін техникамен сүймелдейді ғой, міне, ұлтымыздың аспаптары қайтадан шетке ығыстырылды.
Жоғарыда айтқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық құндылықтарымызды қайта дәріптемек. Мен өз саламнан айтатын болсам, осы бағдарлама басталғалы, біз сияқты өнерпаздардың екінші тынысы ашылып, жер-жерде дәстүрлі әншілердің конкурстары, концерттері өтіп жатыр. Халық жоғалтқанын қайта тапқандай қуана қарсы алуда. Заман кері кетіп бара жатқанда, Елбасы ұлттық сипатты ұмытпауға шақырып отыр. Бір жылдың ішінде ғана қаншама тарихи мекендер табылып, құнды материалдар қолға түсті.
Ал, енді, жаңашыл әншілерге не деуге болады?.. Халық ұнатса, мен бәріне де басымды иемін. Бірақ, халықтың сыншылын екенін ұмытпау керек. Ертеректегі эстрадада Мейрамбек Беспаев, Қарақат Әбілдиналардың домбыраның үнін қоса жүріп шырқаған әндері жұрттың көкейінде әлі жүр. Соңғы уақытта шетелдің әншілеріне көп ұқсағымыз келеді. Олардың киім киісіне еліктейміз, санын ашып, жарқылдатпаса болмайтын болды ғой. Қазіргінің форматы осылай дейді. Соның бәрі менің көңіліме қонбайды, әрине. «Жоқ-жоқ» дегеннен басқа сөзі жоқ әннің бәлен миллион тыңдарманы бар, орындаушысы жұлдыз болып шыға келді. «Аспанға қараймын, жұлдызға қараймын» деп тағы біреуі шықты. Қазір біреуді сынап, тоқтатайын десең, олар керісінше үдей түседі. Халық ұнатса тыңдай берсін дейміз, бірақ әр нәрсенің шегі бар ғой. Бәрібір түбінде домбыра мен қобызға, ұлттық өнерге қайтып оралармыз деп ойлаймын.
Кәсіби тұрғыдан айтар болсақ, Димаш ерлеп тұр. Бес жасынан бастап музыкалық білім алып, жілігін шағып, майын ішті. Әлемнің қай сахнасына салып жіберсең де бәрін иіріп әкетеді. Одан соң өзіміздің жерлесіміз Сүндет Байғожинді айтар едім. Елдің арқасында Италияда оқып келді. Мен соларды әнші, өнердің басында тұрған жастар деп білемін. Ал эстарадаға келсек, іздеу керек, таңдау керек. Әл-әзір ешкімді көріп тұрған жоқпын.IMG_8492-Туған жерге жиі барып тұрасыз ба?
-Біздің өзегіміз сол туған жерде ғой. Елге барсақ қанаттанып, шабыттанып қаламыз. Мен ауылға жиі барып тұрамын. Былтыр Арқалық қаласының 60 жылдығы қандай керемет өтті. Жан-жақтан құрметті қонақтар келді. Толассыз жаңбыр жауса да халық кетпей, біздің өнерімізді бастан-аяқ тамашалады. Жоғарыда айтып өткенімдей, Арқа жұрты өнерді жақсы бағалайды. Сосын елге қызмет қылайын деп, Аманкелді ауданында өткен Ұлт-азаттық қозғалысының 100 жылдығына бардым. Тойтөбеге халық көп жиналды. Шамамен 5 мыңдай адам болды-ау. Арғы жағы – сап-сары кең дала, мына – жағында атқа мінген шабандоздар, сахнада театрландырылған қойылым жүріп жатыр. Керемет көрініс, енді. Сол жерде арқаланып тұрып ән шырқадым, халқым тікесінен тік тұрып, шаршамай, шалдықпай тыңдады.
Белгілі композитор Бақытжан Байқадамовтың 100 жылдығы республикалық деңгейде аталып өтті. Зиялы қауым жиналды. Ұрпақтары келді. Балалардың байқауы өтті. Сөйтіп жүріп, қуанышымыз қол мерген Кейкі батырдың бас сүйегінің туған жерге оралуымен жалғасты. Бұл бір ғажап сәт еді. Соның куәсі болдым. Батыр ұлының туған жер қойнауына енгеніне Жер-ана да қуанғандай әсер қалдырды маған. Осы торқалы тойдың бәрін Қостанай облысы әкімінен бастап, мәдениет басқармасы, Арқалық қаласы мен Аманкелді, Жанкелдин ауданының басшылары жоғары деңгейде өткізді. Міне, тек осындай қуаныштарда ғана келемін, әлі де осылай жалғаса берсе екен деймін. Биыл Аманкелді ауданына 90 жыл толмақ. Бұл мерейлі дата да өз деңгейінде өтетініне сенемін.
 
Сұхбаттасқан Кенже ҚОНЫСБАЙ,
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.   

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓