“Қазақ тілін білу – парыз дейді орыс азаматы Денис Скороходов
Мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілін көрсек "Қазақшаға судай" немесе "Қазақшасы тәп-тәуір" деп тамсанып жатамыз. Осынау теңеуді қостанайлық Денис Скороходовқа арнап айтсаңыз қателеспессіз. Себебі, Денистің мемлекеттік тілде сөз саптауы шынымен жақсы. Әр сөзді тігісін жатқызып, шегелеп тұрып айтады.
Оның қазақша сауатты сөйлеуіне өскен ортасының септігі тиген шығар. Өйткені, Денис қазағы қалың Арқалықтың тумасы. Аталған қалаға қарасты Шилі (қазіргі Қайыңды) ауылында кіндік қаны тамды. Кейіпкеріміз отбасында бес ағайынды. Бір ағасы, бір інісі және екі қарындасы бар. Бауырларының бәрі қазақша сөйлейді. Әкесі Александр дүниеден өткен. Ал анасы Татьяна Арқалық қаласының маңындағы Аққошқар ауылында тұрып жатыр.
Денис Скороходов 1991 жылы Ақбұлақ орта мектебінде сауат ашты. Бесінші сыныптан бастап Алуа орта мектебінде оқуын жалғастырды. Бастауыш сыныптарда орысша оқыған. Кейін, орыс мектептері жабылған соң қазақ сыныбына ауысты. Мектеп қабырғасында жүріп қазақ тілі пән олимпиадаларына қатысқан. Студент кезінде мемлекеттік тілдегі байқауларда бақ сынады. Бірнеше мәрте жүлде алып, мерейі үстем болды. Еңбек жолын Арқалық қаласы мәдениет бөлімінің жанындағы орталықтандырылған клуб жүйесінен бухгалтер болып бастады. Кейін 2006 жылдан 2009 жылға дейін Арқалық қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы, бас маманы қызметтерін атқарды. Қазіргі уақытта Қостанай облыстық ішкі саясат басқармасында үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі бөлімнің жетекшісі.
– Жұмыста, қоғамда қос тілді қатар қолданамын. Қазақша үйрену қиын емес. Ең бастысы ниет керек. Қазақ елінің әр азаматына мемлекеттік тілді білу – парыз. Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан соң өзара түсіністік қажет. Мемлекеттік тілдің дамуына әр адам үлес қосқан жөн, – дейді Денис Скороходов.
Кейіпкеріміздің Денислам Желаяқов деген қазақша лақап аты да бар. Бейтаныстарға әзілдеп өзін "Желаяқов" деп таныстырады екен. Сірә, сөз тапқанға қолқа жоқ деген осы шығар.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
Суретте: Денис Скороходов.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.