Бағытұр ДӘНДІБАЕВ: “Ассамблеяның мақсаты – МЫЗҒЫМАС ТАТУЛЫҚ”
Әлемдік тәжірибеде ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақтың астына біріктіріп, береке-бірліктің құндылығы мен қасиетін көрсетіп келе жатқан мемлекет некен-саяқ. Өзінің 24 жылдық тарихының жиырма жылын 130-дан астам халықтың өкілдерімен тату-тәтті өмір сүруді үлгі еткен ел кім десе, ол – біздің Отанымыз. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы. Ассамблея өзінің тұрақты қызметін басқаларға сөзімен емес, ісімен дәлелдеді. Бұл ұйым Қазақстанды мекен еткен қаншама ұлт өкілдерін елінің нағыз патриоты болуына, отансүйгіштікке үйретті. Ассамблея құрылған 20 жыл ішінде көпұлтты Қазақстандағы татулық пен келісімнің үндесуіне өз септігін тигізді.
Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы мерекелік жылға орай шараларын бастайды. Осыған байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Бағытұр Дәндібаевпен сұхбаттасқан едік.
– Бағытұр Әлімбайұлы, Ассамблеяның құрылу тарихына тоқталып өтсеңіз?
– Дәл осы ұлттық бірлікке, ұлттар арасындағы татулыққа қатысты мәселе көтерілгенде Ассамблея секілді құрылымның қажеттігі туралы да айтылатын. Ал мұндай идея алғаш рет 1992 жылы Қазақстан халқының тұңғыш құрылтайында сөз болды.
Кейіннен 1995 жылғы 1 наурызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президенті жанынан басты міндеті мемлекет пен азаматтық қоғам институттары арасындағы әріптестік негізінде этностар мүдделерін ұйыстыруды қамтамасыз ету, тиімді этносаралық іс-қимылды жүргізу, біртұтас саяси, құқықтық, мәдени орта қалыптастыру болып анықталған жаңа консультативті-кеңесші орган құрылды. Тоқтала кететін жайт, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімге бағытталған этносаралық, конфессияаралық қатынастар мемлекеттік саясаттың өзегі болып табылады. Оның қызметі ҚР Конституциясына, 2008 жылы қабылданған "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" заңына, Ассамблеяның даму стратегиясына негізделген. Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма жылдық дамуында, оның сессияларында мемлекет өмірінің маңызды мәселелері қаралды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы, Ассамблея Төрағасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде даму стратегиясы, Қазақстанның ел бірлігі доктринасын жан-жақты талқылау секілді қоғам үшін маңызды мәселелерге назар аударылды. Қазақстанның бүгінгі күні еңсерген басты жетістіктері де осы татулықтың тұғырлы тұруынан бастау алатыны рас. Бұл төңіректегі әңгіме жайында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: "Мені небір қиын күндері демеп жүретін – халықтың қолдауы, Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың достығы. Біз қоғамда қалыптасқан саяси тұрақтылықты, ұлттар арасындағы ауызбіршілікті, ағайын арасындағы сыйластықты, адамдардың бір-біріне деген мейірімділігін көздің қарашығындай сақтауды балаларымыздың балаларына аманат етіп қалдыруға тиіспіз!", – деп атап көрсеткен болатын.
Қазір Қостанай облысында 18 ұлттық-мәдени орталық бар. Сол ұлттық орталықтардың жанынан тоғыз жексенбілік мектеп құрылған. Қазіргі таңда барлығы "Достық үйі" атты шаңырақ астында кейінгі буынға ұлттық салт-дәс-түрін дәріптеп, тілін үйретіп, тарихымен таныстыруда. Олардың ішінде ең белсенділері – "Эребуни" қауымы, кәрістердің "Ен-ка-ди" қауымдастығы, "Возрождение" неміс саяси-қоғамдық бірлес-тігі, "Дуслык" татар-башқұрт ұлт-тық-мәдени орталығы, украин қауымы, "Асаба" қырғыз ұлттық мәдени орталығы. Ассаблеяның жанынан жастар қанаты құрылып, алдына қойған өз міндеттерін атқаруда.
– Президент Жарлығымен 2015 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланғаны белгілі. Осы орайда өңірімізде атқарылатын жұмыс жоспарларыңызбен таныстырып өтсеңіз…
– Ассамблеяның қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында оның аясы кеңеюде. Мәселен, барымызды саралап, оң мен солды таразылайтын ғылыми-сараптамалық топтың орны бөлек. Облыстық ішкі саясат басқармасы және Қазақстан халқы Ассамблеясының Қостанай облыстық филиалының мұрындық болуымен зияткерлік қонақжай залы ашылды. Өткен жылы достық үйінде философия ғылымдарының докторы С.Қолдыбаевтың "Философско-эпистемологические проблемы исторического процесса" кітабының тұсауы кесілді. Сонымен қатар былтыр атақты украин ақыны Т.Шевченконың 200 жылдығына орай әдеби кеш өтті. Өткен жылдың сәуір айында А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-нің акт залында өңір басшысы Н.Садуақасовтың қатысуымен Мемлекет басшысының "G-Global" бастамасына қолдау білдіруге арналған жиын болды. Осы тектес іс-шаралар биыл да жалғасады.
Қазір этномәдени бірлестіктердің белсенділерін, ғылыми-сараптамалық топтың мүшелерін, мемлекеттік қызметкерлердің кә-сіби деңгейін көтеру жолға қойылып отыр. ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясынан 94 адам оқып келіп, арнайы сертификат алды. Жиырма жылдыққа орай өткізілетін іс-шаралардың жоспары бекітілді. Әрине, биылғы Ассамблея жылын алаулатып-жалаулатып өткізуден гөрі, қоғамдық институттың ел үшін атқарған ісін халық арасында насихаттап, мән-маңызын ашып көрсету басты назарға алынады. Бір сөзбен айтқанда, Ассамблеяның мақсаты – еліміздегі ұлттардың өзара татулығы.
Шұға
ҚОҢҚАБАЙ
Суретте: Бағытұр Дәндібаев.