Жазықсыз жапа шеккен Шіменбай Бақбергенұлы Әлшорин жайлы не білеміз?

Шименбай АлшоринШіменбай ақсақал Торғай, Қостанай аумағына танымал азамат еді. Адамгершілігі мол, өткір тілді, қайсар мінезді, әділдікті ту еткен іскер басшы еді, тәжірибелі ісімен, өзінің өзгеден шоқтығы биіктігін көзінің тірісінде маңайындағы көре алмаған көп дұшпанға бір емес, бірнеше дәлелдеген дана қария болатын.
Алға озған жүйріктігі, етектен тартқан озбыр заманда бір емес, екі рет тозаққа түсірді.
Алғашында 10 жылға, екіншіде 25 жылға бас бостандығынан айрылып түрмеге жабылды. Екеуінде де уақытынан бұрын ақталды. Партия қатарынан екі рет шығарылып, екі рет қайта кірді. Қолымда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 2003 жылғы 24 қарашадағы құжаты бар. Иә, 1938 жылы саяси жазалау құрбаны болған асыл азамат тек 1993 жылы 79 жасында ақталды. Ал ақталмай көз жұмған қаншама арыстар өтті дүниеден.
Осы тарихи тұлға жайлы не білеміз. Соған қысқаша тоқталайын. Әлшорин Шіменбай Бақбергенұлы 1914 жылы туған. 1923-1924 және 1928-1931 жылдары бастауыш мектепте оқып, кейін сырттай 10 жылдық білім алған. Осы оқумен қоса діни сауатын ашқан, төте арабша оқуды үйренген.
1928 жылы 14 жасында ауылдағы комсомол комитетіне хатшы, 1931-1934 жылдары Аманкелді ауданы прокуратурасының тергеу ісін жүргізуші, 1933-1937 жылдары Аманкелді аудандық халық сотының хатшысы, сот төрағасы болып қызмет атқарған. Бар-жоғы 23 жастағы алғыр азамат осындай жауапты қызметке қол жеткізіп, берілген істі абыройлы атқарған.
Сол кездегі асыра сілтеу салдарынан аудан халқы аштыққа ұшырайды.  Белсенділер жасаған қиянат 1932 жылы "Социалистік Қазақстан" газетіне шығып, құрамында Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов бар арнаулы комиссия келіп тексереді. Осы аштықтан 24 ауылдық Советтен, 14 қана ауылдық Совет қалады.
Осындай елдегі қайғылы да, келеңсіз жайды Ғ.Мүсірепов "Батпаққараның бетпаққаралары" деп мақала жазған. Тексеруге келген кісілермен Шікең бірге болып, танысып, сыйласқан. Ол кісілер Шіменбайдың іскерлігін, алғырлығын бағалаған.
Алғашқы сотталар алдындағы көрген зәбірі жайлы күрсіне еске алып: "Әй, қарағым, әлі есімде, 1938 жылдың 24 марты күні таңертеңгі сағат тура 10-да қызметте отырғанымда қолында ордері бар екі милиция үстіме кіріп келді. Келген бетте НКВД-ға жүресің деді. Милиция бастығы Тәстәнбеков түрмеге қаматты. 7 күн жәбірлі тергеуде болдым. Тәстәнбековтың бергізген қысым-қиянатына шыдай алмай  көрмегенімді көрдім, білмейтінімді білдім, істемегенімді істедім, "Халық жауымын" деп жазып бердім.
Алғашында көнбеп едім, қысым жасады. 2 күн бойы жалаңаяқ мұзға отырғызып қойды. Одан әрі шыдай алмадым. Түрмеде жатқандармен сөйлессем, бәрі қысымға төзе алмай не жаз десе, соны жаза беріпті.
Бір күні біз ақылдасып, шылым қағазына арыз жазып, аудан, облыс, Республика және СССР басшыларына жібердік.
Бұған райком секретары Түрікпенбаевтың қатысуымен облыстық НКВД-дан Ғұмаров деген келіп жауап алды.
Бұл да жәбір үстіне жәбір болды. Шыдай алмай тағы да айтқанына көндік. Мұны сол кезде НКВД-да милиционер болған Белғожа Жамансарин, Нартай Алтынбаев  біледі. Біз бірге ұсталған 33 адам едік. 11-і комсомол мүшесі болатынбыз. Бір іспен 11 адам айыпталдық. Сол он бірдің ішінде Сәлімгерей Тоқтамысов (кейін ақталып, республиканың белгілі партия, совет, қоғам қайраткері болды) ол кезде райисполкомда секретарь болатын. Қалғандары Жанпейіс Аяпов – райисполком қызметкері, Ғабдолла Рүстембаев – колхоз председателі, Шайхы Баймағанбетов – НКВД қызметкері, Әбдіғали Қыстаубаев – нархоз-учет бастығы (қазіргі райстат), Ержан Балғымбаев – райзода инспектор, Досан Оразалин – колхоз председателі, Әмір Найзаболатов, Жұмабай Ысқақов және мен болатынмын" деп әңгімесін аяқтады қария.
Бұл қысқа әңгімесі сол кезеңнің тек бір сәттік оқиғасы болатын. Осындай келешегі жарқын, іскер жасты жаламен қамауға алған сол кездегі облыстық үштік билігі. Жылға жуық тергеуде отырып, 24 жасында 10 жылға сотталып, Колымада, Магаданда, Камчаткада колонияда болған.
Осы Шіменбай ақсақалмен "Родник" кеңшарында 11 жыл үй арасында үй жоқ көрші болдым. Әкеміздей болған қариямен өмірден озғанынша сыйлас, сырлас болдық. Баласымен қатар жасымның кішілігіне қарамай өзімен қатар адамдай сөйлесетін, ақыл-кеңесін беретін, тәжірибесін үйрететін. Әңгіме арасында көрген бейнеті жайлы сұрай қалсам тікелей  жауап беруден жалтарып, әңгімені     басқа арнаға бұратын. Түрмеде болғаны жайлы ашылып айта бермейтін.
Үнемі ой үстінде жүретін ақылы дана қарт мен жас болған соң артық сөз болар, басым пәлеге қалар деп сенбейтін шығар деп ойлайтынмын. Қазір ойлап отырсам сол көрген бейнет, тартқан азабын айту да қаншама ауыр екенін түсінесің. Әрі үнемі қудалауда болып, зәрезап болып қалған адам қайдан іштегі сырын шығара қойсын.
Бүгін өзі ортада болмағанмен, көңілде көптеген көрген азабы жайлы естелігі, жазған өлеңдері қалды. Бірде Шікең түрмеге түсуі жайлы әңгіме қозғады.
Сол кезде қуғын-сүргін құрбандарын халыққа жарияламай-ақ үш адам қол қойып, соттай берген жүйе болған. Яғни, "тройка" шешімі. Бұл "тройкасы" сот, прокуратура, НКВД болуы керек. Сол кездегі НКВД (Народный коммисариат внутренних дел) мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер басқармасын біріктірген орган болған. Бұл орган залым Ежов, Берия заманында зұлымдықтың шырқау биігіне көтеріліп, жазалаудың адам құлағы естімеген сұмдықтарын жүзеге асырған. Жоғарыдан нұсқау келсе, шаш ал десе бас алатын жергілікті жаналғыштар қолына Шікең де түскен.
Көп жағдайда жоғары жақты, әсіресе Сталинді кінәлап жатады. Әрине, зұлым басшыны қорғаудан аулақпын. Бірақ жергілікті жердегі зұлымдық, жазықсыз ұстау, қамау, қинау, еркінен тыс мойындатуды жүргізген өзіміздің адамдарымыз еді ғой. Арада 70 жыл өтсе де солардың аты тарих сахнасына толық шықпай, көлеңкеде қалып келеді.
1937-1938 жылдарда болған жазықсыз жаппай қудалауға белсене араласқан, жазықсыз адамдарды "сен тыңшысың" деп жала жауып ұрып-соққан, жәбірлеген, соттаған, түрмеге жапқан, Сібірге айдатқан сырттан келген емес, өз қандастарымыз екені анық. Бүгінде зәбір көрушілер тізімі әлі  толық шықпай келсе, зәбір берушілерге де нақты шара қолданылмады.
Көршілес Өзбек, Қырғыз, Түркімен, Тәжік халықтары жазықсыз жапа шеккен арыстарын қорғап, тығып, басқа жаққа өткізіп жіберіп, аман алып қалу үшін күш салса, біздің қара көздер бірін-бірі жіпке тізіп беруі жалған емес.
Бұл қайғылы жайды екінің бірі біледі. Жазықсыз сотталғандардың көбісі ақталмай көз жұмды. Артында қалған ағайын-туысы, отбасы "халық жауының" туысы деген суық сөзден арылмай өмір кешті.
Иә, әлі азамат болып қалыптаспаған 23 жастағы қыршын жасты жазықсыз жаламен түрмеге қамайды. Тар жерге қамап, далаға шығармай, ұрып-соғып зәбірлейді. Жасамаған ісін жасады деп мойындатуға әрекет жасап неше күн қатарынан ұйықтатпай орындыққа байлап, төбесінен су тамшылатып, су құйып жанып тұрған электр лампасы астында ұстағанға шыдай алмаған, қайрат-жігері әлсіздер қандай жала жапса да амалсыз мойындап, берген қағазына қол қойып бергендердің аттарын атап отырушы еді, жарықтық.
Сондай жан төзгісіз қыспақтан тезірек сотталып, түрмеге кеткенін жұмақ көрген талай қандастар тергеу кезінде көз жұмған. Болмаса, ақылынан адасып, түрмеге құр өлексе болып жеткендер болған.
Осындай жан түршігерлік қыспаққа шыдап, тергеу ісінің азапты күндеріне төзіп, сот шешімі шыққан соң Сібірдегі Колымаға жіберілген.
Сол кездегі түрме жүйесі бойынша саяси сотталғандарды бір жерде тұрақтатпай, 5-6 айда басқа жерге ауыстырып отырған. Алғашқыда Колымада, кейін Воркутада, Магаданда, Камчаткада колонияда болған. Түрмеде жүріп Жоғарғы сотқа талай рет шағымданған. Бірақ бір жерден екінші жерге көшіру әрекетінен сот шешімі Шікеңе жетпеген. "Түрмеде мыңдаған адам бөренеден қиып салған ұзын баракта тұратынбыз, әр жерде темір пеш болатын, ол үйді жылыта алмаушы еді," – деп отыратын жарықтық.
Неше түрлі кен орындарын іздестіріп, тереңдігі 25-30 метр болатын тар құдыққа жер қазуға түсіреді. Әр соттал-ғанға күндік норма беріледі. Құдық іші қоныштан су болып тұрады.
Осындай ауыр азапқа, суыққа, әрі аштыққа шыдамай күн сайын 10-15 адам өледі екен. Оларды түрме қызметкерлері сотталғандарға екі аяғынан сүйреттіріп барақ маңындағы құздан лақтыра береді. Осындай көрініс күнде қайталанады. Өлген адам орынын жаңадан сот-талғандар толтырып отырады. Ол жерде адамға адамша қарау ешқашан болмаған.
Сондай ауыр азаптан бұғанасы қатып үлгермеген жас Шікең ағамыз титықтап әбден әлсірейді. Кезекті шахтаға түскен күні қазуға берген жері тас аралас болып, оны қазуға шамасы келмей Тәңірге налып, құдық ішінде жылап отырса,   сыртта әскери бақылаушы (надзиратель) жас орыс азаматы құдыққа үңіліп, қарап тұрады. Өзі қатарлы жас болғасын ба, болмаса жаны ашыды ма, Шікеңді құдықтан сыртқа шығарып, аяушылық танытып, жағдайын, қалай сотталғанын сұрайды. Сол жерде Шікең бастан өткерген жағдайын тілі жеткенше түсіндіреді. Сол азаматтың қайырымы түсіп, бұл кісіні колония жанындағы емдеу лазаретіне жатқызады. "Міне, осы орыс азаматының қамқорлығы болмағанда, елге тірі оралмайтын едім," – деп отыратын. Ақыры көп ұзамай түрмеден босату туралы Жоғарғы сот шешімі келеді. Бұл уақыт 1940 жылдың аяғы болса керек. Камчаткада түрмеден бостандыққа шығады. Бірақ Камчаткадан Владивостокқа кеме жылына екі рет сотталғандарды тасиды екен. Қаптаған неше түрлі бас-бұзар алаяқтар алғашқы рейске сыйғызбай кемеден қалып қояды. Алты айға жуық темір жол бойында жұмыскер болып, 1941 жылдың маусым айында екінші қатынаған кемеге зорға ілігіп,  Владивостокқа жетеді.
Бұл жерде вокзал басында құжынаған адам. Жолаушы поезына орын жоқ. Жүк поезынан бір бұрыштан өзіне орын алып, жанындағы жолдасына қолындағы дорбасы мен құжатын қалдырып, өзі тамақ алуға кезекке тұрады. Күні бойы кезекке тұрып, тамаққа енді жетемін дегенде жүк поезы қозғалып кетеді. Сөйтіп құжаты жолдасында кетіп, өзі құжатсыз Владивостокта қаңғып қалады. Тамақ табу үшін сол маңдағы асханаға барып, отын-су тасиды. Келесі жүк таситын поезды күтеді. Осылай жүргенде қала халқы у-шу болады. Сөйтсе, Ұлы Отан соғысы басталып кеткен екен. Қалада коменданттық сағат орнап, тексеру жүреді. Құжаты жоқтарды ұстап қамайды. Шіменбай ақсақалды да ұстап, алғашында макарон зауытына қара жұмысқа, кейін Байкал көлі жағасынан вагонға қиыршық құм тиеуге жібереді. Әскермен күзетеді. Бұл да ашық түрме сияқты болады. Тиісті орындарға қайта-қайта хат жазып, құжат көшірмесін сұратады. Нақ-ты анықтама келгенше арада 6 ай уақыт өтеді. "Қарағым, сонау Байкалдан Қостанайға үш айда қашып-пысып, арып-ашып, зорға жеттім. Қаладағы таныстарым көргенде танымай қалды," – деп отыратын.
Қостанайдан Аманкелдіге жаяу келген. Күте-күте екі көзі төрт болған туыс-қандарына қосылып, қайта бейбіт еңбекке араласқан. Алғашқыда аудандық   поштада есепші, Киров колхозында басқарма төрағасы, аудандық жер бөлімінің инспекторы, Ленин, Ақсуат колхоздарында есепші, Куйбышев колхозында қой-жылқы фермасының бригадирі, «Иманов», «Родник» кеңшарларында бөлімше меңгерушісі, кейін селолық кеңес төрағасының қызметінен зейнеткерлікке шықты. Осы қызмет атқарған уақыттарында үздік жұмыстары үшін жоғарғы наградаларға ұсынылған. 1946-1947 жылдардың қорытындысы бойынша Аманкелді ауданынан 14 адам Социалистік Еңбек Ері  атағын алса, Шіменбай Еңбек Қызыл Ту орденімен наградтал-ған.
 Шөптібай Байділдин .
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓