Ақынын ардақтайды елі бүгін…
Алаштың айтулы ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республиканың мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі Ақылбек Шаяхметтің 70 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар легі Жітіқара ауданында жалғасты. Ақынды Жітіқара ауданының әкімі Нұржан Өтегенов бастаған аудан жұрты күтіп алды. Ақылбек Қожаұлы алдымен өзі білім алған Мұса Шожанов атындағы №2 жалпы білім беретін мектептің оқушыларымен және ұжымымен кездесті. Ақылбек Қожаұлы оқушыларға өзінің еңбек жолы туралы айтып, шығармаларынан үзінділер оқыды. Жиын соңында балалардың сұрақтарына жауап берді.
Айта кетейік, Жітіқарадағы кездесулер «Рахмет саған, туған ел!» және «Тәуелсіздік тарландары» жобасының аясында ұйымдастырылды. Жоба шеңберінде туған жерінен түлеп ұшқан табысты тұлғаларға құрмет көрсетіліп, тоқсан бойы қоғамдық-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. Жітіқаралықтардың таңдауы Ақылбек Шаяхметке түскені бекер емес. Мұны ақын кездесуіне келген аудан ақсақалдары айтты.
Кейін аудан орталығындағы мәдениет сарайында мерейтой иесіне арналған «Ақын – елдің ардағы» атты шығармашылық кеші өтті. Ақылбек Шаяхметтің пьесаларынан үзінділер көрсетіліп, оның сөзіне жазылған әндер орындалды. Аудан әкімі Нұржан Қайыржанұлы Ақылбек Шаяхметтің қайраткерлігі, қазақ поэзиясындағы орны туралы сөз етті. Осы кеште аудан басшысы ақынға шапан жауып, «Жітіқара ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісін тапсырды. Негізі Ақылбек Қожаұлы ауданның құрметті азаматы атағын 2016 жылдың мамыр айында алған. Алайда сол уақытта құрмет лентасы мен куәлік тапсырылған-ды. Осы жылы жеке кәсіпкерлердің ұсынысы бойынша арнайы төсбелгі шығарылды. Міне, осылайша Алаштың айтулы ақынына туған жерінде тағы бір құрмет көрсетілді. Сонымен қатар халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Қасымхан Бегманов, ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбеков, ақын-аудармашы Әбжан Әбілтай және басқалары өз лебіздерін білдірді.
– Ең алдымен ақынын ардақтап, құрмет жасай білген аудан әкімі Нұржан Өтегеновке алғыс айтар едім. Оның зиялылығы, жас болса да осы ауданға дейін екі ауданды басқарған іскерлігі, білімі әр сөзінен аңғарылып тұрды. Шығармашылық кеш барлық санитарлық талаптарға сай өте жоғары деңгейде, әні мен сәні жараса өткізілді. Жалпы Ақылбек Қожаұлының арқасында бұрын баспаған топырақты бастық, бұрын естімеген тарихты естідік. Еліміздің бір қиырында, шекарада жатқан қайран Жітіқара жұртымен қимай қоштастық. Көкірегімізде жазылмаған жыр, жүрегімізде айтылмаған сыр кетті. Мұндай кездесулер бұл өлкеде әлі де болары сөзсіз. Әдебиетті аялай білетін жайсаң жұрты барда ақын есімі ұмытылмайды, – деп ағынан жарылды ақын Қасымхан Бегманов.
Ақылбек Шаяхметтің 70 жылдық мерейтойына арналған шаралар әлі де жалғасады. Ұлттық академиялық кітапхана ақынмен онлайн кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Мұның сыртында облыстың мәдениет ұжымдары мен білім мекемелерінде Ақылбек Шаяхметтің өмірі мен шығармашылығына арналған жиын, отырыстар жыл соңына дейін жалғасады.
Қ.Боранбайұлы.