ӘДЕБИЕТ ӘУЕСІНДЕГІ ЖҰЛДЫЗ

«Күндерім менің күркіреп өткен секілді,
Күресті көрдім, тартысты көрдім не түрлі…
Келешек ұрпақ өткеннен есеп сұраса,
Күмілжіп, қолмен қалқалай алман бетімді».
            Ғаббас Жұмабаевтың осы өлең жолдары артында қалған ізінің мәңгі өшпейтінін меңзеп тұратындай. Шынында да, дегдар дарынның шығармашылығы сан ұрпақтың сырласына айналумен келеді… Биыл ақын, жазушы, журналист, аудармашы, публицист, ҰОС ардагерінің туғанына 95 жыл толды. Осыған орай, өзі туған Меңдіқара ауданында даңқты жерлесімізді еске алуға арналған тағылымды шара өтті. Ақын атындағы орта мектеп алдында ескерткіш тақта ашылды.3
            Қазақ әдебиетінде лайықты орны бар танымал талант иесі – Ғаббас Жұмабаев Меңдіқара ауданында, Спандияр Көбеев туған Ақсуат ауылында 1924 жылы дүниеге келген. Тұсында әйгілі болған Меңдіқара қазақ педагогикалық училищесін бітірген. Еңбек жолын өз ауылында мұғалім болудан бастағанымен, 1947 жылдан ары қарай бірыңғай журналистік қызмет атқарыпты. Ғаббас ақынның шығармашылық шыңына шығандауына да осы саладағы жемісті еңбегі жол ашса керек. Оның тілшіліктегі алғашқы қадамы облыстық «Большевиктік жол» (қазіргі «Қостанай таңы») газетінен басталды. Баспасөз қарашаңырағында Қайнекей, Сырбай, Ғафу сынды алыптармен сұхбаттас бола жүріп қаламын ұштаған.  Кейін республикалық деңгейдегі «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарында бөлім меңгерушісі, «Ара» журналында фельетоншы, көп жылдар "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы информация агенттігінде (ҚазТАГ) аудармашы болып қызмет атқарды. Қазақстан Жазушылар одағында да еңбек еткен. Ақынның "Нөсер", "Мерей", "Арманым", "Жомарт күз", "Алтын толқын" және басқа да өлең, баллада, поэмалар жинақтары бар. Аудармашылық саласындағы еңбегі ұшан-теңіз. Мәселен, ол Л.Толстойдың "Крейсер сонатасы" повесі мен он шақты әңгімесін қазақша сөйлетті. К.Хетагуровтың өлеңдер жинағын, Г.Х. Андерсеннің ертегілер кітабын тәржімалаған. Самед Вургунның "Бакудастан" поэмасын, Н.Тихоновтың, С.Прокофьевтің және басқа ақын-жазушылардың шығармаларын аударды…
 
https://www.youtube.com/watch?v=J_yyGJacrEM&feature=youtu.be (сілтемеге басып, Ғ.Жұмабаев туралы деректі фильмді көріңіз)
 
DSCN3569
            "Төсінде туған жерімнің
            Сан рет қайта тірілем", – деп өзі жырлағандай, ақынның тарихта қалған ғұмыры жылдар алға жүйткіген сайын жасарып, жандана түскен сыңайлы. Таяуда ғана 95 жылдығына арналып Меңдіқарада өткен тағылымды шара – соның жарқын мысалындай. Ақынның аты  берілген қазақ орта мектебіндегі мәжіліс "Жыр болып ағып, жұлдызға қанат жаямын" деп аталды. Еске алу жиынына тұлғаның туыс-туғандары, өңірге белгілі зиялы қауым, жергілікті билік өкілдері, мектеп ұжымы және оқушылар қатысты. Шара тұлғаға арналып орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатымен басталды. Бұл рәсімді жүргізу құрметі аудан әкімі Ерлан Теменов пен ақынның қызы Роза Ғаббасқызына берілді.DSCN3549
               
DSCN3547
DSCN3546
DSCN3556
DSCN3558
DSCN3560"…Әкем өмір бойы туған жерін ардақ тұтып өтті. Басқа қалаларда, Алматыда тұрса да Меңдіқараны жырынан шығарған жоқ. Қостанайдың аспанын аузынан тастамай кетті, – деп тебіренді рәсімнен соң сөз алған ақынның қызы. – Есімде, Бауыржан Момышұлы, Сәбит Мұқанов, Сырбай Мәуленов, Қасым Тоғызақов сынды әйгілі адамдар әкемнің шаңырағына жиі қонақ болып түсетін. Олардың біздің үйге келгенімен емес, жасы кіші әкеммен сыйлас болғаны үшін мақтанамын. Өйткені мен білетін әкем асқан ақылды, барынша әділетті, жауапкершілікке берік, мінезге бай адам еді…".DSCN3564
            Қаламгер туралы ескірмес естеліктер мен жылы лебіздерін шараның құрметті қонақтары да көпшілікпен бөлісті. Оның өңірлік әдебиетке, руханиятқа сіңірген еңбегін сөз етті.
            "Ағамыздың ақындығы өз алдына, аудармашылық қырына тоқталғым келеді. Бұл кісі шетел шығармаларын қазақша сөйлетіп қана қоймай, қазақ туындыларын орысшаға аударды. Солардың бірі – Ғафудың "Дала қоңырауы" поэмасы. Кезінде бірнеше облыстық газетте жарияланып, кейін кітап болып басылып шықты. 5000 жолдық шығарма! Соны, адам баласы иланбайды, 10-ақ күнде аударып бітірген. Сонда, 5 мыңды онға бөлсеңіз, күніне 500 жол аударып отырған болып шығады. Бұл – 125 ауыз. Бірақ, аса еңбекқор ағамыз оны ешқашан міндетсіп көрмеген жан екен. Қарапайымдылық қой, – деді Қазақстан Жазушылар одағының ҚОФ директоры, қаламгер Ғұмар Ахметчин. – Бұл кісінің есімі облыс орталығына баруға лайық. Бір көшеге немесе бір мектепке аты берілер күнге жеткізсін Алла тағала".DSCN3575
            Ғаббас Жұмабаевтың көзін көрген көрнекті ақын Серікбай Оспанов та көпке беймәлім деректердің ұшығын шығарды.
            "…Жас күнімізде үйінде талай болдық. Қайнекей Жармағамбетовтің шаңырағында жиі кездесетінбіз. Ағамыз өте момын адам еді. Өте еңбекқор болды. Орысшаны бір кісідей білетін Ғабит Мүсірепов "Ұлпанды" аударуды осы Ғаббас ағамызға сеніп тапсырған. Ағамыз аса сауатты аударып шығып, Ғабитті таң-тамаша қылған екен. Бірақ кітапта тәржімалаған адам болып белгісіз орыстың тегі көрсетіліп кетті", – деді Серікбай ағамыз.DSCN3662
            Айтқандай-ақ, өзінің: "Мен ешкіммен ұлылыққа таласпан", – деп жырлауы да оның бөлекше болмысынан мағлұм беретіндей… Ал сатирик-жазушы Дамир Әбіш қарымды қаламгердің "Ара" газетіндегі фельетоншылық қызметін, оның кәсіби шеберлігін әңгіме етті.
            "…Ағамыздың өлеңге де, қара сөзге де шебер, екі тілде еркін жаза беретінін былай қойғанда, бұл кісі сатира жанрына да қалам сілтегенін айту керек. Соның ішінде, фельетон дегеніңіз – өте қиын жанр өзі. Адамды шымшып, қыршып алатын қасиеті болуы керек. Кез келген журналистің қолынан келе бермейді бұл. Ал өз тұсында Ғаббас ағамызбен иін қағыстырар фельетоншы кем де кем болды. Туралығымен, әділдігімен, кәсібилігімен өз ортасында ардақталған адам. Сол мұраларын тауып алып, бүгінгі оқырманмен қайта қауыштырса артық емес,  – деп бастаған Дамир ағамыз, фельетоншы Ғаббастың колхоз басшыларын сынға алған шығармасын мысал ете өтті.DSCN3663
            Белгілі қаламгерлер бөліскен түрлі деректер еш жерде айтылып, жазылып жүрген жоқ. Тіпті, тарихшы Аманжол Күзембаев Ғаббас ақын туралы мәлімет интернеттің өзінде жоққа тән екенін алға тартты. Бұл кісі солтүстік өңірлер өз тұлғаларын түгендеуге орашолақтау келетінін де айтып қалды. 
            "…Осы шараға келер алдында бұл кісі жөнінде интернетте қандай материалдар бар екенін іздедім. Көңілім қалып, қарным ашты. Онша көлемді мәліметтер жоқ екен. Сондықтан ағайындарымызға, әріптестерімізге сол олқылықты толтырайық деген ұсынысым бар. Асылдарымыз жарқырамай жатса, кезінде кеңес үкіметінен көрдік. Ал қазір қолымызды кім байлап отыр?" – деді профессор.
            Шынында да, егер шара тұлғаны еске алып, естелік айтумен шектелсе, мәні таяз көп мәжілістің бірі болып қалар ма еді. Сондықтан "асылды қырнап жарқырата түсу" мақсатындағы ұсыныстардың осындай кезде айтылғаны абзалырақ. Сондай жақсы ұсыныстардың бірін қоғам белсендісі Қалқаман Жақып бөлісті.
            "…Ономастика шаруасымен облыстық архивте отырғанымда, "Большевиктік жол" газетінде бұл кісінің Ы.Алтынсаринге арнаған "Инспектор көлі" деген өлеңін ұшырастырдым. Бұл Ғ.Жұмабаевпен алғашқы танысуым еді (…) Неге бұл өлеңді қалап алдым? Қостанай ауданындағы  бұл көл жекенің қолына өткелі, бұрынғы аты түсіріліп, қазір "Безымянный" болып қалды. Ендігі мақсат – өз атауын қайтару. Бұл бөлек мәселе. Айтпақ ұсынысым – сол көлдің жиегіне 8-10 тонналық тас апарып, оған Ғаббас ағамыздың жаңағы өлеңін жазып қойса, қандай тамаша болар еді! Туризм дамып жатқан уақыт қой – оны бүкіл әлем көрер ме еді? Өткен-кеткендер мәнісін, төркінін сұрар ма еді? Жалпы, бұл жайттар облыстық, республикалық деңгейде айтылады, қозғалады. Тек мақұлдауға ие болған соң, жерлестер, бірлік пен қолдау танытсаңыздар жетеді", – деп жұртты бір желпінтіп қойды Қ.Хасенұлы.  
            Негізі, аудан орталығындағы жалғыз қазақ орта мектебіне Ғ.Жұмабаевтың атын беру ұсынысы да 1994 жылы оның 70 жылдығын атап өту кезінде қозғалған еді. Қазір бұл оқу ошағы озат оқушыларымен, талантты түлектерімен мақтанатын маңдайалды білім мекемесіне айналды. Жеткен жетістіктері – ұшан-теңіз, бір сөзбен. Тағы бір жаңалығы – бүгінде бұл мекеме "мектеп-гимназия" аталады. Ғимараттың үшінші қабатында 50 орындық интернат жұмыс істеп тұр. Онда аудан маңындағы ауылдардан келген оқушылар жатып оқиды. Директоры Нұргүл Өтеулина интернаттың іске қосылуына еңбегі сіңген ақынның немере інісі Балтабай Жұмабаевқа алғысын білдіріп, осынау шараның басы-қасынан табылып отырған да осы азамат екенін айта кетті.DSCN3634
https://www.youtube.com/watch?v=s70jgmBCv9Q&feature=youtu.be (Сілтемеге өтіп, ақын өлеңдерін оқушылардың мәнерлеуінде тамашалаңыз)
DSCN3593
            DSCN3631
DSCN3595
DSCN3642
DSCN3657
DSCN3650Меймандар мектеп-гимназияның дарынды оқушыларының әдеби-сазды қойылымын тамашалады. Ғаббас аталарының жырларын жатқа айтқан жеткіншектердің, балдырған әншілер мен әртістердің өнеріне қошемет қылды. Шара аясындағы тоғызқұмалақтан және доп ойындарынан өткен жарыстарды көрді. Мәжіліс соңы асқа ұласып, ақын аруағына құран бағыш етілді.DSCN3659
DSCN3664
Назарларыңызға Ғаббас Жұмабаевтың "Қаракөз" атты өлеңінің бейнежазбасын ұсынамыз. Төмендегі сілтемеге өтіп, ақынның тамаша туындысымен танысыңыздар!
 
 
Ж.Жүсіпбек
Суреттерді түсірген автор

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓