Кәсіптің көзін тапқан
Халық игілігі үшін жасалған "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасы өз жемісін беруде. Осы бағдарламаның шарапатын көріп отырған кәсіпкерлер біздің ауданда аз емес. Солардың бірі – Теректі ауылының тұрғыны Марат Бекмағамбетов.
Халықты жұмыспен қамтуға арналған аталмыш бағдарлама Мараттың өз кәсібін ашуға мүмкіндік берді. Өткен жылы мал шаруашылығын дамыту мақсатында ол 1 млн. 850 мың теңге несие алып, бүгінде ата кәсіпті жандандырып отыр.
– Мал басын көбейтуді көптен бері ойлап жүрген едік. Онсыз тағы болмайды. Ауылда тұрған соң, мал ұстамау біз үшін жат нәрсе. Қора-қопсымыз кең, малға жайлы. Сондықтан, мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген қаржыға 10 сиыр сатып алдық, – дейді шаруа иесі.
Марат мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау-көмекке дән риза. Қазіргі таңда жеке кәсібін ашуға ниет еткен жандарға тосқауыл жоқ екенін алға тартады.
– "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасының ауылда тұратын біздер үшін маңызы зор. Мен осы бағдарлама арқылы кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсынан өтіп, бизнес жоспарымды құрдым. Кейін пайыздық үстемақысы төмен шағын несие алдым. Берілген несиенің шарттары өте тиімді. Несие 5 жылға қарастырылған. Төлеу уақыты алты айдан соң басталады, – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкерлікке бет бұрған Мараттың бастаған ісі бүгінде өрге басып келеді. Қазір оның сиырлары төлдеп, мал басы өсіп жатыр.
– 10 сиырдың 5-і бұзаулады. Қалғандары да буаз, желіндері түсіп тұр. Осы аналық сиырларды сақтап, ірі қара малды көбейтіп алғым келеді. Құдай қаласа, бұзаулар ары кетсе 2-3 жылда үлкен сиырға айналады. Сосын артығын сатып, несиеден де құтыламыз, – дейді кейіпкеріміз.
Міне, Марат Бекмағамбетов келешектің қамын күні бұрын болжап, алдын-ала қам жасап әлек. Сәтті бастауын тапқан кәсібі де, алға қойған мақсаты да бар.
Жаңабай АХМЕТОВ.
Қарасу ауданы.