Экономикалық жетістіктер таныстырылды
Бүгін Астанада Қостанай облысының экономикалық жетістіктері шет мемлекеттердің елшілеріне кеңінен таныстырылды. Аталған бастама алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Негізгі мақсат – инвестицияларды көптеп тарту, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. "Облыстың тұсаукесеріне аймақтың 37 кәсіпорны қатысып отыр. Соның 24-сі инвестицияларды тартуды көздейді. Қаржының жалпы көлемі – 1,5 трлн. теңге. Негізгі сала – ауыл шаруашылығы. Бұдан бөлек, машина жасау, тау-кен өндірісі және тағы басқа салалар бар. Мәселен, біз жылына астықтың 2 млн тоннасын экспортқа шығара аламыз. Сосын ұн бар. Былтыр біз 1,1 млн тонна ұнның 80 пайызын сыртқа шығардық. Облыста ұн шығаратын 80 диірмен бар. Сондықтан ол жағынан экспортты арттыратын мүмкіндігіміз мол", – деді облыс әкімі Арxимед Мұxамбетов журналистерге берген сұxбатында.
Әкімнің сөзіне қарағанда, бүгінде облыста шығарылатын тауарларды Иран, Сауд Арабиясы мен Қытайға жеткізу жағы қаралып жатыр. Бұдан бөлек, Қостанай облысы Ресеймен шекаралас аудандармен өзара сауда-саттықты ұлғайтуды көздейді.
Бүгінгі шараның ұйымдастырушылары – ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігі.
"Біз үшін бұл – өте жауапты міндет. Қостанай облысының жетістіктерін дүниежүзіне көрсетіп жатырмыз. Қазақстанда өндіріліп жатқан тауарларды шет елдерге көптеп шығарып, инвестицияларды кеңінен тарту қажет. Осыған байланысты Мемлекет басшысы да үлкен міндеттер қойып отыр", – дейді сыртқы істер министрі Қайрат Әбдіраxманов. Оның айтуынша, Қостанай облысының таныстырылымына елшілер ғана емес, шетелдің бизнес өкілдері де қатысты.
Осыдан кейін облыс әкімі Мұxамбетов бастаған делегация "Rixos" қонақ үйінде елшілермен кездесіп, аймақтың экономикалық жетістіктерін таныстырды. Таныстырылым түскі ас үстінде өтті. Шараға Инвестияциялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек те қатысты.