Қауіпке қарсы тосқауыл
Алдағы уақытта өңіріміздегі темір жол, автобус вокзалдары мен әуежай күшейтілген тәртіпке көшеді. Лаңкестіктің алдын алу, болдырмау мақсатында еліміздің көлік инфрақұрылымдарында қауіпсіздік шаралары осылайша қолға алынбақ. Ол үшін аталған мекемелердің ғимараттарын арнайы күзет қызметкерлері бақылауға алады, металл іздегіш құралдардың көмегімен жолаушылар мен келушілердің айналып өтіп кетуіне жол бермейді. Бұл туралы облыстық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасында өткен басқосуда айтылды. Жиын облыс әкімдігінің антитеррорлық комиссиясының тапсырмасы бойынша ұйымдастырылды.
Бүгінгі таңда Ресейдегі сапаржайлар, теміржол вокзалдары, метролар мен әуежайларға кіретін-шығатын есіктердің барлығы қауіпті заттарды өткізбейтін арнайы темір босағалармен, портативті (қолға ұстайтын) аспаптармен жабдықталған. Көрші елдің бұлайша сақтанатын реті бар. Оған Волгоград қаласының теміржол вокзалындағы жарылысты мысал етуге болады. Ал біздің еліміздің Үкіметі өткен жылы жолаушылар мен көлік инфрақұрылымы нысандарына келетіндерге, олардың алып жүретін жүктеріне тексеру жүргізу қағидалары мен оған қойылатын талаптар туралы қаулы бекіткен. Енді қауіпсіздік шараларына көшетін мезгіл алыс емес.
– Еліміздің көлік инфрақұрылымдарында әлі лаңкестік әрекеттер тіркелген жоқ. Әрине, оның болғанын ешкім тілемейді. Дегенмен сақтық шаралары бәрібір болу керек. Алдағы жылдары темір жол, автобекеттер, әуежай әкімшілігі қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында өз қаражаттарына қондырғы-құрылғылар сатып алып, арнайы күзет қызметкерлерін даярлайды. Сол себепті біз халықты бұл жөнінде хабардар етуіміз қажет. Мұндай тексерулер жолаушылардың уақытын алса да, оны орындауға міндетті, – деді ҚР ҰҚК Қостанай облысы бойынша департаментінің қызметкері Нұрбол Жүсіпов.
Қазір Қостанайдағы әуежай ғана ұшу алаңына баратын жолда стационарлық металл іздегіш-пен қамтамасыз етілгені болмаса, әуежай ғимаратына кіретін есік алдында қауіпсіздік шаралары қолға алынбаған. Мамандар алдағы уақыт ғимараттардың барлығының кіреберісіне арнайы темір босағалар орнатылып, ол жерлер күзетке алынады дейді. Ал бұдан былай жолаушылар ұшақты айтпағанда, автобус пен пойызға отыру үшін міндетті түрде вокзалдардың есіктері арқылы өтетін болады. Бұл үшін бекеттердің сырты дуалдармен қоршалып, сапар шегетіндер бір ізбен ғана кіріп-шыға ма, ол жағы әзірге белгісіз.
Қыдырбек
ҚИЫСХАНҰЛЫ