Жылқы шаруашылығын жандандырмақ
Біздің аудан іргесінде жатқан Барвинов ауылында "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасына бағын сынап, ырыздық-несібе тапқандардың қатары жыл санап артып келеді. Солардың бірі де, бірегейі – Қайрат Божақов.
Кәсіпкер жылқы шаруашылығын жандандыруға бет бұрып, 1 млн. 600 мың теңге көлемінде несие алып, оған 3 жылқы мен 1 сиыр сатып алды. Бүгінде сол жылқыларының жайын күйттеп отырған жәйі бар. Болашақта оның санын көбейтуді жоспарлап, сапасы мен өнімділігін де арттыруды көздеп отыр.
– Жалпы, ата кәсібіміз – мал шаруашылығының бір түрі – жылқы өсіру ғой. Сондықтан, дәл осы салада еңбек етіп, бағымды сынап көруге бел байладым. Көздеген жоспарыма сай, жылқы шаруашылығын дамытқым келеді. Бұрын бұл кәсіппен машықтану үшін қолдау таба алмай қор болушы едік, ал бүгінде мемлекеттің өзі мұрындық болып отырғанда, неге айналыспасқа? – дейді кәсіптің көзін тапқан кәсіпкер.
Иә, ауылда қандай да бір кәсіп көзінің кілтін табу – мемлекеттік бағдарламалардың арқасы. Дамудың даңғыл жолына түсіретін сол кәсіпкерлікті дамытуды діттеген Қайрат секілді шаруалардың армандаған істерін алға бастырып, мерейін төгіп жатқан мемлекеттік жобаларға айтар алғыстары да шексіз.
Руслан
ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы.