Игі бастама иесін тапты
Рудный индустриялық институтының конференц-залында Студенттер мен кәсіпкерлер Альянсының салтанатты ашылу рәсімі мен оның қарамағындағы бизнес-мектебінің алғашқы отырысы өтті. Оған студенттермен қатар рудныйлық кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлікті қолдау орталығы мен шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.
"Қазақстан – 2050" стратегиясында кәсіпкерлікті ұлттық экономиканың жетекші күші ретінде жан-жақты қолдау әрі шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 2030 жылға қарай екі есеге арттыру міндеті қойылды. Алайда жастар арасында кәсіпкерліктің бүгінгі жағдайы туралы айтқанда, шешімін таппаған көптеген мәселелер ойға оралатыны анық. Соның ішінде колледж немесе университетте оқитын жастарға кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерту – ел Президенті қойып отырған маңызды тапсырмалардың бірі. Осыны негізге алған институт басшылығы өз студенттерін болашақта табысты кәсіпкерлердің қатарына қосу үшін барлық жағдайды жасап келеді.
– Бизнес-мектепте студенттері кәсіпкерлерден теориялық және практикалық білім алады. Ең бас-тысы, оқыту тегін және мектепті сәтті тәмамдаған студентке арнайы сертификат беріледі, – дейді Студенттер мен кәсіпкерлер Альянсының төрағасы Жасұлан Алпысбаев.
Жиын барысында сөз алған Қостанай облыстық кәсіпкерлер Палатасы Рудный филиалының директоры Серікбай Әбілғазиев пен кәсіпкерлікті қолдау орталығының менеджері Ольга Прядко игі бастамаға табыс тілеп, өз тарапынан студенттерге ақпараттық және консультациялық көмек көрсетуге әрдайым дайын екендіктерін жеткізді.
Кездесу соңында бизнес-мектептің бір топ тыңдаушылары көкейдегі сауалдарына жауап алып, өз ойларымен бөлісті.
Қуаныш
ЕСҚАБЫЛ
Рудный қаласы.