Бәрі бюджетке байланысты
Бұл жолы өңір басшысы кезекті жұмыс сапарымен Түйемойнақ жеріне барып, жергілікті халықпен жүздесті. Ол алдымен Денисов ауданының Зааятское ауылындағы жаңартылған суқұбыры жүйесімен танысты. Аталған нысан былтырғы жылдың қазан айында пайдалануға беріл-ген-ді. Қазір ауыл халқы үйді-үйге тартылған ауыз судың қызығын көріп отыр.
– Бұған дейін бұл мәселенің жергілікті тұрғындарға қаншалықты қиынға түскенін жақсы білемін, – деді Нұралы Садуақасов. – 400 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсал-ған су сору станциясы барлық талаптарға сай екеніне көзім жетіп отыр. Автоматты жүйеге де қосылыпты. Бас мердігері кім?
– Бас мердігері "АиФ" ЖШС, – деді жобаны түсіндіруші Елена Артемчук. – Негізі тапсырыс беруші біз болсақ та, барлық жөн-жобасын үйлестірген "ПИП Костанайводпроект" ЖШС-нің ұжы-мы.
Бұдан кейін облыс басшысы Фрунзе селосына атбасын бұр-ды. Кешегі келмеске кеткен Кеңес заманынан бері аты мәшһүр ауыл әлі де сол қалпын сақтаған. Олай дейтініміз, шаруашылығы мығым. Бұған "Фрунзенское" ЖШС-нің директоры Николай Шерердің сіңірген еңбегі орасан. Ол кәсіпорынды 1982 жылдан бері басқарады. Тісқаққан басшы ауылдың құрып, тозып кетпеуін сонау нарықтық экономикаға қадам басқан кезден ойластырып, өзінің тәжірибелі жоспарын енгізе отырып, күллі ауылды қиыншылықтан сақтап қалыпты. Бұл жайында оның өзі айтып берді.
Фрунзеліктер қос шаруашылықты қатар тізгіндеген. Мұны облыс әкімі Нұралы Садуақасов та құптай түсті.
– Қазір мемлекет аграрлы салаға көмекті аямай көрсетуде. Елбасының үкіметке тапсырған бірнеше бағдарламалары ауыл жағдайын, оның тұрғындарының хал-ахуалын қамтитынын жақсы түсінесіз. Біздегі кейбір шаруа қожалықтары Сіздің шаруашылығыңыздай әр саланы қамтып, содан жақсы сапалы өнім алып, оны үлгіртіп жатса, қандай жақсы болар еді?! Бірақ кейбірі жүрексіне ме, әлде қиындықтан қаша ма, ол жағын білмедік, әйтеуір диқаны мал өсіруге, малшысы егін егуге жоқ, – деп өңір басшысы бай тәжірибелі Николай Шерермен осындай ой бөлісті. Николай Николаевич те бұған өз пікірін айтып, көбісінің тәжірибесі аздығынан мұндай қадамдарға бармайтынын жеткізді.
Содан соң Нұралы Садуақасов іргетасы қаланғанына былтыр 40 жыл болған Фрунзе орта мектебіне бас сұғып, хал-ахуалымен танысып, ұжымға сый-сияпат жасады. Денешынықтыру сабағына қатысып, оқушылардың баскетбол ойынын тамашалады. Олардың аудандық, облыстық жарыстарда тамаша жетістіктерге жетіп жүргенін де естігенін әңгімелеп, оқушылардың өтініші бойынша баскетбол добына қолтаңбасын қойды. Келесі сабақ өтіп жатқан еңбек сыныбына кірген Нұралы Садуақасов шахмат фигуралары мен ағашты күйдіріп ою-өрнек салған балғындардың шебер қолынан шыққан бұйымына тәнті болып, көршілес тұрған ауылдық мәдениет үйіне табан тіреді. Бұл ғимарат сонау 1960 жылдардан бері жұмыс істеп келеді. Жергілікті көркемөнерпаздардан құрылған ұжым аудандық, облыстық бірнеше байқауларға қатысып, өнерлерімен көзге түсіп жүрген көрінеді. Осындай алып ғимаратты көздің қарашығындай сақтап қалған серіктестік басшысына алғыс айтқан өңір басшысы мәдениет үйінің қызметкерлеріне проектр сыйға тартты.
Ауылдағы осындай игі істерге көңілі толған Нұралы Садуақасов аудан орталығындағы актив мәжілісіне қатысып, аудан әкімі Ерлан Жамановтың жылдық есебін тыңдады.
Ерлан Айтқұлұлы аудан экономикасы агроөнеркәсіпке тікелей қатысты екендігін, өнім көлемі 12 млрд. теңгеден астам қаржыны құрап, ет өндірісі 6,8%, сүт 102%-ға өскендігін баяндап берді.
Әсіресе, ауылды ауыз су және көгілдір отынмен қамтамасыз етуде де түйемойнақтықтар жақсы нәтижеге қол жеткізген. Оны халықтың өздері айтты. Үйлеріне көгілдір отын құбыры жетпегендер, алдағы уақытта оны шешу жолдарын сұрап білді.
– Рас, 2014 жылы біз 1-ші кезең бойынша газбен қамту жұмысын жүргіздік. 31,5 шақырым газ құбыры тартылды, – деді Ерлан Жаманов. – Өтініш беру, келісім-шартқа отыру тәрізді жұмыстардың кешеуілдеуінен, кей тұрғындар бұған үлгере алмай қалды. Осы жылы бұл мәселені толық шешеміз бе деген ойдамыз. Себебі, оған 232 млн. теңгеге жуық қаражат бөлініп тұр. Сәтін салса, мамыр айынан бастап іске кірісеміз.
Сондай-ақ, жиында Антонов және Олчановка ауылдарын көгілдір отынмен қамту мәселесі де көтерілді. Ерлан Айтқұлұлы бұған бюджеттен 5 млн. теңгеге жуық қаржы бөлуді жоспарлағанын, бірақ әзірге бұл техникалық-экономикалық жағын шешуге жұмсалатынын жеткізгені сол еді, облыс әкімі осы сауал барлығына ұғынықты болуы үшін:
– Мұндағы гәп бюджеттің мүмкіншілігіне байланысты, – деді Нұралы Садуақасов. – Өздеріңіз жақсы білесіздер, әлемдегі қаржылық-экономикалық жағдайдың тұрақсыздығынан іске асырмақшы болған бірнеше жаңа қаржылық жобаларымыз аяқсыз қалуда. Сондықтан да қазір "ананы істейміз, мынаны атқарамыз" деп кесіп айтудан аулақпыз. Облыстық бюджеттің нақты мүмкіншілігі 2 аптадан кейін белгілі болады. Сонда ғана қай жобаны іске жарататынымызды шешеміз.
Міне, осындай сауалға нақты жауап берген өңір басшысы алдағы атқарылатын жобаларға неліктен тұсау салынғанын жеткізіп, ауданның бірқатар шығынын да тізбелеп, аудан әкіміне тапсырмалар жүктеді.
Нұрболат
МЕШІТБАЕВ
Денисов ауданы.
Суретті түсірген Сергей Миронов.