Кенттің дамуы тұрақты
Қашар кентінің әкімі Марат Қуанышбаев тұрғындарға есеп берді. Әкім жиналған жұртқа білім, денсаулық сақтау, спорт, халықты әлеуметтік қорғау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылған істерді баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты. Бұған жүзеге асырылып жатқан "Жұмыспен қамту жол картасы – 2020", "Бизнестің жол картасы – 2020", "Индустриалды-инновациялық даму", "Өңірлерді дамыту" секілді маңызды мемлекеттік бағдарламалар көп себін тигізуде. Жүргізілген ауқымды жұмыстардың нәтижесінде елді мекенде жұмыссыздық деңгейі біршама төмендеген. Яғни еңбекке жарамды халықтың 0,2 пайызын құрайды. Абаттандыру мен ТКШ саласына бөлінген 102, 4 млн теңге түгелдей игеріліп, көшелер көркейе түсті. Әкім қаңырап тұрған бос үйлерді коммуналдық меншікке өткізіп, тұрғындардың игілігіне жарату жұмыстары биыл да жалғасатынын тілге тиек етті. Кездесу соңында тұрғындар көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, кәсіпкерлікті қолдау секілді сұрақтарға жауап алды.
Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ.
Рудный қаласы.