Жатақхана құрылысы тоқтады
Қостанайда медицина колледжі жатақханасының құрылысы орта жолдан тоқтап қалды. Ғимараттың салынуына тұрғындар қарсы. Олар «жаңа нысан жанындағы көп қабатты үйдің ауласын тарылтатындықтан, бізге жайсыз әрі заңсыз» деп сотқа шағымданған. Сот іс қаралып біткенше құрылысты тоқтату туралы шешім шығарып отыр. Мән-жайды Qazaqstan ұлттық арнасының тілшісі мәлімдеді.
250 адамға шақталған тоғыз қабатты жатақхана құрылысы биыл мамыр айында басталған. Осы кезге дейін ғимараттың төрт қабаты салыныпты. Ал жұмыстың ары қарай жалғасу-жалғаспауы әзірге беймәлім. Өйткені тұрғындар бұл нысанның сүрілуін талап етіп, сотқа шағым жазған. Айтуларынша, олар тұратын көп қабатты үй мен бұл ғимараттың арасы тым жақын – 15 метрдей ғана. Демек, жатақхана салынса, аула тарылады, балалар ойнайтын алаң да қалмайды. Мұның сыртында осы беттегі пәтерлердің терезесін көлегейлеп, күн түсірмейді.
"Біз мұның бәрі қаланың бас жоспарына қайшы деп есептейміз. Себебі бұл жерде тоғыз қабатты ғимарат салынуы тиіс емес. Мұның сыртында құрылысқа берілген жер телімінің көлемі қағазда көрсетілгенінен артық. Жоба бекітілерде, заңға сәйкес, тұрғындармен қоғамдық тыңдау өткізілмеді", – дейді қала тұрғыны Валерий Райферт.
Жатақхана құрылысы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында басталған. Жоба құны – 656 млн теңге. 150 адам еңбек етіп жатыр. Қазір олар басқа нысандарға жіберіліпті. Тапсырыс беруші жақ «мұндай әлеуметтік маңызды жобаны дайындағанда ешқандай заңсыздыққа жол берілмейді» дейді. Тұрғындар талабы орынсыз деп есептейді.
"Құрылысқа байланысты қағаздардың бәрі заңды. Жобалық-сметалық құжаты заңды түрде мемлекеттік сараптамадан өткен", – деп отыр облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов.
Ал медицина колледжінің мамандары оқу орны жатақханаға аса мұқтаж екенін айтады. Қазір білім алып жатқан 1400 студенттің басым бөлігі пәтер жағалап жүр.
"Биыл былтырға қарағанда 1-курсқа екі есе көп студент қабылданды. Олардың 60 проценті ауылдан келген. Биыл 9-сыныптан кейін 75 бала қабылдадық. Оларға жатақхана керек", – дейді Қостанай жоғары медицина колледжінің бөлім меңгерушісі Ләззәт Исмайлова. .
Оқу орны жатақханаға аса мұқтаж болса да, құрылыс тоқтады. Тұрғындар мен тапсырыс берушінің текетіресі енді сот үкімімен ғана түбегейлі шешілуі тиіс.