Ауыл тұрғындары белсенділік танытуда

Қазақстан Республикасы Президентінің   2013 жылдың 15 тамызында шыққан "Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы" Жарлығына сәйкес ауыл әкімдері өткен 2014 жылы атқарылған жұмыстары  туралы  тұрғындар  алдында   есеп беруде.
FD4A1FEC-112F-4922-96FB-F7C92A20D175_cx0_cy6_cw0_mw1024_s_n_r1Бүгінгі таңда Жанкелдин ауданы бойынша 23 елді мекеннің он бесінде аудан әкімі А.Кенжеғариннің, аудан әкімінің орынбасарлары Ш.Оспанов, Т.Әубәкіровтің қатысуымен жиналыстар өткізіліп, 4 ауылдық округ пен 7 ауыл әкімінің есебі тыңдалды. Әкімдер баяндамаларында атқарылған жұмыстарының ішінде жылқы жылының жетістіктеріне аса көңіл бөліп, Елбасының "Бір мақсат, бір болашақ, бір мүдде" атты Жолдауындағы алға қойған міндеттер мен мақсаттарына тоқталып, оны іске асыру жоспарларымен бөлісті.
Ауыл әкімдерінің есеп беру жиналыстарына халық ұйымшылдықпен жиналып, белсенділік танытты. Сауалдар да көп болды. Дегенмен, ұсақ-түйек мәселелерден гөрі жиында  аудан, облыс басшыларының қолдауымен шешілетін өзекті мәселелерге көңіл аударылды. Мысалы, Шеген, Қаламқарасу ауылдарының тұрғындары үкіметтің "Ақбұлақ" бағдарламасы бойынша таза ауыз су мәселесін шешіп беруді сұрады. Сонымен қатар, сапалы медициналық көмек көрсету туралы да ұсыныстар жасалды. Жалпы, аудан бойынша жиналыста жиі айтылған күрделі мәселенің бірі – ол жол мәселесі.  Қыс биыл өз мезгілінен ерте түсті. Жетілеп соққан боран шалғайда жатқан ауылдар мен ауданның жол қатынасын қиындата түсті. Әсіресе, науқас адамдар мен жүкті әйелдерді дер кезінде ауруханаға жеткізу қиын болды. Осы жағдайлардың бәріне ауыл халқы аудан басшыларының назарын аудартты. Бірақ, абырой болғанда қыстың сақылдаған сары аязы мен ақтүтек борандарында аудан көлемінде төтенше жағдайлар орын алған жоқ.
Ал Албарбөгет ауылдық округінің әкімі О.Біржікеновтің есеп беру жиналысына қатысқандар әлеуметтік нысандардың қысқа дайындығы мен олардың қажетті отынмен қамтамасыз етілуіне ризашылықтарын білдірді. Өйткені соңғы бес жылдың ішінде Албарбөгет орта мектебінің жылу жүйесінің тозығы жетіп, соның салдарынан оқушылар салқын кабинеттерде сабақ оқуға мәжбүр болатын. 2013 жылдың қорытындысы бойынша, осыдан тура бір жыл бұрын, округтің  әкімі О.Біржікеновтің есеп беру жиналысына  Жанкелдин ауданының  әкімі А.Кенжеғарин қатысқан еді. Сонда Ғ.Абайділдин бастаған  ардагерлер ұйымы мектептің жылу жүйесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін аудан әкімінен қаражат бөліп, осы мәселені шешіп беруін сұраған болатын.
– Міне  бүгін ауыл ақсақалдарының, ата-аналардың, мектеп ұжымының тілегі орындалды. Балаларымыз жылы мектепте білім алуда. Өткен жазда мектептің жөндеу жұмыстарына арнайы қаражат бөліп, жаңа жылыту қазандығын орнатып бергені үшін ауыл тұрғындарының атынан аудан әкімі А.Кенжеғаринге алғысымызды білдіреміз, – деді Ғарифолла ақсақал жиналыста сөйлеген сөзінде.
Осылайша халық алдында есеп берген 11 ауыл әкімінің жұмысына оң баға беріліп, аудан әкімі де ауыл тұрғындарының еңбегіне табыс тіледі.
Рәш
     ӘБІШЕВА
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓