Құт мекен
Ілиясовтар көпбалалы отбасы. Бүгінде ата-ана тұрған қара шаңыраққа аға ие. Жаз болса бала-шаға, бауырлар үбірлі-шүбірлі болып, туған жерде, туған үйде бас қосады. Бұл жер құт мекен, сағыныштың мауқын басатын, балалыққа бір сәт оралатын ыстық ұя. Бұл жолы да солай. Алыс-жақындағы бауырлар тағы мәрте жиналып, бас қосты. Үлкендердің алды алпысты алқымдаған. Ұядан ұшқан бауырлар әр қалада тұрса да «туған жерге ештеңе жетпейді-ау» деп еркелей келетіні бар. Кішісі үлкенінің тілін алып, әрқайсысы қыстың қамына кірісіп кеткен, қара шаңырақтың шаруасын бір кісідей атқарып-ақ жатыр. Жаз кезінде бұл үйреншікті көрініс. Кешкісін үлкен қара қазанға ас салынып, кең дастарқанның басында бас қосады. Тек ата-ананың орны ойсырап тұр. Шаңырақтағы келіндер де қабақ шытпай қарсы алып жатады.
Ауылым – атамекенім
Осы әулеттегі шаруа қожалығын құрып, мал бағып, егін салып жүрген пысығы – Бағдат. Осыдан бірнеше жыл бұрын шаруа қожалығын құрған болатын. Аздан бастап, шаруашылығын нығайтып келеді. Асып тасымаса да өзіне жетеді. Барын бауырымен бөлісіп, бағыттап отырады. Аға, іні, бауырлар қолдаушысы.
– Қалаға кеткен кезім де болды. Бірақ ауылға шіркін не жетсін. Қайта оралдым. Ауылдың тірлігі малы мен жерінде екенін түсіндім. Содан «Бірлік» шаруа қожалығын құрып, қазір соның басшысымын. Ауылда егіндік жеріміз бар. Мал шаруашылығы дегендей. Болашақта мал басын әлі де көбейткім келеді. Үкімет тарапынан ұсынылған «Сыбаға» бағдарламасымен асыл тұқымды мал алған едім. Былтырдан бастап ангуст тұқымды 45 бас іріқара әкеле бастадық. Асыл тұқымды мал етке тапсырғанда тиімді. Қысқа төзімді. Бұрындары әулиекөлдік тұқымынан да алғанбыз. Қазір екі жүзге жетті. Қой шаруашылығымен де айналыстым. Бірақ қиындау екен. Оған бақташы табу қиын, оның жүнін жарататын жер жоқ бізде. Біздің өңір малға қолайлы, жайылымы жайлы. Жер жеткілікті. Жалақыны жақсы төлесең малшы да табылады, – дейді Бағдат.
Құс өсіріп кәсіп бастауға болады
Бағдаттың апасы Сандуғаш қолы қалт етсе қаладан ауылға келе қалғанды жақсы көреді. Қанша дегенмен ауылдың тартып тұрар бір сиқыры бар. Бұл кісінің қолынан келмейтіні жоқ. Өзі аспазшы. Тамақтың түр-түрін әзірлеп, дастарқанды жайнатып жіберетін өнері бар. Жалпы Сандуғаш әпкеміздің қолы берекелі. Ауылға келсе құс өсіріп, бақша салып, гүл отырғызып, жан-жағын жайнатып жібереді. Ауылдағы саябаққа да тұқымын ала келіп, небір гүлдерді отырғызғаны бұл жерге ерекше сән берді.
- Ауылды сағынып келеміз ғой. Мұнда ағам, інім бір-бір шаңырақ. Бұрын ескі үйде тұрғанда менде гүл бағы болған. Гүл еккенді керемет жақсы көремін. Гүлдің түр-түрін білемін. Ауылға келерде арнайы тұқымдарын сатып алып, аулаға отырғызамын. Не ексем де тез өсіп, жайқала кетеді. Мал өсіріп, бақша салып, құс өсіргенді жаным қалап тұрады. Жалпы мен ауылдың өміріне жақынмын. Бірақ өзім астанадамын, жұмысым да сол жақта. Биыл карантин болған соң ауылға келіп, құс бағып жатырмын. Қаз, үйректі ай сайын аламын. Балапан кезінен баптап өсіріп, қанаттандырып, жайылымға жіберемін. Құс өсіру зор еңбекті талап етеді. Әзірге еңбегімді бауырлар өзара бөлісіп аламыз. Жалпы келешекте ауылдан құс шаруашылығын ашқым келеді. Ауылда мал мен егін шаруашылығы ғана дамыған. Ал бақша салып, құс өсірушілер мүлде жоқ. Өзен болса ауыл іргесінде тұр. Осы істі жандандырса жақсы кәсіп болар еді, - дейді Сандуғаш Ілиясова.
Сауда – менің қолым
Ал келіндері Гүлшат үйдің іргесінен дүкен ашқан. Қаладан ауылдықтарға керектінің бәрін тасып, дүкеннің сөресін толтырады. Бұл да кәсіп. Әйтпесе керегіңді алу үшін шалғайдағы облыс немесе аудан орталығына жете қою оңай емес.
– Жалпы сауда – менің қолым. Шағын болса да дүкенімді аштым. Болашақта кеңейте жатармын. Ол енді алдағы күннің еншісінде, - дейді Гүлшат.
Ал ауыл өмірі осындай талпынған адамдардың, ауылды шексіз жақсы көретін, қалаға келсе ауылға асығып тұратын жандардың арқасында сақталып тұр. Бастысы мектеп балаларға толы болсын. Ол үшін жастар тұрақтап, оларға жұмыс болса бұл сияқты берекелі ауылдар құрып кетпейді. Ал қолына іс алып, кәсіп бастағандар ауылдың берекесін келтіру үшін барларын аямауда.
Ақсай ауылы,
Аманкелді ауданы.
Суреттерді түсірген Б.Ахметбеков.