Ауылды дамыту – алғы кезекте

IMG_3389Сейсенбі күні "Ұшқын" мәдениет үйінде Таран ауданының әкімі Бақберген Өтеулин халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы сараланған келелі жиынға жергілікті жақсы-жайсаңмен қатар Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Евгений Аман, облыстық басқарма мен аумақтық департамент басшылары түгелдей қатысты.
Есептік жиында баяндама жасаған Бақберген Қасымұлы білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларында атқарылған істерді жіліктеп, абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жұмыспен қамту шараларына жеке-дара тоқталды.
Әкім сөзіне сүйенсек, бүгінде өнеркәсіп өнімін шығарумен ауданда 6 кәсіпорын айналысады. Өткен жылы олар 27,4 млрд. теңгенің тауарын өндіріп, жергілікті бюджет құрылымындағы үлесін 40 пайызға жеткізген. Бұл көрсеткіш 2013 жылғымен салыстырғанда 5 пайызға төмен. Ауданның ірі кәсіпорны "Варваринское" АҚ мыс-алтын концентраты бағасының құлдырауына байланысты өндіріс көлемін 6 пайызға кемітсе, жарма, ұн, нан, нан-тоқаш және шұжық өнімдерінің өндірісінде өсім байқалады.
Былтыр мал шаруашылығын әрі қарай дамытуға, көкөніс, бақша және азық-түлік өнімдерін арттыруға бағытталған жалпы құны 585 млн. теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде "Викторовское", "Ленинское", "Адлет Т" ЖШС-тері мен "Туған жер", "Қалиев А.У.", "Цой Виктор", "Вернигоров", "VIVA" шаруа қожалықтарында 92 адам жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек Индустрияландыру картасына сәйкес "Global Beef KZ" ЖШС асыл тұқымды қара мал өсіру бойынша құны 4 050 млн. теңгеге бағаланған жобаны қолға алып отыр. Тарандықтар "Сыбаға" мемлекеттік бағдарламасы арқылы да 281 ірі қара мал сатып алып, кәсібінің  нәсібін көруде.
Аудан  басшысының  ерекше тоқталған мәселелерінің бірі – тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы болды. Былтыр  Тобыл  кентінде  ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы аясында 2 тұрғын үй ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Келер жылға 28,3 млн. теңгеге тағы да 2 тұрғын үйді жаңғыртудың жобалау-сметалық құжаттары әзір. Жауыр болған жол мәселесі де бүгін-ертең шешілер шаруаға ұқсамайды. Олай дейтініміз, аудандағы автомобиль жолдарының 34 пайызы ғана қанағаттандырарлық жағдайда. Ал, жыл сайын осы бағытқа бөлінетін 50-60 млн. теңге шұңқыр-тесіктерді жамауға ғана жететіні белгілі. "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы аясында бөлінген 25,3 млн. теңгенің тең жартысы 3 балалар алаңын салу мен көшелерді абаттандыруға жұмсалса, қалған қаражат қоқыс  үйінділерін  жою мен жол жөндеуге бағытталған.
Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де – әкімдіктің жіті назарында. Биыл Таран ауылы мен Тобыл кентінде су құбыры желісін қайта жандандыру жұмыстары өз жалғасын таппақ. Әкімнің мәлімдеуінше, бүгінде 8 елді мекенге табиғи газ келіп тұр. Инвесторлармен уағдаластыққа қол жеткізіліп жатса, келешекте көгілдір отынның  игілігін  түгелдей  аудан халқы  көретін болады. Осы орайда, жекелеген ауылдарда газдың бағасы әдеттегіден 3-4 теңгеге қымбат түсуі мүмкіндігін айта кеткен жөн.
Елбасымыз еңбек нарығының тиімділігін арттыру мақсатында аз қамтылғандар мен жұмыссыздарды қолдаудың тиімді тетіктерін атап көрсеткен болатын. Соның ішінде "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасының шоқтығы биік. Мемлекеттік бағдарламаның бірінші бағыты аясында республикалық бюджеттен түскен трансферттер есебінен 131 млн. 438 мың теңгеге Тобыл кәсіби-техникалық колледжінің ғимаратына  күрделі жөндеу жүргізілді. Жөндеу жұмыстарына "Жұмыспен қамту орталығының" жолдамасы бойынша 28 жұмыссыз азамат тартылды. Бұдан басқа әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарын мүгедектерге бейімдеу мақсатында төрт мекемеде пандус орнатылды. Бағдарламаның "Кәсіпкерлікті дамыту мен тірек ауылдарды дамыту арқылы жұмыс орындарын құру" атты екінші бағыты бойынша жалпы сомасы 87,1 млн. теңгеге 40 адамға шағын несие берілді. Үшінші "Жұмыс берушінің қажеттілігі аясында оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналастыруға көмектесу" бағыты бойынша әлеуметтік жұмыс орнына 24 адам, жастар практикасына 28 адам, қайта даярлауға 10 адам, біліктілігін арттыруға 3 адам, кәсіби оқуға 7 адам жіберілді. Қабылданған шаралар арқасында, тіркелген жұмыссыздық саны 0,2% дейін азайды, жұмысқа орналастырылғандар үлесі 96% құрап, 575 жұмыс орны құрылды. Аудан бойынша орташа айлық еңбекақы өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 9,7 пайызға артып,  97 635 теңгеге жетті. Бұл облыстық көрсеткіштен 10,8 пайызға артық.
Бақберген Өтеулин ел Президентінің  "Нұрлы  Жол – болашаққа бастар жол" атты Жолдауындағы тапсырмаларға сәйкес биыл да аудан жұртшылығын ауқымды жұмыстар күтіп тұрғандығын айтып, баяндамасын қорытындылады. Әкімнен кейін жарыссөзге шыққан бір топ кәсіпкерлер мен қарапайым тұрғындар өз ұсыныстар мен тілектерін жайып салды. Мәселен "Майлин" ЖШС директоры Владимир Бушкин жем-шөпті субсидиялау, бруцеллезбен күрес, сүт өткі-зу мәселелеріне тоқталса, жергілікті жұрт "Север птица" құс фабрикасының жандандыру, Әйет өзеніне тоған (дамба) салу, Тобыл кентіндегі балабақша мәселесі толғандыратындығын жеткізді.  Бақберген Қасымұлы қойыл-ған әрбір сауалға тұшымды жауап беріп жатты. Оның айтуынша, Май ауылында орналасқан құс фабрикасын сақтап қалу үшін 1,5 млрд. теңгедей қаражат қажет. Сондықтан түгелдей инфрақұрылымы  бар, логистика жағынан инвестициялық тиімді кәсіпорынға жаңа  құрылтайшы  іздеу  жұмыстары жүргізілуде. Тоған құрылысы үстіміздегі жылда жоспарланып отырса, Тобыл кентінде жаңа балабақша салу үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидасы қарастырылатынын айтты. Аудан әкімінің сөзін толықтырып, атқарылған жұмыстарға көңілі толған Евгений Аман әлемде орын алған экономикалық ахуалға байланысты республикалық бюджеттің кейбір тұстары қысқарғанымен, ауыл шаруашылығын  дамытуға  бағытталған жобаларды қаржыландыру тоқтамайтынын атап өтті. Жиын соңында ауданның бір топ азаматы Евгений Аманның қолынан Қостанай облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Қуаныш
      ЕСҚАБЫЛ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓