Журналистер алаңға шықты
А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің "Сұңқар" спорт кешенінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналып БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан жолдастық турнир болып өтті. Оған "Қазақстан-Қостанай" РТРК ҚОФ, ҚМУ медиа-студиясы, өзіміздің "Қостанай таңы" газеті және қонақ ретінде "Жас Отан" ЖҚ ұжымдары қатынасты. Жолдастық кездесулердің басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, БАҚ өкілдері арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Алғашқы ойында ҚМУ медиа-студиясы "Жас Отан" ЖҚ құрамасын 3 те 1 есебімен жеңді. Жұмыстың күйбең тірлігінен бас алмайтын төртінші билік қауымы ойын алаңына шығып, өздеріне тән жылдамдығы мен дәлділігін көрсете білді. Біздің ұжым телевизиялық әріптестеріне жауапсыз төрт доп соқты. Барлық қарсыластар бір-бірімен айналым жүйесі бойынша кездесті.
Тайталаспен өткен ойындарда ҚМУ медиа-студиясы қорытынды есепте бірінші орынға шықты. Ал қалған командалардың барлығында бір-бір жеңістен бар. Жолдастық турнирдегі "Үздік қақпашы" атағын Амангелді Шөрентаев(ҚМУ медиа студиясы) алса, "Үздік қорғаушы" болып Данияр Сұлтан("Қазақстан-Қостанай"). Жартылай қорғаныста шебер ойын көрсеткен жас отандық Абылайхан Есімов жиналған жұрттың қошеметіне ие болды. Турнирде төрт доп соққан Болат Қалиев(ҚМУ медиа-студиясы) пен Қасқырбай Қойшыманов("Қостанай таңы") "Үздік шабуылшы" атағын алды.
– Футбол ойнап бір серпіліп қалдық. Шаршаймыз ба деп едік, керісінше болды. Осындай игі бастамалар журналистер арасында спортты дамытуға мүмкіндік туғызады. Алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз,- деді жарысқа қатысушы әріптесіміз Бауыржан Бөгенбай.
Жолдастық турнирге мұрындық бола білген де БАҚ өкілдерінің өздері. Олар ойын соңында естелік суретке түсіп, арқа-жарқа болып тарасты.
Қасқырбай Қойшыманов
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай