Бекболаттың жеңісі
Жақында Павлодар қаласында ересектер арасында қазақ күресінен Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевты еске алуға арналған республикалық турнир өтті. Бұл жарысқа Қостанай облысының атынан Бекболат Мұқанов қатысып, бірінші орынға ие болды.
Осы турнирде 74 келі салмақта күрескендердің ішінен олқысын көрсете алмайсыз. Әлем чемпионы Бекзат Манасбаев, алматылық шебер, Азия чемпионы Ғани Келдікұлов, жастар арасында өткен әлем чемпионатының жүлдегері Данияр Темірханов және қазақ күресінен ҚР спорт шебері Бекболат Мұқановтардың қай-қайсысы болса да алтыннан үмітті еді.
Кереку төріндегі бірінші бәсекеде Б.Мұқанов Д.Темірхановтан басым түсті. Ал жартылай финалда Бекзат Манасбаевпен кездесті. Бір-бірінің айла-тәсілдерін әбден меңгеріп алған қос палуан арасындағы тартыс қызықты өтті. Дегенмен, жерлесіміз намысқа тырысып, әлем чемпионын таза ұтты. Финалда Ғани Келдікұловпен кілемге шыққан Бекболат Мұқанов қарсыласын екі жартылай әдіспен жеңді.
Халықаралық, республикалық жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы Бекболат Аманкелді ауданының тумасы. Ол 11 жасынан күрес үйірмесіне жазылды. Алғашқы бапкері Алтынбай Болатовты жұрт жақсы біледі. Кезінде қазақ күресінен әлем чемпионатында белдесіп, "Арқалық алыбы" атанғаны есте. Бекболат та бапкердің даңқты жолын жалғастырып келеді.
Бүгінде ол Қостанайда Бейсенбай Әубәкіров пен Жұмахан Қасымханов сияқты қазақ күресіне еңбегі сіңген жаттықтырушылардан тәлім алады.
– Қазақ күресін әлемге таныту ел ішіндегі турнирлердің маңыздылығын арттырудан басталады деп ойлаймын. Павлодарда өткен жарыс – соның бір дәлелі. Арманым – қазақ күресінен әлем чемпионы болу. Осы жолда тынбай терлеу керек. Сол үшін де әрдайым күрес залынан табылуға тырысамын, – дейді палуан.
Суретте: Б.Мұқанов – республикалық турнирдің жеңімпазы