“Ақшамның” поштасынан
Мен "Қостанай таңын" 5 жылдан бері жаздырып оқимын. Мамандығым экономист болса да, өзім әдебиет пен өнерге жақынмын. "Қостанай ақшамы" қосымшасы шыққанын көріп, оқып, шынымды айтайын қуандым. Әсіресе "Сөз әлемі", "Ақмаңдайлым", "Тылсым" беттері тартымды. Осы беттердің материалдарын оқып отырғанымда, маған мынандай ой келді. Осы біздің өңірде саз өнері, яки композиторлық кәсіппен шұғылданатын адамдар некен-саяқ. Қалибек Дербісалдин, Бақытжан Сәуекенов және Қайрат Нұрғазиннен өзге танымалдар жоқтың қасы. Ендеше, неге мысалы, "Саз әлемі" деген айдар ашып, музыка жазатындардың туындыларын жариялап, таныстырып тұрмасқа. Тағы айтайын дегенім, облыста тұщымды жазатын ақындар бар. Солардың жақсы жырларын жариялап, соған "Ән сұраймыз" деп пе, әйтеуір бір амалын тауып, композиторларды саз жазуға шақырса.
Мен осы ойымның ізашары ретінде мына бір жырымды жолдап отырмын.
Ербосын Байтақов.
Қостанай қаласы.
Жаййдарлым
(Сөзі Ербосын Байтақовтікі)
(Балауса әнші Арайлым Исмайловаға арнаймын)
Жылы сақта жүрегіңді,
Жайдарлым,
Мұңы көп қой бұл өмірдің,
Жайдарлым.
Қайсар біткен бар қаныңда мінезің,
Қорған болар, сенерің сол бір өзің.
Жайдарлым!
Қайырмасы:
Жайдарлым-ау, жайдарлым!
Әнді ұмытпа,
Таңды ұмытпа,
Өзің сүйген,
жанды ұмытпа.
Мәңгі ұмытпа,
айналдым!
Думаны көп, жарқын ғұмыр,
Жайдарлым!
Махаббат бар, алтын тұғыр
Жайдарлым!
Жастығыңның қадірін біл, айбарлым,
Тұнығынан қанып ішкен қайнардың!
Жайдарлым!
Қайырмасы
Жан дидарың ажарлы екен,
Жайдарлым!
Бұла шағың базарлы екен,
Жайдарлым!
Дүние қызығымен өтер-кетер,
Ойна да күл, түбіне кімдер жетер.
Жайдарлым!
Қайырмасы
Редакциядан:
Осы мәтінге ықыласы ауып, әнін жазар кісі болса, бізбен хабарласып, келешекте нотасын жариялап, "Ақшам" ән сүйер қауымға таныстыратын болады.