Талапты бала Бағытбек
2014 жылғы 12 желтоқсанда Қостанай қаласында салтанатты түрде Назарбаев зияткерлік мектебінің тұсаукесері өтті. Осы салтанатқа ауданымыздағы №2 Ұзынкөл орта мектебінің 8-сынып оқушысы Бағытбек Чикинаев ата-анасымен қатысуға шақырылды. Себебі, Бағытбек Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын болады.
Өткен жылдың жаз айында еліміздің, облысымыздың әр түпкірінен келген жүздеген оқушылар осы мектепке түсу үшін арнайы іріктеу тестілеу сынақтарына қатысқан-ды. Солардың ішінде Бағытбек де болды. Тестілеуден сүрінбей өткенде қуанышында шек болмады. "Кіл жүйріктің" ішінен аты озып, Бағытбектің жүйрік болып шығуы ата-анасына да, ұстаздарына да және ауданымызға да үлкен мерей, қуаныш.
– Мен отбасыммен Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түскеніме өте қуаныштымын. Ендігі мақсатым, жаңа оқу тәртібіне тезірек бейімделу. Мен білемін, онда өте көп жаңа пәндер оқытылатын болады, кейбір пәндер ағылшын тілінде жүргізіледі. Әрине, оқу қиын болады, бірақ өзіме сенімдімін. Оқуға бар күшімді салып, маған сенгендердің үмітін ақтауға тырысамын. Менімен бірге суыққа тоңып, ыстыққа күйген ұстаздарыма, сыныптастарыма, мектеп директоры Жібек Жаныбековаға мыңбір ал-ғысымды айтамын,– дейді Бағытбек.
А. Әмрина.
Ұзынкөл ауданы.