Жазасы алты айға қысқарды
Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Фрунзик Аракелянның жаза өтеу мерзімі рақымшылық бойынша қысқартылды. Бұл туралы Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлайды.
Қостанай қаласының №2 сотына сотталушы Ф.Аракелян өтелмеген жазасын жеңілдетуді сұрап өтініш жазған еді. Алайда, оның өтінішхаты қараусыз күйде қалды.
Еске салайық, сот үкімімен Аракелян осы жылдың 7 сәуірінде пара алғаны үшін қамауға алынған еді. Дүние-мүлкі тәркіленіп, 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін келе Қостанай облысы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бұл үкім өзгертіліп, 3,5 жыл жазасын өтеуі керек болған.
Енді "ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" Заңға сәйкес, 13 желтоқсаннан бастап Аракелянның жазасын өтеу мерзімі тағы да 6 ай 15 күнге қысқартылды. Әзірге қаулы заңды күшіне енген жоқ.