Жаны жайсаң, пейілі кең Жомарт Жүргімбаев туралы әңгіме

IMG_8499цвӨңіріміз небір іскер азамат, жаңашыл басшыларға кенде емес. Жастайынан маңдай ақы, табан терімен еңбек ете жүріп, талай қиындықтарды бағындырған осындай ағаларымыз ортамызда баршылық. Сол бір балалықтың бал күндерін қара жұмысқа айырбастаған, бүгінде елге қадірлі басшы, өнегелі отағасы, тәлімгер ата деген атқа лайық – Жомарт Жүргімбаевтың есімін ел біледі.
Кеңес үкіметі ыдырап, тәуелсіздік алған заманда көптің алдында жүріп, іргелі еліміздің керегесін жайып, уығын қадасқан Жомарт Тілепбайұлы Қазақ мемлекетінің баянды болуына бар күш-жігерін салған азаматтың бірі. "Кеңес кезінде жүріс-тұрысымызға дейін үкімет шешетін. Тоқсаныншы жылдары заман құбылды. Ірі өндіріс, өнеркәсіптер құлады. Ертеңге деген үрей басым, күдік көп. Халық қайда барарын білмей дал. Бюджет қызметкерлерінің өзі саудаға кетіп жатты. Ауылдық жерлерге дейін көшпелі жайма базарлар қаптап кетті. Сондай қиын сәтте Н.Назарбаевпен кездескен болатынбыз. Нұрекең «ал, сақа басшылар, сіздер көпті көрдіңіздер, ел басқару ісінде тәжірибелеріңіз мол, алдағы ойларыңызбен бөлісіңіздер, ақыл қосыңыздар, не істейміз, қалай жұмыс жасаймыз, пікірлеріңізді ескерусіз қалдырмаймыз» деп бізден сұрады. Бірақ қазақ «ханда қырық кісінің ақылы бар» дейді, ел басқарушыдан асырып не ақыл айтамыз деп үндемей отырып қалдық. Сонда Елбасының көзінен келешекке деген нық сенім, айтқан сөзінен мемлекетіміздің өркендеу жолындағы зор белестерді көрдік. Нұрсұлтан Әбішұлының сол сөздері бізге үлкен қайрау болды» дейді сонау күндерді есіне алған Жомарт аға.
Республиканың ауыл шаруашылығына сүбелі үлес қосқан білікті маман, бірнеше ірі малды, астықты ауылдарды, шаруашылықтарды және ет комбинатын көтерген жаңашыл басшы, «Жүргімбаев Ж.Т.» шаруа қожалығының жетекшісі Жомарт Тілепбайұлы мамыр айының 25 жұлдызында 75 жасқа толғалы отыр. Қостанай ауданының құрметті азаматы атанған ағамыз кеңестік дәуірден бері Лениннің 100 жылдығына, тың жерлерді игерудің 30 жылдығына арналған мерекелік медальдерінен бастап, КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын медалі, тәуелсіз Қазақстанның «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы», «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медальдерінің, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің, басқа да республикалық, облыстық, аудандық марапаттардың иегері.
 
«Түйір нан – тамшы тер»
Қазір жетпістен асқан аға буын осы бір мәтелді ерекше қадірлейді. Себебі, олардың қызық дәурен балғын күндері жатпай-тұрмай жұмыспен өтті. Жалпы, балалық шағы кеңес дәуірінде, әсіресе, соғыстың алдындағы және одан кейінгі жылдары өткендердің не киімге не асқа жарыдық дегенін естімейсің. Ол аздай, майдан даласында көбісінің әкесі ажал құшты немесе ауыр жараланып келіп жатты. Осындай қиын күндердің ащы кермегі адамды амалсыздан тез есейтеді емес пе. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда 12 жасар бала Жомарт өз қатарластарымен бірге егістікті зиянкестерден улайтын ұшаққа қап-қабымен улы химикаттар тасып жүретінбіз дейді. Сол еңбектеріне бір-екі тілімнен ірімшік алып отырады екен.
Ата-бабаларының байырғы қонысы Торғай өңірінің Сарықопа жері. Жомарттың ата-анасы Тілепбай мен Бәтима 1933 жылғы аштық кезінде Рыспайға келіпті. Отбасындағы тоғыз баладан Жомарт, үлкен ағасы Түркен мен 1940 жылы туған інісі Бақытжан ғана аман қалған. Соғыс басталғанда әкелері майданға аттанып, Миасс қаласында Отан қорғап жүріп, 1943 жылы ауыр науқас-қа душар болады. Елге оралысымен көп ұзамай қаза болыпты.
Міне, осындай қиын күндерде Бәтима анамызға бала-шағаны бағу да оңай болған жоқ. Аздап есейіп қалған Түркеннің өзі еңбекке араласып кетті дейді мерейтой иесі:
– Мен бірінші сыныпқа қабылданғанымда аяғыма киерім болмай, мектепке ескі галошпен барғаным есімде. Оның өзін аяғымнан сыпырылып түсіп қалмас үшін баумен шырмап қояды. Үстіңе бүтін бірдеңе іліп жүру қайда, шешем жыртық киімдерді жамап беріп отыратын.
Бозбала Жомарт 1955 жылы Рыспайдағы жеті жылдық мектепті аяқтап, Садчиков ауылындағы МТС-те трактор оқуының үш айлық курсын бітіріп алады. Техниканың тізгініне отырып жұмыс істеп жүріп, 1958 жылы Калининград қаласына әскери борышын өтеуге аттанған ол, дымқыл ауасы бар өңірде 3 жыл 3 ай танк полкінде Отан қорғау міндетін атқарып келді. Бертін келе Жомарт Тілепбайұылының бірнеше ауылды басқарған уақытында балалық шақтағы жұмысқа ерте араласқаны көрініп тұрды – кез келген іске құлшына кірісіп, жанашырлықпен жасағанын ел ұмытпайды.
 
Көлік тізгінінен – директорлыққа дейін
Алпысыншы жылдары елімізде тың игеру науқанының нағыз қызып, жұмысшы жастардың жетіспей тұрған уақыты болатын. Жомарттың да қатарластарымен бірге әскери борышын өтеп болып жатқан кезі еді, тепсе темір үзетін жігіттер партияның нұсқауымен тура Целиноград қаласына келеді. Алайда, жастар тобы «тыңды қай жерде болса да көтереміз, ауылымызға барайық» деп, Қостанайға оралады.
1961 жылы Қостанайдағы автомектептің курсын аяқтап, Затоболдағы көлік базасында жүргізуші қызметін бастайды. Келесі жылы Жомарт Тілепбайұлы өмірлік жары Раиса Рамазанқызымен шаңырақ көтеріп, сол жылы Таран ауданының «Викторов» кеңшарына көшіп барғаннан кейін-ақ жұмыс барысындағы өсу баспалдағы басталды. Көлік жүргізушісі, трактор бригадасының есеп жүргізушісі бола жүріп, кеңшардың нұсқауымен зоотехник курсын оқып келіп, бөлімшенің зоотехнигі қызметіне кірісті. Кейін ауыл шаруашылық институтын сырттай бітіріп алды.
Жомарт Жүргімбаев үшін 1978 жыл нағыз жауапкершіліктің мойнына артылған кезі болды. Ол «Викторов» кеңшарының №1 бөлімше меңгерушісі қызметіне кірісіп, көп уақыт өтпей кеңшар директорының мал азығын дайындау жөніндегі орынбасары дәрежесіне көтерілді. 1979 жылы коммунистік партия қатарына алынды. Сол аралықта ауылдық, аудандық кеңеске бірнеше рет депутат болып сайланды. Аудандық, облыстық деңгейдегі барлық форумдарға қатысып жүрді.
1982 жылы кейіпкеріміз жаңа белеске көтерілді, бұдан былай Жүргімбаев жолдас – Қамысты ауданындағы ірі астықты «Камышин» кеңшарының директоры. Осы қызметте аттай он жыл еңбек етіп, Қостанай ауданының «Затобол» кеңшарын басқаруға келді. 1996 жылы Жомарт Тілепбайұлы Қостанай ет комбинатына басшылыққа келді әрі сол нарықтың қиын-қыстау заманында «Жүргімбаев Ж.Т.» шаруа қожалығын құрды.
 
«Мал баққанға бітеді»
Жомарт Жүргімбаев басшылық қызметтер атқарған жылдарында халықтың қамы үшін деп 5 жүзден астам үй салған адам. Жоғарыда ол кісіні жаңашыл дедік қой. Сол баяғы ел игілігіне, алысқа бармай-ақ, өзімізде болсын деген оймен диірмен салдырған, дұрысы – өз қолымен көтерді деуге болады, себебі, Жөкең диірменге қажетті бөлшектерді де ауылдарды аралап жүріп жинап әкеледі екен. Күніне 8 центнерге дейін бидай тартатын қуаты бар кешеннің қызығын жұрт көрді. Оған қоса, сыйымдылығы 5 мың тонналық астық кептіру цистерналары және итальяндық 2 мың тонналық кептіретін агрегатын дайындап жатқанда, қызметін ауыстырады.
Кейіпкеріміз нарықтың қиын уақытында пастерленген сүт өнімдерін өндіретін цех ашқан жан. Ол үшін Челябі облысынан арнайы сүтті пастерлейтін, қаймақ-майын бөліп алатын қондырғы әкеліп орнатты. Ал сүттің сырт-қы қаптамасы Екатеринбург қаласынан жеткізіліп тұрды. Цех алдымен сүтті шайқап, оның құрамындағы қаймағын бөліп алып, өнім майлылығын 2,5 пайызға келтіріп пастерлейді. Ол кезде өңірімізде қаптамадағы сүтті өндіретін өндіріс орындары жоқтың қасы еді, тіпті, бол-ған жоқ дейді Жомарт аға:
– Бастапқыда сүтті өзім бастап тасып, сатып жүрдім. Көп уақыт өтпей тұтынушылар өздері іздеп келіп, кезекке тұратын болды. Жалпы, сол кәсібіміз өте табысты болды, қыста күніне шығарылатын 3 тонна сүттен 60-70 мың ақша пайда көрдік. Одан кейін, қажетті құрал-жабдық сатып алып, наубайхана аштық. Тәулігіне 1200 бөлке нан шығарамыз. Ол нанды алдымен өзімізге қарасты әрбір учаскеге, бөлімшелерге, машина-трактор жөндеу орнына, гараждарға апарып таратамыз. Ал соғыс ардагерлеріне тегін берілді.
«Камышин» кеңшарын басқарып тұрған уақытында шаруашылық үйректі көп ұстаған. Ондайда құс мамығының далада қалып жататын кезі аз ба. Сондықтан кеңшар директорына мынадай ой келеді:
– Германияда құс мамығын өңдейтін цехқа қажетті құрал-жабдық сатылады дегенді естідім. Сол кездегі Қамысты аудандық партия комитетінің хатшысы, кейін әкімі болған  В.Дорошкоға ойымды айттым. Ол кісі айтқанымды қолдады. Бірақ құрал-жабдық алу үшін Мәскеуге барып, Германияның елшілігі арқылы шешу керек екен. Ресей астанасына барып, Германиядан қондырғы алуға қол жеткізіп келдім. Ендігі сапар – Майндағы Франкфурт-қа жол жүру. Аудан басшысы В.Дорошко мен Қамысты өңіріне барғалы қызметтес әрі дос болып кеткен И.Естаев (сол кезде «Бестау» кеңшарының директоры), Б.Дәндібаев (Жітіқара ауданы Львов тәжірибе станциясының басшысы) төртеуіміз Еуропа еліне бардық. Қажетті құрал-жабдығымызды көріп, сондағы серіктестік-пен келісімге отырып, сатып алуға тапсырыс бердік. Бірақ амал бар ма, елге оралғаннан кейін көп уақыт өтпей қызметім ауысты да, жоспарым орындалмай қалды.
Сол уақытта Жомарт ағаның тағы бір жүзеге аспай қалған шаруасының бірі – жылдам дайындалатын кеспе цехын жабдықтауға қытайлық фирмамен жасасып отырған жоспары. Ол да қызметтің ауысуымен аяқсыз болды.
 
Асқар әке, абзал ата
Бүгінде отасқандарына елу жылдан астам болған Жомарт ағамыз бен Раиса апамыз үш ұлынан жеті немере, үш шөбере көріп отыр. Тағдардың салғаны шығар, тұңғыш ұлдары Марат осыдан жиырма жыл бұрын көз жұмды. Десе де, оның артында қалған екі тұяғы ата-әжесіне шөбере сүйгізді.  
Жомарттың анасы тоқсан жасқа келіп қайтыс болған адам. Ал ағасы Түркен осыдан 6 жыл бұрын 82 жасында, інісі Бақытжан екі жыл бұрын 69 жасында дүниеден озды. Жомарт аға мен Раиса апа бүгінде Жүргімбаевтар әулетінің бас-көзі. Раиса апа ұзақ жылдар білім беру саласында еңбек еткен, отағасына сүйеу, балаларына тіреу бола білген абзал жан. Әйтпесе, кейіпкеріміз жақын туысымнан ешкім жоқ дейді:
– Ертеректе, Викторов ауылында тұрғанда, шешемнің інісі бізді іздеп Қостанай жағына келіп, таба алмай кетіпті. Кейін інім Бақытжан Арқалыққа барып жүріп сол нағышыммен танысады. Олар Аманкелді ауданы орталығының бер жағында «Коммунизм жолы» ауылында тұрады екен. Мен шешемді алып, нағашыларымды іздеп бардық. Сол жерде нағашымды күзгі орақ аяқталысымен қыдырып келіңдер деп қонаққа шақырып кеттім. Нағашы жұртым келе жатыр деп, үйді жөндеп, ақтап-сырлап, қыл аяғы ескі жиһаздың бәрін жаңалап едік, келген жоқ. Артынан ол кісінің қайтыс болғанын бірақ естідік.
Қазір Қостанай ауданы өңірдің абыройлы азаматының өмір жолы, қызметі, игі істері туралы кітап құрастырып жатыр. Мерейтой иесі еңбегін ерекше бағалап, осы бастамаға тікелей мұрындық болған аудан әкімі А.Ахметжановтың азаматтығын айрықша атап өтті және бұл барша жастарға үлгі болу керектігін айтады.
Қазір жетпістің ортасына келсе де, жұмыстан қолын үзіп көрмеген Жомарт Тілепбайұлы немерелерінің ішінен Талғатты келешекте шаруашылықтың тізгінін ұстайды деп жанына серік қылып отыр. Талғаты табиғатынан мінезі де, ойы да атасына тартқан, еңбекқорлығы бір төбе.
– Бүгінгінің жастары – бақытты жастар. Не қажеттің бәрі алдарында дайын. Бірақ мен балаларымды дайын дүниеге, әсіресе, ақшаға үйір қылмадым, әлі күнге немерелеріме ақша көп ұстатпаймын. Себебі, қоғамда небір нашақорлық, басбұзарлық қатарлы кереғар істер пайда болды. Осындай істерден аулақ болыңдар деп, есесіне, қаражатты есебімен, дұрыс жұмсауға үйретіп отырамын. Егер балалардың біреуі қандай да бір кәсіп ашқысы келіп, жоспарын дұрыс жасаған болса, оған көмектесуге бармын.
Ал біз мерейтой иесіне ұзақ ғұмыр тілеп, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне әлі де үлесін қосып, жастарға білгенін аямай, үйретіп жүре берсін демекпіз.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Суретті түсірген: Айбек ЖҮЗБАЙ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓