Отбасының цифрлық картасы: жай дерек емес

Елімізде 1 қыркүйектен бері Әлеуметтік кодекс жобасы аясында пилот режимде Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Бұл қандай карта, ол азаматтарға несімен оңтайлы болмақ. Осы жөнінде бүгінгі мақаламамызда тарқатып көрдік.
789 алушыға төлем тағайындалды
Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қостанай облысы бойынша департамент басшының міндет атқарушы Айгүл Сатаеваның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасын енгізу басталды. Бұл қандай карта? Іс жүзінде карта бұл әлеуметтік мәртебесіне байланысты, кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы ақпарат беретін азаматтардың күн сайынғы «электрондық жаршысы», көрсетілетін мемлекеттік қызметтің проактивті форматының жаңа құралы. Бұл ақпараттық жүйе азаматтарға проактив форматта, яғни, мемлекет ақпараттық жүйе арқылы азаматқа тиісті органдарға жүгінбей-ақ, мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынатын болады.
Бүгінгі күні Қостанай облысы бойынша әлеуетті алушыларға атаулы әлеуметтік көмек, бала туылы және оған күтім жасауға арналған жәрдемақы, көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған жәрдемақы, жұмысынан айрылу бойынша әлеуметтік төлем сияқты төлем түрлерін алуға 1 599 СМС-хабарлама жіберілді. Оның ішінде 789 алушыға төлем тағайындалды, 88 алушыға құқығының болмауына байланысты тағайындаудан бас тартылған.
Қалай жұмыс істейді?
Цифрлық карта қалай жұмыс істейді? Бастапқы кезеңде мемлекеттік органдардағы ақпараттық жүйелердің деректері негізінде отбасылардың әл-ауқат деңгейі мен оларға тиісті мемлекеттік қолдау шараларын айқындау бойынша жұмыс жүргізілді. Қазірдің өзінде цифрлық картада шамамен 6 млн отбасы және 19 млн оның мүшелері туралы деректер қамтылған, сондай-ақ «отбасы портреті» деп аталатын деректер қалыптастырылған. Карта деректері отбасы және оның мүшелері мәртебесінің өзгеруіне қарай жаңартылып отырады. Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін әлеуетті алушыға СМС-хабарлама жіберіледі. Келісім алғаннан кейін – әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, кейін алушының банк шотына аударылады. Бұл бюрократияны, түсініспеушілікті, артық әрекетті азайтпақ. Цифрландыру арқылы азаматтардың өмірін жеңілдетпек. Жоғарыда атап өткеніміздей цифрлық карта – пилоттық режимдегі жоба.
Отбасылардың әл-ауқатының деңгейі бес критерий бойынша айқындалады: Экономикалық өмір сүру жағдайлары, денсаулық сақтау қызметкерімен қамту, мүгедектігі бар адамдардың болуы, тұрғын үй жағдайлары, әлеуметтік жағдайлар, білім беру қызметтерімен қамту және отбасы мүшелерінің білім деңгейі.
Жоба кезең-кезеңімен
Айгүл Сатаеваның айтуынша, жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап – жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылды. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап тізбе әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтілетін болады. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізілетін болады. 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.
 
 
Шұға ҚОҢҚАБАЙ.

 

 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓