Ардагерге ұялы телефон табыстады

Облыс аумағында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне дабыл түймесі орнатылған телефондарды табыстау шарасы жалғасын табуда. Бұл өнегелі істің жүзеге асуына «Жас Отан» жастар қанаты қостанайлық филиалының еріктілері үлес қосып, аға буынға қолғанат болуда.ардагерлер
«Жасотандық» еріктілер мектебі студенттерден құралған. Олар оқудан кейінгі уақыттарын бос өткізбеуге тырысады. Топ-топ болып жиналып ардагерлерге көмектеседі. Қариялар тұратын үйлердің аулаларын қардан тазалап, үй шаруасына да қолғабыс етеді. Жастардың бұл бастамасы құптарлық іс. Өткен сенбіде бір топ ерікті облыс орталығындағы ардагер Мария Чибутолинаның үйіне барды.  Қарт анаға дабыл түймесі орнатылған ұялы телефонды табыстап, оны пайдаланудың жолдарын түсіндірді.
Мария әжейдің жасы қазір 92-де. Отты жылдары өзінің замандастары сияқты соғыстың ауыр тұрмысын бастан кешкен. Бүгінде қаладағы қызы мен немересінің қолында тұрады. Ардагер жастардың іздеп келгеніне балаша қуанып, ақ алғысын білдірді.
–  Республикада «Өмір жолы» акциясы бастау алды. Акция аясында ардагерлерді артында дабыл түймесі бар ұялы телефондармен қамту жоспарланған. Қазіргі уақытта Қостанай қаласында 132 ардагер бар. Соның ішінде елу шақты ардагерге ерекше телефонды тапсырдық және қариялар туралы ақпараттарды жинап, операторға баяндадық. Ол кісілердің жасы, мекен жайы, туған-туыстары, тіпті сырқаты туралы деректер базада сақталды,-деді «Жас Отан» ЖҚ қостанайлық филиалы жанындағы еріктілер мектебінің үйлестірушісі Гауһартас Калахова.
Аталған іс-шара «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында өтті. «Жасотандық» еріктілер Қостанай қаласымен қатар өңірге қарасты аудандардағы ардагерлерді аралады.
 
Қымбат ДОСЖАНОВА
 
 
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓