Ардагерлерге көмек көрсетілмек
Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай, Қостанай облысына республика қазынасынан 326 млн. теңге бөлінді, оның 323 млн. теңгесі ардагерлерге бір реттік материалдық көмекке, ал қалған 3 млн. теңгесі оларды Мәскеу мен Астана қаласында өтетін мерекелік шеруге апаруға жұмсалмақ. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Е.Жау-лыбаевтың айтуынша, бір реттік төлем көлемі 25 мың мен 100 мың теңге аралығында, сондай-ақ облыс бюджетінен де Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне 150 мың теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек төленетін болады. Сонымен қатар, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушыларға теңестірілген басқа да санаттағы адамдарға, соның ішінде соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (9910 теңге) көмек көрсетілмек. Бұдан басқа, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне тұрмыстық қажеттілік үшін төленетін ай сайынғы 10 АЕК (19820 теңге) көмек түрі де жалғасын таба береді.
Қарлығаш
ОСПАНОВА