«Қарияларым – қазыналарым»

сайт3

Меңдіқара аудандық кітапханасында осындай атаумен халықаралық қарттар күніне арналған дөңгелек үстел өтті. Келелі басқосуды ұйымдастыруға өңірдегі кітапхана қызметкерлері, ауданның Зұлқарнайұлы Мұса қажы мешітінің бас имамы Еркебұлан Қошан мұрындық болып отыр. Жиынға меңдіқаралық ақ сақалды аталар, ақ жаулықты әжелер арнайы шақырылған. 
сайт5          
Жалпы, Меңдіқара жерінде елдің құрметті қариялары, ұзақ жыл ұрпақ жолында, болашақ қамында еңбек етіп, бүгінде зейнет көріп отырған алдыңғы буынмен жүз көрісіп, дидарласу көптен қалыптасып қалған үрдіс. Бір-бір әулетке тұтқа, отбасындағы бәйтерек болып отырған абзал жандар әр жиын сайын жас толқынға өздерінің аңызға бергісіз өмір жолын, бабадан қалған баталы сөз, ықылым заманнан жеткен ғибратқа толы әңгімелерін айтудан жалыққан емес. Көненің көздері – ескінің сарқыты, шежіреге толы рухани қазынамыз. 
сайт2          
Бұл жолғы мерекелік басқосу барысында да ата-әжелеріміз, апаларымыз ғақылы мол әңгімелерін айтып, жылы лебіздерін ақтарып құттықтады. 
сайт4          
Жиын соңында кітапхана қызметкерлері мен мешіт имамы да қадір тұтқан қонақтарға ақжарма лебіздерін жеткізді. Аудан имамы Еркебұлан Жаңбырбайұлы «орамал тоң болмайды, жол болады» деген қазақы жолмен қарияларымызға кішігірім сыйлықтар тарту етті. Ал басқосу ақсақалдар атынан аудандық мешіттің алқа мүшесі Бірғали атаның бата беруімен аяқталды.
           сайт1
            Меңдіқара ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓