Соғыс және тың ардагері Дәуітбай Жұрқабайұлы туралы сөз
1954 жылдың көктемі болатын. Орталық Комитеттің қаулысына сәйкес елімізде тың және тыңайған жерді игеру науқаны басталған кез. Шағын ғана Қостанай теміржол стансасына мал, не басқа заттарды тасуға ғана арналған теплушкалармен еліміздің түкпір-түкпірінен жас энтузиастар лек-легі-мен келіп жатты. Ал, стансалар мен ра-зъездерде өздерінің иелерін күтіп тұрған ауыл шаруашылық техникасының, құрылыс материалдарының көптігі көз сүрін-терлік еді.
Мәскеуден тағайындалып келген "жиырма бес мыңдықтар" – болашақ кеңшар директорлары мен аудан, облыс басшылары, жергілікті кадрларды ығыстырып, өз биліктеріне кірісіп кеткен-ді. Ал бұған дейін билік басында болып келген, қолдарынан іс келетін біздің азаматтарға тек қазақ аудандары мен шаруашылықтары мүшкіл шағын колхоздарды ғана басқару сеніп тапсырылған болатын.
Осы кезде шағын әңгіменің арқауы болмақшы Жұрқабайұлы Дәуітбай облысымыздағы Введен ауданында прокурор болып қызмет істейтін. Оны өз ісіне адал, әділ, қайырымды, ойын тура айтатын кісі деп еститінбіз. Ел азаматтарының оны Дәке деп сыйлауы да сондықтан болар.
Жетім-жесірге тірек, жылағанға жұбаныш болып жүрген Дәкең сол жылдың ақпан айында келесіз бір әңгімеге ілікті. Қарамағында көмекшісі болып қызмет істеп жүрген жұрдай жетім бір жас маман сол ауданда ауқатты бір кісінің қызымен көңілдес болып, оның ата-анасының алдынан өтуге барғанда, олар: – "жетімнің қолына ұстатып жіберетін қызымыз жоқ" деп қайырып жіберіпті. Бұны естіген Дәкең: "Шырағым, сен болашағың бар, өсетін жігітсің, үй болып кеткеніңді мен де құптаймын, ал, әке-шешең жоқ десе, құдалыққа әкеңнің орнына мен барайын", депті. Сөйтіп, Дәкең бір демалыс күні жақын бір ауылға ат шанамен бас құдалыққа аттаныпты. Құда болып, құйрық-бауыр жеп үйге оралғанда, ауданда бірінші хатшының нұсқауымен бір тілші Н.Некрасовтың "Генерал Топтыгин" шығармасының ізімен осы құдалық туралы бір фельетон мақала жазып, облыстық "Сталинский путь" газетіне жіберіпті. Бертінде газеттің жарты бетін алып жатқан осы көлемді мақаланы оқығаным бар еді. Мақаланың ортасында үш ат жегілген жеңіл шанада аюдың орнына үлкен тон киген адамның суреті көрсетілген. Аттар қарды боратып пәрменінше шауып барады, ал төменде: "құдалыққа бара жатқан Ввведен ауданының прокуроры Д.Жұрқабаев" деп көрсетілген. Уақыт өтсе де бұл келемеж сурет көз алдымда. Ауданда басшы қызмет істеп жүрген шенеуніктер туралы мұндай фельетондар тек қана бірінші хатшының нұсқауымен ғана газет бетінде жарияланатын. Ол кезде бұл "өзіне жағымсыз", "айтқанына көнбейтін" басшылардан құтылудың бір амалы болатын.
Дәкең бұған дейін өркөкірек, қарамағындағыларға тек өз ойындағысын істететін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысымен тіл табыспай жүрген көрінеді. Ол кезде партияның араласпайтын саласы жоқ,құқыққорғау органдарының беделін аяққа басып, кімді жазалау, ал кімге "рақымшылық" жасау, заңнан түсінігі жоқ осы функционерлер , көбіне телефон арқылы шеше салатын. Осының алдында бұл хатшы Дәкеңді талай рет заң бұзушылыққа итермелеп, өзінің тамыр-таныстарын қылмыстық жазадан құтқармақшы болыпты. Ырқына көне қоймаған Дәкеңе ол: "Айтқанымды істемесең партбилетіңді столға қой" деп те қоқан-лоқылық жасапты. Әділетсіздікке, заңсыздыққа бармайтын Дәкең, ашықтан ашық: "Партбилетті берген де, алатын да сен емессің, оны қан майданда, қақаған аязда, шабуыл алдында окопта алғанмын" деп қарсы шығыпты.
Ал Дәкеңнің өмір жолына қысқаша тоқтала кетсек, ол 1908 жылдың қаңтар айында Семиозер (қазіргі Әулиекөл) ауданы Тынымбике деген елді мекенде Жұрқабай деген дәулетті кісінің жанұясында дүниеге келіпті. Аталарымыз бұл кісінің байлығы туралы айтып отырғанын талай естігенім бар еді. Кеңес үкіметінің байлардың малын кәмпескелеп, өздерін жер аудару науқаны кезінде, жас Дәуітбай өмірдің көп қиыншылықтарын басынан өткізіпті. Қайда барса да – байдың баласына жол жабық.
Бірақ оның бойында оқуға деген үлкен құштарлық болатын. Ауылдық мектепті тәмамдағаннан кейін, ол осы аудандағы Сәрсенбай елді мекеніндегі кедей балаларына арнап ұйымдастырылған "Казкоммуна" оқу орнына түсуге ұмтылыс жасайды. Бірақ ол баяғы байдың баласы. Өміріне налып, қиналып тұрғанда, жақсыдан шарапат дегендей, сол кезде ауылдық советтің төрағасы болып жүрген Сәрсенбайұлы Мәулет деген атамыз, оны кедей балаларының тізіміне қосып жіберіп, осы оқу орнына түсуге көмектескенін ағаның өз аузынан естігенім бар еді. Содан кейін ол білімін жалғастырып, Қостанай педагогикалық техникумына түсіп, оны ойдағыдай аяқтағаннан кейін, сол туған ауылында бастауыш мектептің мұғалімі болып ағартушылық жұмыспен айналысыпты.
1932 жылы мал дегеннен аша тұяқ та қалмаған елге тағы бір нәубет – аштық келеді. Жұрт күйзеліске ұшырап, қырылып жатқанда,өзінің жақын туған-туыстарын алып еті тірі, көзі ашық Дәкең Башқұрт АССР Белорецк қаласына жол тартады. Онда ол ірі тау-кен басқармасына кадрлар жөніндегі столдың меңгерушісі деген қызметке орналасады.Үш жылдан кейін ол көптен жадында жүрген заң мамандығы жолына түседі. Башқұрт АССР әділет халық комиссариаты жанындағы заң оқу орнын тәмамдап, Белорецк қаласындағы адвокаттар коллегиясында адвокат қызметін атқарады.
1941 жылдың тамыз айында Белорецк қалалық әскери комиссариатымен әскер қатарына шақырылған ол, Ленинград майданы 82 зеңбірек батальонында қатардағы жауынгер болып соғысқа қатысады. 1942 жылы Ленинград қаласында кіші офицерлерді даярлайтын курсты тәмамдаған кейін, ол Волхов майданына жібері-леді. Осы жылы қараша айында окопта шабуылға дайындық кезінде ол партия қатарына қабылданады. Осы шайқаста ауыр жарақат алған Дәкең госпитальде емделіп шыққаннан кейін Симферополь қаласындағы миномет атқыштары училищесіне жіберіледі. Одан кейін 2 Украин майданы 272 атқыштар дивизиясында миномет взводының командирі ретінде Румынияны, Венгрияны, Австрияны және Чехословакияны жаудан азат етуге өз үлесін қосады. "Екінші дәрежелі Отан соғысы" орденімен, "Германияны жеңгені үшін", "Будапешті алғаны үшін", "Венаны алғаны үшін" медальдарымен марапатталған. Үш рет ауыр жарақат алған Дәкең 1945 жылы Жеңіспен елге оралады.
Облысымыздың Семиозер, Қарабалық, Введен аудандарында аудан прокурорының көмекшісі, соңғы төрт жыл Введен ау-данының прокуроры қызметін атқарады.
Жоғарыда айтылған мақаладан кейін Дәкеңе бұл ауданда қызметін жалғастыру мүмкін болмапты. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы өзінің билігін күшейте түсіп, оны партия қатарынан шығармақшы болып әртүрлі әрекеттерге барыпты. Ал басқа ауданға осындай тең бағалы қызметке бару туралы ұсынысқа ағасы принципті түрде келісімін бермепті.
Бұл тұйықтан шығу жолы Дәкеңнің ойына келіпті. Осының алдында ғана Қостанай ауыл шаруашылық техникумын сырттай бітірген ол,"партияның тың игеруге елге бару туралы саясатын құптаймын, мені ауыл шаруашылығына жолдамамен жіберулеріңізді өтінемін" деп республикалық прокуратура мен облыстық партия комитетіне арыз жолдайды. "Жақсы ұйымдастыру қабілеті бар жиырма бес мың коммунист тың және тыңайған жерді игеруге атсалыссын" деген Орталық Комитеттің саяси шешіміне ол кезде кім қарсы шығады. Сөйтіп Дәкең шаруашылығы мүшкіл Қарабалық ауданындағы Ленин атты колхозға басқармалық жұмысқа жолдама алады.
Жақында "Шоққарағай" шипажайында Досмұхамбетов Оразбай деген азаматпен бір палатада ем қабылдап, жатып таныстым. Жауапты қызметтер істеген, сауаты мол, адамға жақын кісі екен. Ол Дәкеңнің атын атағанда бір қызығушылық танытып, сұрастыра бастады. Жолым болғанда Орекең аға туралы көп жақсы пікірлер естіген екен.
Оның айтуынша, Ленин атындағы колхоздың орталығы Қияқты аудан орталығы Бөрлі елді мекенінен 60-70 шақырымдай жерде орналасқан қазақ ауылы екен. Бұл шаруашылық экономикасы кешеуілдеп қалған, жарамды техника деген жоқтың қасы, жыл сайын басқармасы ауысып жатқан колхоз болыпты.Тек қана Орекеңнің атасы Әуесханұлы Фазыл (көпшілік Баған деп атап кеткен) осы колхозда соғысқа дейін және кейін де тұрақты бригадир болып жұмыс істепті. 1941 жылы ол соғысқа алынып тұрған жерінен әскери комиссар: "Досмұхамедов сен колхозға керек адамсың, еліңе бар, майданға еңбек ет" деп, қызыл вагоннан түсіріп үйіне қайырып жіберіпті. Осы Фазыл атам Дәкеңнің адамгершілігі, жұмысты беріліп істейтіндігі, әділдігі туралы айтып отырғанын талай естіп едім, – дейді Орекең.
Дәкең сол жылы облыстық комитеттің қолдауымен жақын жатқан шағын колхоздарды біріктіріп, үлкен бір шаруашылық құрыпты. Жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, колхозға көптеген ауыл шаруашылық техникасын, дайын финн үйлерінің материалдарын жеткіздіріпті. Жаңа техниканы меңгеретін механизаторларды іздестіріп, кадр мәселесін қолға алыпты. Егін науқанын аяқтағаннан кейін, Дәкең бұрынғы көріксіз кәс үйлерді бульдозермен сырғытып тастатып, оның орнына еңсесі биік жаңа үйлердің қатарын түзетіпті. Ауылды көгалдандыру, аудан орталығына баратын жолды да назарынан тыс қалдырмапты. Бұрынғы ұсқынсыз ауыл енді құлпырып шыға келіпті.
Сол жылы Дәуіт ағайдың еңбегі жанып, шаруашылық бұрын-соңды бұл өңірде болмаған, гектарынан 30-40 центнерден астам егін өнімін алып, облыс бойынша жоғары көрсеткішке ие болыпты. Элеваторларға тасуға көлік жетіспегендіктен мол астық қырманда тау-тау болып үйіліп жатыпты. Халықтың еңсесі бір көтеріліп қалыпты.
"Дәкеңнің әділдігі, дүниеге, даңққа қызықпайтындығы емес пе", – дейді Оразбай, "сол жылдың күзінде ауыл шаруашылығы озаттарын марапаттау кезінде колхоз председателі Дәкең Ленин орденіне ұсынылыпты және оған қоса, ол кезде тауар тапшы, жеңіл автокөлік сатып алуына рұқсат беріліпті".
Бұны естіген Дәкең облыста тиісті орындарға барып, "колхоздың жетістігіне ұзақ жылдар суығына тоңып, ыстығына шыдап жүрген бригадир Фазылдың қосқан үлесі зор, әділдікке жүгінсек менен гөрі бұл жоғары наградаға ол лайық" деп өзінің пікірін айтып, марапаттау тізіміне осы кісіні қосуда табандылық көрсетіпті. Сонымен бір колхозда екі адамның омырауларына осы жоғары награда – Ленин ордені тағылыпты. Ал жеңіл көлік-автомашинаны жүр-гізетін менде ересек бала жоқ, оны да үлкен жанұялы Фазылға беру керек депті. Міне, бұл да ағаның әділдігі емес пе.?!
– Мен өзім аңшымын, жылда табиғаты бай сол туып өскен Қияқты ауылына барамын. Кешегі алыстан көз тартатын үйлердің орнында төпешіктер ғана қалған дейді Орекең.
Ал Дәкеңнің туған-туысқа, жетім-жесірге деген қайырымдылығы ерекше болыпты. Болашағы бар-ау деген жастарға өз көмегін аямаған кісі еді деседі. Семиозер аудандық прокурордың көмекшісі болып қызмет істеп жүрген кезінде тұрақты жұмысы жоқ, ауыл баласы Әлсейітұлы Сапа деген ағамызды милиция органына қызметке алғызады. Аға сенімін ақтаған ол, Ташкент қаласындағы одақтық милиция мектебін, Мәскеу қаласындағы ІІМ академиясын ойдағыдай тәмамдап, осы салада аудандық милиция бөлімінің бастығы, облыстық ішкі істер басқармасында жауапты қызметтер істеді. Осы салада отыз жылдай абыройлы қызмет істеп отставкаға шықты, "Милиция үздігі" белгісімен және басқа да медальдармен марапатталды.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін ағасы Семиозер ауданында адвокат болып қызмет істеді. Бұл салада да абыройлы, өз ісінің жақсы маманы екенін көрсетті. Бақытты жанұя, Рәзия жеңгеміз екеуі 3 қыз, 2 ер бала тәрбиелеп, бәріне де жоғары білім беріп, өмірге аттандырды. Ұлы Болат пен қызы Мәрзия Алматы ядролық институтта жауапты қызметте болды, тағы бір ұлы Дулат КГБ органының ардагері, полковник, қызы Баян медицина ғылымдарының кандидаты, кенжесі Жанат мемлекеттік қызметте болды.
Балаларыма бас-көз болайын деп Алматыға қоныс аударған Дәкең 1998 жылы немере-шөберелерінің арасында о дү-ниелік болды.
Дәкеңнің ақындық қасиеті де болатын. Оның кіндік қаны тамған ауылы, туған-туыстарына, балаларына арнап жазған өлең шумақтарын оқып отырғанда, ол кісінің көңіл күйі, рухани байлығы жоғары болғаны көрініп тұрады.
Жастарға осы Дәкең сияқты өмірдің қиындықтарын жеңе біліп, жоғары мәдениетті, еліміздің сыйлауға тұрарлық азаматтары болыңдар дегім келеді.
Ғалихан мәулетов,
заңгер-қаламгер.