Оқу ақысын төлей алмай жүр
Ата-ана қамқорлығынан айырылған әрі мүмкіндігі шектеулі жан Майгүл Бақытжанова Қостанай әлеуметтік білім колледжінің студенті. Ол ақылы бөлімде оқиды. Тұрмыстың төмендігінен оқу ақысын төлеу-ге қиналып жүр. Жас шәкірт бюджеттік топқа ауысқысы келеді. Сондықтан "Нұр Отан" партиясы ҚОФ қоғамдық қабылдауына жазылып, облыстық мәслихаттың хатшысы Сайлаубек Ещановтан көмек сұрады.
Қостанай әлеуметтік білім колледжінің директоры Марияш Қадыралинованың айтуынша, Майгүлдың оқуы төрт пен бес. Колледждің қоғамдық шараларына қатысады. Ән айтады, биді де билейді. Белсенді, білімді әрі тәртіпті студенттің оқу ақысына және жатақханасына жеңілдіктер жасалған. Ал, бюджеттік топқа келсек, колледждегі жетім балаларға арналған гранттар бос емес. Қосымша гранттар жоқ.
– Майгүлдің оқу ақысын төлеуге демеуші табамыз. Алдағы жазда құрылыс колледжіне тегін оқуға ауыстырамыз. Сондықтан, тек жақсы оқуы керек, – деді облыстық мәслихаттың хатшысы С.Ещанов.
Партияның қоғамдық қабылдауына жазылған тағы бір азамат – Оразбай Нұрғалиев. Ол 1 топтағы мүгедек, Денисов ауданының тұрғыны. Денсаулығына байланысты аптасына үш рет Қостанайға келіп емделеді. Яғни, жетісіне үш мәрте ауданнан облыс орталығына қатынайды. Емделу кезінде пәтер жалдап тұрады. Осының бәрі мол қаражатты талап етеді. Оразбай Нұрғалиевтің бар тілегі шаһардан уақытша баспана алу.
– Ауданнан қалаға қатынау мәселесін Денисов ауданының әкімімен келістік. Ал, уақытша баспана беру оңай шаруа емес. Себебі емделу кезінде азаматтарға уақытша пәтер беру заңда қарастырылмаған, – деді облыстық мәслихат хатшысы С.Ещанов.
Қымбат
ДОСЖАНОВА