Татулық пен бірлік – қазақстанның басты байлығы
Ел ішіндегі ұлтаралық татулықты нығайтуда маңызды конституциялық орган болып саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясының орны айрықша екенін атап өткен жөн. Бұл Ассамблея – бейбітшілік пен келісімді тиімді насихаттаушы қоғамдық институтқа, этносаралық және конфессияаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісінің негізіне айналды. Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалығы, Астана қаласында мемлекет басшыларының Саммитін өткізуді дүниежүзінің қолдауы мемлекетіміздің Конституция негізінде жүргізіп отырған салиқалы саясатының белгісі.
Біз қазіргі күні экономикалық жетістіктерді, әлеуметтік игіліктерді, саяси тұрақтылық пен мәдени өркендеуді бастан кешіріп отырмыз. Елдің қол жеткен табыстарына, біздегі орын алған татулық пен түсіністік жағдайларына әлемдік өркениет қызығушылық танытуда. Осының өзі көңілді марқайтып, туған елге, Отанға деген сүйіспеншілік сезіміңді арт-тыра түседі. Әрине, дос сүйсініп, дұшпан қызғана қарайтын жетістіктер оңайлықпен келіп жатқан жоқ. Бұл – ең алдымен қазақ халқының өз ішіндегі ауызбіршіліктің, жалпы, қазақстандықтардың ынтымақтастығы мен бірлігі арқасында жетіп отырған игілікті нәтижелер. Біздің міндетіміз – осы бірлікті алдағы уақытта да нығайта беру, күшейте түсу. "Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді" – деп қазақ халқы ел бірлігі жөнінде өте орынды айтқан.
Дәл қазіргі күні Қазақстан экономикасы қарқынды дамып, мәдениеті өсіп-өркендеп келе жатқан әлемдегі танымал да беделді мемлекеттердің біріне айналып келеді. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел үшін сіңіріп отырған еңбегін ерекше атап көрсеткен жөн. Біздің Елбасының алқалы жиындарда ортаға салған көптеген ұсыныс бастамалары әлемдік деңгейде мойындалып отыр. Негізі, Конституция ұғымы қазаққа жат емес. "Қасым ханның қасқа жолы", "Есім ханның ескі жолы", Тәуке ханның "Жеті жарғысы" делінетін қағидаттарда, тұжырымдарда, конституциялық идеялар көрініс тапқанын жасыруға болмас. Дала билігі – адамдарды адамгершілік пен ізгілікке, ерлік пен патриоттыққа, мейірім мен қамқорлыққа жетеледі. Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін далада қалдырмаған. Жер дауы, жесір дауы дегендерді түйінді, дәлелді, көңіл қоярлық сөздерімен шешіп отыр-ған. Бидің сөзіне хан да, қара да құлақ қойған.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналған "Конституция – мемлекеттің демократиялық дамуының негізі" атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөйлеген сөзінде былай деген еді: "Конституция бойынша, заң бойынша өмір сүру – жай ғана қажеттілік пен азаматтық міндеттілік емес. Бұл – азат адамдардың артықшылығы. Өз құқықтарының бағасын біліп, басқалардың да осындай құқықтарын мойындайтын адамдардың артықшылығы. Осындай жағдайда ғана біз – жеке азаматтар емес, Қазақстан халқымыз, тұрғындар емес, қоғамбыз, азаматтық қоғамбыз. Географиялық кеңістік емес, бізді біріктіретін – еліміз". Бұдан қандай ой түюге болар еді?! Әрбір азамат өз ортасы мен қоғамын құрметтей білуі тиіс. "Ауылына қарап, азаматын таны" деген ертеден келе жатқан бір сөз бар емес пе?! Сол айтылғандай мемлекетіне қарап, азаматын танып-білуге болатын заманға да келдік. Мемлекетіміз қайтсе дамиды, өркендейді? Бұл – замандастарымыздың өз міндетіне деген жауапкершілікті түсінуіне, әділдік пен адалдықты басты ұстаным ретінде алуына тікелей байланысты.
Алда әлі талай жауапты сындар бар. Өткеннен ой түйе отырып, жарқын болашаққа ұмтыла беру – парыз. Ең бастысы – туған елімізге деген сүйіспеншілігімізді арттырып, мұрат-мүдделерімізді талаптағыдай атқара білейік. Қол жеткен табыстар Тұрақтылық Отанымыздың басты байлығы – тыныштық пен бейбіт өмірге Конституцияның негізінде қол жеткіздік. Осыны түсіне білуіміз қажет.
Биылғы жыл – Тәуелсiздiгiмiздiң жиырма төрт жылдығы. Бұл – азат Қазақстанның ең қастерлi құндылығы, халқымыздың сан ғасырлық қаһармандық тарихының ажырамас асыл бөлiгi. Өткенге ой жүгiртiп, санамызбен зерделемей болашақты бағдарлау оңай болмайды. Елiмiздiң 24 жылда қол жеткiзген жетiстiктерi ерекше. Отанды қалтқысыз сүю оның суығына шыдап, ыстығына күюдi талап етедi. Бұл жолда бiздiң ең басты байлығымыз – берекелi бiрлiгiмiз.
"Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстан-ған жолы дұрыс болады" деген даналық сөз бар. Олай болса, ынтымағы мен бiрлiгi жарасқан елiмiздiң көк байрағы көкке желбiрей берсiн, тәуелсiз елiмiз жайнап, гүлдене түссiн. "Ырыс алды – ынтымақ" атты қанатты қағида мызғымас бiрлiгiмiздi, берiк ауызбiршiлiгiмiздi, кiшiпейiл iзгiлiгiмiздi нығайта түссiн, игi iстердiң жалғасуына жол аша берсiн!
Эргашвой ХОЛМЕТОВ,
Қостанай облыстық тәжік-өзбек орталығының төрағасы.