Өндіріске өріс кең

– ҮИИД арқылы Арқалық қаласында жүзеге асып жатқан нақты жобалардың бірі – жылына 300 млн. жұмыртқа өндіруге қауқарлы "Агроинтерқұс" фабрикасына үлкен үміт артып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, бұл нысан осыдан төрт жыл бұрын пайдалануға берілді. Жоба жүзеге асқалы бері кәсіпорын жұмысы алға баспаса, төмендеген жоқ. Бүгінде мұнда 581, 778 құс өсіріледі. Өткен жылы 100, 07 млн. дана жұмыртқа өндірді. Кәсіпорын 242 адамды жұмыспен қамтып отыр, – дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дархан Хамзин.
Өңірде қолға алынған тағы бір қуатты жоба, ол мал бордақылау алаңы. Мұны "Нұр-жайлау НС" серіктестігі іске асырды. Болашақта серіктестік 3000 ірі қараға дейін өсіріп, ет өндіруге тиісінше үлес қосуды мақсат етіп отыр. Сол арқылы Торғай өңірінің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, халықты жұмыспен қамтуға белсене араласпақ. Жоба облыстың индустрияландыру картасына кірген. Әзірге шаруашылықта 140 адам жұмыс істейді.
Арқалықта қуаты 48 МВт. жел электр станциясының құрылысы басталғанынан да жұртшылық жақсы хабардар. Бұған "Каz Wind Enеrgi" ЖШС-і тапсырыс берген. Жобаның жалпы құны 15 млрд. 850 млн. теңге. Бұл да облыстың индустрияландыру картасына енгізілді. Қазіргі уақытта жобаны қаржыландыру үшін халықаралық қаржы институтымен келіссөздер жүргізілуде. Яғни оның жүзеге асу мерзімі 2016 жылға дейін ұзартылған. Әзірге өндірістік нысанның құрылыс жұмыстарына 50 адам тартылды. Ал, кәсіпорын іске қосылғанда қосымша тағы 10 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Дамудың даңғыл жолына түскен өңірде бұдан басқа тың жобалар таяу болашақта ел игілігіне айналады дейді мамандар. Мәселен,
"Нұр-жайлау АСТЫҚ" ЖШС сыйымдылығы 32 000 тонна астық және майлы дақылдарды сақтау желілік элеваторын салуға ықылас білдірді. Жалпы құны 714,0 млн. теңгеге бағаланған кәсіпорын іске қосылғанда 30 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап қойыпты. Өндірістік нысан 2016 жылы пайдалануға беріледі. Дәл осындай жобаны "Эксклюзив" серіктестігі де қолға алды. Сыйымдылығы 12 000 тонна астық және майлы дақылдарды сақтау желілік элеваторының құрылысы үстіміздегі жылы аяқталады.

Ел дамуының тірегіне айналған ҮИИД бағдарламасы арқылы бақша өнімдерін өндіру және сақтау, қаладан мал сою пунктін ашу, кірпіш зауытын салу көзделген. Осы жобалар жүзеге асқан жағдайда қалада тағы да 100 адамға жаңа жұмыс орны ашылады.

Мұрат
ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы.
Суреттерде: Арқалық қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дархан Хамзин; жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалар.
Суреттерді түсірген автор.