“Ақылды Қостанай” алақаныңызда
Кез келген қызмет түрін ұялы телефоныңыз арқылы ала аласыз. Бұған SmartQostanaı мобильді қосымшасы мүмкіндік бермек. Өткен жылы іске қосылған жобаны, әзірге, тұтынушылар аз. Сондықтан қалалық әкімдіктің цифрландыру бөлімі мамандары таныстыру, түсіндіру жұмыстарын бастады.
Бұл қосымша білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, ТКШ, транспорт, туризм және сауда-саттық секілді салалар бойынша қызмет алуға арналған. Аймақ тұрғындар қалаған уақытында ақпараттық, интерактивті және транзакциялық жәрдемге қол жеткізе алады.
SmartQostanaı мобильдік қосымшасын бүгінде екінің біріне таныс AppStore және Google Play Market жүйелері арқылы жүктеуге болады. Бұл "ақылдыңыздың" тағы бір кереметі – тіркелген абонентке жолдардың жабылғаны туралы, сабақтардың болмауы секілді көптеген күнделікті хабарламалар сұратпай-ақ келіп отырады.
"Ақылды Қостанайды" таныстыру жұмыстарын қалалық әкімдіктің цифрландыру бөлімі мамандары қолға алып отыр. Олардың көздегені – мобильдік қосымшаның алдағы уақытта белсенді тұтынысқа енуі. Сондықтан алғашқы ақпараттық-түсіндіру шарасы Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ-де өтті. Студенттер қауымы бұл жүйеге ерекше қызығушылық танытқандай. Жиын барысында жастар SmartQostanaı-дың жан-жақты мүмкіндіктеріне көз жеткізгендерін айтады.
Расымен де, қосымшаны қолдану арқылы көп қызметке саусақтың ұшын қимылдатып қана әп-сәтте ала қоюға болады. Айталық, қостанайлықтар әкімшілік айыппұлдар, темір жол кестесі, авиабилеттер туралы ақпаратқа қанығып, коммуналдық төлемдер жүргізіп, секциялар мен үйірмелерге жазыла алады. Өз емханасын анықтау, дәрігер қабылдауына тіркелу, үйге жедел жәрдем шақыру, тіпті ЖОО жатақханаларына студенттерді орналастыру процесін де жеделдету осы жүйе арқылы оңайдың оңайына айналмақ.
Қалалық әкімдіктің цифрландыру бөлімі мамандары мобильді қосымшаны қостанайлықтарға насихаттау жұмыстарын жалғастыра түспек ниетте. Олар SmartQostanaı-дың жуық арада-ақ тұрғындардың тұрмыс салтына айналарына кәміл сеніммен қарайды.
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков