Арзан көліктің азабы
"Қазақстандықтар барлығын сатып алып жатыр. Аз-мұз бірдеңелер ғана қалды. Жылдар бойы қалыптасқан 500-600 мың рубльдік сегментті жай ғана жұлып әкетті. Барлығы рубльдің құнсыздануынан басталған еді".
Бұл ресейлік басылым таратқан ақпарат. Статистикалық деректерге сүйенсек, Қостанайдың өзіне желтоқсан айында 1500-ден астам көлік әкелінген. Челябі мен Самара қалаларындағы сатылымда тұрған автокөліктердің 70%-ға жуығы Тобыл өңірі тұрғындарының еншісіне тиіпті.

Қаңтар айының басынан бері Қостанайдың Садовая көшесіндегі тіркеу-экзамендеу бөлімінде жұмыс қызған. Ресейден автокөлік әкелген қостанайлық жүргізушілер мемлекеттік тіркеу белгілері мен нөмірлерді алу үшін кезек күтуге мәжбүр.
– Челябіден 2011 жылы шыққан KIA көлігін алып келдім. Оны тіркеу үшін бір аптадан бері осында келіп жүрмін. Кеңесші-мамандар халықтың көптігінен әлі бір аптадай күтетінімді айтты, – дейді қала тұрғыны Дулат Малшыбаев.
Тіркеу-емтихан бөлімі бастығының орынбасары Аслан Балғабаевтың айтуынша, мұндай қарбаластың себебі Ресейден әкелінген көліктердің көптігі екен. Көліктерді тіркеу үшін сатып алынған жерге сұраным жіберіледі, содан кейін көліктің РФ-нан шығарылғандығы, ұрланбағандығы жайлы анықтаманы күту керек. Жауап келгеннен кейін ғана жүргізушіге нөмір белгісі беріліп, көлік Қостанайға тіркеледі.
Қасқырбай Қойшыманов.