Қабидолла ОРМАНОВ, Науырзым ауданы әкімінің орынбасары: Ізденіссіз, іс бітпейді

аким наурузумОблысымыздың оңтүстігінде орналасқан аудандардың негізгі кәсібі  – мал және егін шаруашылығы. Олардағы шаруашылықтар осы бағытта жемісті жұмыс жасап келеді. Осы орайда 2014 жылғы егін орағы науқанының қорытындылары және биылғы көктемгі  егіске дайындық, мал шаруашылығын дамытуға байланысты атқарылып жатқан шаралардың барысы туралы Науырзым ауданы әкімінің орынбасары Қабидолла Ормановты әңгімеге тартып, сұхбаттасқан  едік.
– Қабидолла Қангелдіұлы, былтырғы жылы егін орағы науқаны ауыр өткені белгілі. Бірақ соған қарамастан облысымыз бойынша жақсы деңгейде астық жиналды. Әрине, сіздің аудан үшін оңай болған жоқ шығар. Өткен жылдың сабақтары егіс жұмыстарына ерте қамдануды талап етеді ғой. Сондықтан биылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындықтың барысы туралы айтып өтсеңіз?
– 2014 жылдың  қорытындылары бойынша жаздық дәнді-дақылдар – 193,8 мың гектар, майлы дақылдар – 8,1 мың гектар, көкөніс-бақша дақылдары – 0,06 мың гектар, картоп – 0,08,6 мың гектар, біржылдық шөптер – 1,3 мың гектар жерге егілді. Табиғаттың қолайсыздығына қарамастан,  ауданымыз бойынша астықты дер кезінде жинап, нау-қанды 25 қыркүйекте толықтай аяқтап шықтық. Өткен жылдың қиын болғаны рас. Ауа райының қуаңшылығы біздің өңір диқандарына да оңай тиген жоқ. Соған қарамастан диқандарымыз бен мамандарымыз аянбай еңбек етті. Қуаңшылықтың салдарынан және агротехникалық шаралардың жеткілікті жасалмауынан жоғары деңгейде өнім жинай алмадық. Алайда егін орағын өткізуге әзірлігіміз сақадай-сай болды. Техника да, адам күші де жеткілікті болды. Соның ар-қасында науқанды ерте аяқтадық. Өткен жылдың қорытындылары бізге көктемгі егіс жұмыстарын дер кезінде әрі сапалы жүргізуді міндеттейді.
Алайда, сараптай келгенде 2015 жылғы көктемгі жұмыстарына 25 мың тонна тұқым жетіс-пеушілігі байқалып отыр. Бұл мәселе мемлекеттік тұқым ресурсының есебінен толықтырылып, алдағы уақытта толықтай шешілетін болды. Жұмысты тиянақты жүргізу үшін аудан ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне 7344 тонна жанар-жағар май  керек.
 Осы мәселе шешілсе, былайғы әзірлік жұмыстары ойдағыдай жүріп отыр. Егістікке қар тоқтату ісі де межеленген деңгейде жүруде. Жұмыс барысын жіті назарда ұстап отырмыз.
– Ауданда мал шаруашылығын дамытудың барысы қалай? Жаңа  бастамалар бар ма?
– Өзіңіз білетін боларсыз, мемлекетіміз мал шаруашылығы өндірісінің көлемін, сапасын және бәсекелестігін арттыру, малдың санын, тұқымын асылдандыру мақсатында ауыл шаруа-шылығы тауарларын өндірушілерді үнемі колдап келеді. Бұл тарапта "Сыбаға", "Алтын асық", "Құлан" т.б. бағдарламалар ар-қылы мемлекет мал өсірушілерге төменгі пайызбен несие беріп қолайлы жағдай туғызып отыр. Асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау мақсатында (ірі қара мен қой) селекциялық жұмыстарды жүргізуге көңіл бөлінеді және асыл тұқымды төлдерді, бұқалар мен қошқарларды, ай-ғырларды сатып алу үшін субсидия береді. Мал шаруашылығы өнімдерінің  көлемін ұлғайту мен сапасын арттыру мақсатында, сиыр, бұқа, жылқы, қой малдары мен құстарға арналған азықтың құнын арзандату үшін субсидиялау қарастырылып отыр. Міне, мен өз басым осылардың барлығын мал шаруашылығын дамытудағы жаңа бастамалар деп есептеймін. Бұл – мемлекетіміздің өркендеп отырғанының белгісі.  Бұрын мұндай арнайы бағдарламалар ешқашан да болған емес. Елбасымыз атап көрсеткендей, мал тұқымын асылдандырмай болмайды. Бұл жұмыс жүйелі түрде жүруі керек. Өнімді аз беретін 10 сиыр ұстағанша, сол 10 сиырдың сүтін беретін 2-3 сиыр ұстаған әлде-қайда тиімді. Сол сияқты 10 ірі қараның етін беретін 2-3 ірі қара ұстаған пайдалы. Біз негізінде аз шығын шығарып, мол өнім алудың жолын іздеуіміз шарт. Сапасыз көп мал ұстағанша, асыл тұқымды аз мал ұстаудың маңызы зор. Бұл ретте  жем мен шөптің де үнемді пайдаланылатынын айтып отырмын.
Жалпы "Агробизнес–2020" салалық бағдарламасы шеңберін-де мал шаруашылығы саласындағы іске асырылып жатқан  бағыттар бойынша инвестициялық субсидия қарастырылатыны да мал өсірушілер үшін тиімді. Негізінен осы саладағы еңбек етіп жүрген мал өсірушілер жоғарыда аталған бағдарламалардың барлығын тиімді пайдаланып қалулары керек. Олар өмір бойы тұра бермейді. Мал шаруашылығын дамыту үшін уақытша жасалынып отырған  бұл бағдарламалардың игілігін көру – мемлекетіміздің қамқорлығына бөлену деген сөз.
– Мал шаруашылығы өркендеу үшін құнарлы жем-шөптің жөні бөлек қой?
– Иә, малдың санымен, өнімділігін көбейту үшін ең бірінші – сапалы әрі мол жем-шөп қоры жасалынуы керек. Онсыз нәтиже болмайды. Екінші кезекте мал тұқымын асылдандарып, өнімін арттыруға қол жет-кізу керек. Сол сияқты көктем, жаз және күз айларында шөбі шүйгін жайылым болғаны жөн,  6 ай жазда мал таза су ішкені абзал. Атамыз қазақтың "Жазда су семіз" деген нақылы талай ғасырлық тәжірибеден алынған ғылыми тұжырым іспетті. Міне, осы айтылған мәселелер шешімін тапса малдың көбеюіне мүмкіндік болады.
Біздің ауданымызда табиғи  жайылымдық және шабындық жерлер мен өзен-көлдер, басқа да су көздері жеткілікті. Тек сол жерлер мен суларды рәсуаламай, бір-бірімізден қызғанбай дұрыс пайдалана білсек, жетіп жатыр.
Енді ауданымыздағы төрт түліктің санына келетін болсақ: ірі қара – 16 724 бас (2013 жылмен салыстырғанда 107,9%), қой-ешкі – 27 073 бас, жылқы – 4994 бас, шошқа – 10 845 бас болып отыр. Өткен жылы  – 3424 тонна ет (2013 жылмен салыс-тырғанда 101,8%) ,  13 042,1 тонна сүт, 4778,1 жұмыртқа өндірілді. Жалпы мал шаруашылығы бойынша көрсеткіш 102,1% құрап отыр.
– Аудан бойынша мал ша-руашылығымен айналысатын субъектілер қанша?
– Аудан бойынша мал шаруашылығымен айналысатын 78 шаруа қожалықтары бар. Олардың ішінде 2 үлкен шаруа қожалықтары (500 бастан артық), 17 орта шаруа қожалықтары   (100 бастан 500 басқа дейін), 59 шағын шаруа қожалықтары  (100 басқа дейін) бар.
– Ауыл шаруашылығы саласында қандай инвестициялық жобалар іске асырылмақшы?
– Ауданымыз бойынша  аталған сала бойынша іске асырыл-ған және іске асырылып жатқан бірқатар инвестициялық жобалар бар. Атап айтқанда: Шилі селолық округінде  "Аман – Терсек" ЖШС-де 590 бас ірі  қара малға арналған жабық алаң салынуда. Жоба құны – 300 млн.теңгені құрайды. Мұнда жылына 80 тонна ет өндіру көзделіп отыр. Сонымен қатар, Буревестник селолық округінде алдағы уақытта 3 000 бас ірі қара малға ар-налған ферма салу жобасы іске асырылуда.  Жобаны  жеке кәсіп-кер М.М.Оджахвердиев жеке өз қаражатымен іске асырып жатыр. Бұл жоба 2016 жылы іске толық  қосылады.
Сол сияқты  Өлеңді ауылындағы "Сырымжан" серіктестігі  500 бас ірі қара малға арналған ферма салуды  жоспарлап отыр. Жобаның құны – 120  миллион теңге. Мұның 20 миллион теңгесі серіктестіктің өз қаражаты. Бұл ферма да 2016 жылы қазан айында  толық іске қосылады.
– Енді  техниканың қолданысы туралы айтып өтсеңіз.
– Өткен жылы ауданымыз бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 96 бірлік техника алды. Мұның – 60-ы әртүрлі маркалы тракторлар,  астық комбайндары – 14, 3-еуі егіс кешендері. Бұл техника дәнді-дақылдар алқабының 60 пайызына тұқым себуге мүмкіндік жасайды. Сол сияқты астықты жинар кезде де осындай деңгейге қол жеткізеді.
– Құрметті Қабидолла Қангелдіұлы, жүйелі әңгімеңіз үшін "Қостанай таңы" газеті редакциясының ұжымы атынан алғысымызды білдіреміз.
– Сіздерге де аталмыш газет бетінде ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстарды облыс жұртшылығына таныстыру үшін мүмкіндік жасағандарыңыз үшін Науырзым ауданының халқының атынан алғыс айтамын.
Ақнұр
       МҰСАБАЕВА
Суретте: Науырзым ауданы әкімінің орынбасары Қабидолла Орманов.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓