Халқының құрметіне бөленген

Әбдісадық Нұржанов туралы сөз
1.Ұрпақ үшін еңбек етті
Абдисадык НуржановҚұланбай ТЕМІРОВ,
КСРО оқу ісі үздігі
Әбдісадық Нұржанов 1972 жылы Бай-ғабылға кеңшар директоры болып келгенде ескі мектепте оқитынбыз. Келісімен ауылдың күншығыс жақ бетінен ірі товарлы – сүт кешені, малшы-шопан, сауыншылар, мамандарға арналған тұрғын үйлерді салуды бастады. Мал басы өсіп, көшіп келушілер, онымен бірге мектеп оқушылар саны көбейді. Жоғары жаққа сөзін өткізіп, қажеттілікті түсіндіріп,  ауыл орталығынан үш қабатты мектеп үйін салғызуға қол жеткізді. Қаражат жетпейді деген сылтаумен үшінші қабатты салмайды деген сыбыс шыққан еді. Әбекең әр сатыдағы басшы біткенді аралап жүріп, өзіне сай табандылығы нәтижесінде, мектеп үш қабатты қалпында пайдалануға берілді. Әбекең кеңшарды облыстағы үлгі-тірек шаруашылығы дәрежесіне көтеріп қоймай, орта мектептің де оқу-тәрбие процесін жақсартуына ықпал етті.
Мен өмірімде ондаған шаруашылық басшысымен жұмыс істедім. Әбекең со-ның бәрінен де білімі, біліктілігі, ұйымдастырушылығы, елге, жас ұрпаққа деген жа-нашырлығымен ерекшеленетін жан еді. Педагогикалық кеңестер, ата-аналар жиналысына уақыт тауып қатынасатын. Мектепке материалдық көмек көрсетіп қоймай, мұғалімдер алаңсыз жұмыс істеу үшін жағдай жасайтын, пәтер беретін, малына жем-шөпті, үйіне отынды бірінші кезекте түсіріп беретін. Түрлі мерекелерде мұға-лімдерді сый-сияпаттан құр қалдырмайтын.
Бала тәрбиесіне мән бермейтін кейбір ата-аналарды тезге салатын. Демалыстардан кейін оқушыларды мектепке жинауға арнайы  көлік  бөліп, кейбір жырақта жатқандарды бас мал мамандарына, бөлімше меңгерушілеріне міндеттейтін. В.И. Ленин атындағы мектеп- интернатты бізге көшіріп әкелгеннен кейін екі қабатты интернат үйін салғызды. Қажетті жиһаз, киім, оқу құрал-жабдықтары, асхана қажеттіліктерін шаруашылық есебінен алып берді.
 
2.Бағдаршам болар еді
Д.БАЗАРОВ,
еңбек ардагері
 
Ә. Нұржанов директор болып келгенде бәрімізді үрей билеп, қорықтық. Бірнеше маман келген бетінде жұмыстан шығу жөнінде арызымызды бердік. Сол арызды бес жылдан кейін кетерінде өзімізге қайтарды ғой. Ел арасы болған соң әртүрлі әңгімелер бола береді. Мен шаруашылықта ондаған директормен жұмыс істедім, соның ішіндегі білгірі де, біліктісі де, мәдениеттісі де, шешені де , көсемі де Әбекең еді ғой. Ол кісінің ең басты қасиеті – өзі басқарған ауыл адамдары үшін жақсылықты, пайдалы іс жасау болатын. Көп ізденіп, көп оқитын. Басқа жерлерге сапарларға шыққанда жақсылықты іс болса ауылға келгеннен кейін жүзеге асыратын.
Мен шаруашылық жөніндегі орынбасары болғандықтан ол кісімен таңды бірге аттырып, күнді бірге баттыратынмын. Тапсырмасын ұмытпайтын, мезгілінде ескертіп, орындалмай қалған жағдайда тексеру жүргізіп, себебін анықтайтын, жазықсыз жазаламайтын. Ауылға су құбырын тарту өте қиындықпен жүзеге асты. Әуелі Сынтастан тартылуы жоспарланып, кейін-нен мүлдем тартылу мүмкіндігі жоқ деп шешілді.
Әбекең беделі мен қажырлылығы, бірбеткейлігі арқасында жоғарыдағы басшылар, облыстық мекеме жетекшілерімен айқаса жүріп, ақыры Кемерден тартқызды. Су келіп еді, ауыл жайнай түсті. Механикаландырылған мал қорасы, бордақылау алаңы жұмысы жақсара түсті. Ел ауласына көкөніс, гүл өсіре бастады. Көшелерге біркелкі ағаш қоршау орнатылып, ауыл ажары кірді.
Әбекең әуелі өзі жанын аямай жұмыс істейтін. Тынығу, тыншығуды білмейтін еді. Аудандағы суретші, мүсінші Әбілбек Ұзақовпен шығармашылық байланыста болып, көп жұмыстар атқардық. Шаруашылық қонақ үйінде жатқан әр сала мамандары ол кісінің жан-жақтылығына таң қалатын. Мұражайды түсіруге келген республикалық теледидар қызметкерлері онымен сұхбатта өздері білмейтін көп нәрселерге көздері ашылғанын айтып, таң қалған. Мен ынталы топ мүшесі ретінде ауылда жұмыс істеп тұрған аз ғана ұжымның бірі – жергілікті мектепке Ә.Нұржанов есімін беру елді, жастарды жақсы істерге жетелейтін бағдаршам болады деп ойлаймын.
 
3.Жаратылысы бөлек жан
Айтбай МҰЗДАХАНОВ,
Қазақстанның  еңбек сіңірген мәдениет қызметкері
 
Әбекең ірі шаруашылық ұйымдастырушысы ғана емес, адамның ойын бет-жүзінен оқып тұратын психолог еді ғой. Әртүрлі жағдайлармен еңсесі түсіп жүргендерді бірден байқайтын, жеке қабылдауына шақырып, көмек көрсететін. Ол кісінің алдында болған сол ұнжырғасы түскендер, кейіннен жайраңдап шығатын. Айтуға ауыз бармайтын бақытсыздыққа ұшырап, бір қолымнан айрылғаннан кейін мен де күйзелісте болып, шығармашылықты тастап кеттім. Менің осы жағдайымды бақылаған Әбекең бір күні кабинетіне шақырды. Қандай адаммен қалай сөйлесуді білетін көреген кісі ғой. Бүкшиіп отырған мені аяусыз ресін келіп.
– Өнер адамының шығармашылығын тастағаны – өлгені. Тәңірден сыйланған сазгерлік қабілетіңмен өмірлік қоштасқаның ба? Сен сондай әлсіз, бейшара деп ойламаушы едім. Қиындыққа қара нардай қасқая қарсы тұрар еркек емессің бе? Жүдеген, жүнжіген мына түрің не? Қолың жоқ болса саусақ орнына бірдеңе байлайсың ба, өзің білесің. Шығармашылығыңды жалғастырасың. Ел сенен жақсы ән, тартымды күй күтеді. Ел талабын орындай алмайтын болсаң маған дос та, іні де емессің, – деп түйдектете сөйлесін келіп.
Бір жеті қиналыста жүріп, шолақ қолыма сым байлап, домбырамды қолға алдым. Кеудемді кернеген күмбірлеген күй, сыңғырлаған ән бірінен соң бірі өмірге келіп жатты.
Нұржанов менің өнерімді, шығармашылығымды қайтадан дүниеге әкелген екінші рухани әкем еді. Ауылда үлкен ғимарат салып, музыка мектебін ашып, мамандар алғызып, пәтер берді. Мектептің бүкіл музыкалық құрал-жабдықтарын әперді. Мұғалімдерге еңбекақыны шаруашылық есебінен төледі. Жасбуын орта мектебіне, оқушыларға деген қамқорлығы ерекше еді ғой. Жаратылысы, ойлауы, ісі бөлек жан еді.
 
4.Нұржанов тағылымы
Қайролла БӘЙДІЛДИН,
Ұлы Отан соғысы ардагері
 
Егер табысқа жету жолдарына талдау жасап, таратып, айтар болсақ, біріншіден, Әбдісадық Нұржановқа педагогикалық білім мен оның психология саласы көп септігін тигізді. Оқу мен ізденістің арқасында ол ауыл шаруашылығын ұйымдастырудың негіздерін жете білді. Психология еңбекші бұқараның тыныс-тірлігін зерделеуге көмек берді. Жас шағында әкеден алған өнеге – Әбекең үлкендердің, ауыл ақсақалдарының ақыл-кеңесіне, олардың табиғат тылсымдарын дөп танитын тәжірибесіне үнемі жүгініп отырды.
Екіншіден, халықтың денсаулығын, тұрмысын, назарында ұстап, олардың рухани қажеттілігін өтеуді, ауыл мәдениетін көтеруді ойлады.
Үшіншіден, жастар саясатын жақсы білді, олардың қалаға қашпай, ауылда еңбек етуіне, еңбекті оқумен ұштастыруына барлық жағдай жасап берді. Көркемөнер мен спортты дамытты. Демалысын ұйымдастырды.
Төртіншіден, ауыл еңбеккерін ауыр қол еңбегінен босату, мал шаруашылығын толық механикаландыру арқылы еңбек өнімділігін  арттыруға бағытталған өнертапқыштық жұмысты өрбітті. Бұған жас мамандарды  жұмылдырды. Олардың теориялық білімін практикада іске асыруына барлық жағдайлар жасалды. Жастарға қолдау  көрсетіліп,  жұмыс  учаскелерін басқару мен ұйымдастыруға бейімдеді.
Аманкелдді ауданы.
Суретте: Әбдісадық НҰРЖАНОВ.
Дайындаған Сәлім Меңдібай.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓